27 Ақпан, 2019

Электронды жүйеге көшіріледі

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Электронды жүйеге көшіріледі

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес мұрағат қорын келешек ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуді мақсат етеді. Ал халықтың осынау мол мұрасын сақтап қалу «Архив-2025» бағдарламасын жүзеге асырумен ты­ғыз байланыста жүзеге асатын болады. Осы мақсатта Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивінде өткен «Электронды құжаттардың бірыңғай мұрағаты» тақырыбындағы дөңгелек үстелде құнды құжаттарды электронды әрі бірыңғай автоматтандырылған ақп­арат­тық жүйеге көшіру мәселелері талқыланды. 

Бүгінде 1 миллионнан астам қоры бар Орталық мемлекеттік архив ди­ректорының міндетін атқарушы Арнұр Қарымсақовтың айтуынша, құжаттық дереккөздердің толыққанды кешенін сақтау және оларды жан-жақты пайдалану барысында сандық жүйенің рөлі жоғары. Оның нәтижесінде көптеген сирек қолжазбаларды ұзақ сақтауға әрі ежелгі дәуірлерден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік ашылады. Қазіргі таңда мемлекеттік мұрағаттардың бір мил­лионға жуық тарихи жазба деректері іздену­шілерге қолжетімді. Алдағы уақытта толғандырған сұрақтар бойынша бірыңғай байланыс орталығы арқылы құжат айналымындағы архив деректері туралы мәлімет алуға болады. Ал құнды құжаттардың қазынасын сандық жүйеге енгізудің маңыздылығына тоқталған «InesSoft» жобасының жетекшісі Әлия Байдүйсенова алдағы уақытта кез келген ізденуші архив дереккөздеріне бірегей электронды қор арқылы қашықтықтан қол жеткізе алатындығына тоқталып, бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.

Шараға қатысқан Қазақстан Прези­денті Архиві Кино-фото құжаттар мен дыбыс таспалар орталық мемлекеттік архиві, Ғылыми-техникалық құжаттар орталық мемлекеттік архиві, Орталық мемлекеттік архиві мамандары ақпа­ратты сақтау және реттеудің оңтайлы жолдарын қарастыру туралы пікірлерін білдірді. 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ