Басқарма төрағасының айтуынша, ұлттық арна биылғы көктемгі телемаусымын Наурыз мерекесіне орай бастауды жоспарлап отыр. Яғни, «Наурыз-думан» атты мерекелік жоба аясында туысқан Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің жыл басын тойлау дәстүрі жайлы сюжеттер мен арнайы сұхбаттар ұйымдастырылып, «Қош келдің, әз Наурыз» атты халықаралық телекөпір орнамақ.
Сонымен қатар 13 наурыздан бастап Ұлттық арна эфирінде «Топыраққа тамған тер» атты жаңа телехикая шығады. Телехикаяда еңбек, туған жер, алтын бесік – ауыл өмірі тереңдей көрініс тапқан. Ал 21 наурыздан бастап «EQUUS. Жылқы тарихы» трилогиясы көрерменге жол тартады. Бұл туынды арқылы көрермендер жылқының адамзат тарихындағы рөлі, шығу тегі жайлы тың ойлармен таныса алады.
Оның сыртында жаңадан алты тың жоба қолға алынуда екен. Олар жастарға арналған «Серпін» бағдарламасы, тың сараптамалық «Жаһан-сарап» жобасы, қазақтың жаңа орындаушылары мен композиторларын таныстыратын «New qazaq wave» атты төрт бөлімді концерт, сондай-ақ «Беу» музыкалық ток-шоуы, «Кім білгір?» интеллектуалдық және сатиралық «Әзіл-мәзір» жобасы.
Бұған эфирден түспей келе жатқан арнаның тұрақты бағдарламалары жаңа форматқа ауысып, жетіле түспек екен.
Ұлттық арнаның құрамындағы «Qazsport» Еуропа футболының үздік ойындарын тамашалатумен қатар, наурыз айында Ресейдің Красноярск қаласында өтетін қысқы Универсиаданы, сәуірдің 29-ынан мамырдың 5-і аралығында Астанада өтетін хоккейден халықаралық турнирін тікелей эфирде көрсетпекші.
Ал «Balapan» арнасы танымдық, ойын-сауықтық, отбасылық бағдарламалармен толықтырылады. Ата-ана мен баланың ара қатынасын жақсартуға құрылған «Баламен сұхбат» және балдырғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын «Таңжарық» ойын-сауық бағдарламасы, баланың зейінін дамытуға мүмкіндік беретін «Кім тапқыр?» жобасы тікелей эфирде шығатын болады.
Брифингте журналистер естіген тағы бір жаңалық – 29 маусым күні Астанада әнші Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты шығармашылық концерті өтеді. Осы шараға да дайындық жұмыстары басталып кеткенін хабарлаған Ерлан Тынымбайұлы: «Концерт «Қазақстан» корпорациясының ұйымдастыруымен өтетіндіктен, декорация эскиздері, техникалық жабдықтау жұмыстарын қолға алдық. Ал шығармашылық жағынан айта кетсем, әр нөмір эксклюзивті болады. Арнайы эффектілер қолданылады», деді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»