Аймақтар • 27 Ақпан, 2019

«Ақжайықтан ән оздырған...»

731 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Ақжайықтан ән оздырған...»

Ол негізін салған әншілік мектеп ерекше орындаушылық шеберлікті қажет етеді. «Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған, ей, Ғареке! Қасиетті қазына жыр, байтақ ән», деп Төлеген Айбер­генов жырға қосқан қа­зақ музыка мә­дениетінің құбылысы Ғарифол­ла Құрманғалиевтің туғанына биыл 110 жыл. Мұхит мұрасын наси­хат­таушы, ғажайып әнші-компо­зи­тордың құрметіне арналып Атырауда республикалық байқау өтті.

«Ақжайықтан ән оздырған» деп аталған әншілер байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен дәстүрлі өнерді дәріптеушілер қатысты. Атырау облыс­тық әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Дина Нұрпейісова атын­дағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі ұйымдастырған шара екі күнге созылды. 

– Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музы­касы­ның мың жылы» жобаларын айрықша атап өтті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы да ұлттық өнерді ұлықтау бағытындағы игі істерге арқау болып отыр. Бұл шара Мемлекет басшысының осы бағдар­ламаларын жүзеге асыруды мақсат етеді, – деді байқаудың ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, Батыс Қазақстан облыс­тық Ғ.Құр­манғалиев атындағы филармо­нияның әншісі Қатимолла Бердіғалиев бастаған қазылар алқасы дүбірлі өнер додасына қатысушыларға баға берді. Байқау нәтижесінде жүлделі бірінші орынды маңғыстаулық Нұрым Асқаров пен батысқазақстандық Данияр Елеусінов жеңіп алды. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

АТЫРАУ