– Өскемен қаласында мұндай дәрежедегі монументалды гобелен туындыларының көрмесі алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл жобаның еліміз бойынша Шығыс Қазақстан өнер музейінен басталғанына шын қуандық, – дейді музей директоры Бекайым Ұябаева.
Көрмеде ұсынылған 30-ға жуық туындылардың әрқайсысы мән-мағынасымен таңғалдырса, алуан түстері мен реңктері көздің жауын алады. Мысалы «Дина», «Алатау», «Бесік жыры», «Қонақ», «Сардарлар», «Ханымдар» сынды туындылары қазақ халқының көшпелі тірлігі мен салт-дәстүрінен сыр шертеді.
– Біз көбінесе тарихи-мифологиялық жанрда жұмыс істейміз. Батырлар мен палуандар, салт-дәстүрлер – біздің шығармашылығымыздың негізгі өзегі. Менің ойымша, ұмыт қалған дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуды басты назарда ұстауымыз керек. Бүгінгі іс-шараның мақсаты да сол, – дейді Мәлік Мұқанов.
Гобеленші шеберлер тек көрмелік туындыларды дүниеге әкеліп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның белгілі нысандарын безендіруге, соның ішінде, Астана мен Алматының әкімшілік ғимараттарының ішкі көріністерін, Алматы метрополитенінің, ірі компаниялардың, мешіттердің көркемдік жұмыстарына да өз үлестерін қосып, қолтаңбаларын қалдырған.
Мерей Қайнарұлы
Өскемен