27 Ақпан, 2019

«Орал-Атырау» бағытындағы жолаушылар автобусы жол-көлік апатына ұшырады

485 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында Оралдан Атырауға шыққан рейстік автобус жүк көлігімен соқтығысқан, деп xабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 «Орал-Атырау» бағытындағы жолаушылар автобусы жол-көлік апатына ұшырады

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Индер-Атырау тас жолында орналасқан Көктоғай ауылы маңында болған. Апат салдарынан үш адам қаза тапты. Автобуста болған 43 адамның 15-і балалар. Балалардың арасында қаза тапқандар жоқ.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі xабарлағандай, апатқа ұшыраған 15 адам Атырау облысының медициналық мекемелеріне әкелінді. Дәрігерлердің айтуынша, 5адам Атырау облыстық ауруxанасына жеткізілді. Осынша адам Махамбет ауданының орталық аудандық ауруханасына және 4 адам Индер ауданының орталық аудандық ауруханасына емдеуге тіркелді.

Қазіргі уақытта барлық медициналық қызметтер зардап шеккендерді қабылдауға дайын. Оқиға орнында 10 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Мобильді дәрігерлік амбулатория орналастырылған.

Аудан әкімдігі төтенше жағдай болған автобус жолаушыларына ыстық тамақ ұйымдастырды, үйлеріне жеткізу үшін көлік дайындады. Психолог зардап шеккендермен жұмыс істейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында атап өткендей, олардың денсаулығына қауіп жоқ.

Жолаушылар мен олардың жай-күйі туралы қажет ақпаратты алу үшін 98 02 92, 8778 0072021 телефондары тәулік бойы байланыста. Апаттың себептерін тергеу жүргізетін органдар анықтауда. Алдын-ала тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-тармағы - «Көлік құралдарын басқаратын тұлғалардың жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе көлік құралдарының жұмысын бұзу» бойынша жүргізіледі.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan».

Атырау