Келісімшарт бекіткен емханалар мен клиникалар Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде мемлекеттік тапсырысты орындамақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның облыстық филиал директорының міндетін уақытша атқарушы Нұршат Айтымбетова мәлімдеді. Жекеменшік клиникалар стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсетуде белсенділік танытып отыр. Сонымен қатар, стационарлық және емханалық-амбулаторлық көмек, ауылдық жерлердегі емханалық-амбулаторлық және консультативтік-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық қызметтер көрсету бағытында да жекеменшік саланың үлесі басым. «Қазіргі таңда жекеменшік клиникалар көрсететін медициналық көмек түрлері де көбейді. Мәселен, биылғы жылы олар онкологиялық көмек, жедел медициналық және паллиативті көмек, оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсетуде ерекше белсенділік танытып отыр. Биыл Түркістан облысы бойынша мемлекеттік тапсырысты 34 жекеменшік клиника орындап жатыр. Бұл Медициналық сақтандыру қорының дерекқорына Түркістан облысы бойынша енген 73 медицина ұйымының 46 пайызы. Қалған 54 пайызы – мемлекеттік емханалар. Оған қоса, жекеменшік клиникалар оңалту және қалпына келтіруге бағытталған көмек түрлерін көрсетуге де белсенді түрде атсалысып жатыр», – деді Н. Айтымбетова.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы