27 Ақпан, 2019

Фристайл-могулдан әлем кубогінің финалына қатысатын спортшылар Алматыға келді

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26 ақпан күні кешкісін Алматыға фристайл-могулдан әлем кубогінің финалдық кезеңіне қатысатын спортшылар ұшып келді. Оңтүстік астанамызға Олимпиада чемпиондары – канадалық Микаэль Кингсбери мен франциялық Перрин Лаффон, әлем чемпионы Юлия Галышева бастаған Қазақстан командасы, әлемнің вице-чемпионы Бенджамин Кавет пен өзге де спортшылар табан тіреді деп хабарлайды Olympic.kz. 

Фристайл-могулдан әлем кубогінің финалына қатысатын спортшылар Алматыға келді

Спортшылар Жапониядағы әлем кубогі кезеңі аяқталған соң, Алматыны бетке алған. Командалар біздің елге жету үшін жолға 13 сағат уақытын жұмсады. 

Могулдан әлем үздіктерінің басым бөлігі Қазақстанға келіп жетті. Олардың көпшілігі үшін біздің еліміз бірінші кезекте таумен есте қалған. Ал Олимпиада чемпионы Кингсбери Дмитрий Рейхердпен дос екенін айтады. 

«Ұшақта ұйықтамауға тырыстым. Өйткені, бүгін түнде жақсылап ұйқымды қандырсам деймін. Бұл Қазақстанға бірінші рет келуім. Өте қуаныштымын. Соңғы жылдары Қазақстаннан шыққан могулшыларды көп кезіктіремін. Сіздердің тауларыңыз да әдемі екенін білемін. Рейхерд екеуміз жақсы достармыз. Сіздердің елдеріңіз туралы тек жақсы жаңалықтар естідім», - дейді Кингсбери. 

Ал Перрин Лаффон біздің мәдениетімізбен жақынырақ танысуды жөн көріпті. 

«Ұшуға көп уақыт жұмсадық. Менің Қазақстанға алғашқы сапарым болғандықтан, мұндағы жарыс жолында да бірінші рет бақ сынаймын. Сондықтан, қазіргі көңіл-күйім тамаша. Қазақстанды әдемі ел деп естідім. Бірақ сіздің елдегі мәдениет пен дәстүрлі тағамдардан бейхабармын. Осы олқылықтың орнын толтырып, Қазақстанмен жақынырақ танысамын», - дейді Лаффон. 

«Шыны керек, ұшу уақыты ұзаққа созылды. Бес сағат бойы Токиода, сегіз сағат Сеулде аялдадық. Біздің елге алғаш келе жатқан спортшылар Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильмді тамашалады. Оларға табиғатымыз бен тауларымыз ұнаған. Қала туралы мәлімет аз болғандықтан, қонақтарымыз Алматыны аралағысы келеді. Ал жарысқа келер болсам, үздік үштікке енуге тырысамыз», - дейді Галышева. 

Фристайл-могулдан әлем кубогінің финалдық кезеңі 2-3 наурыз күндері Алматыда өтеді.