Мәжіліске келіп түскен заң жобаларының ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы бар. Құжат міндетті әлеуметтік сақтандырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту.
Сондай-ақ, жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Шартты ратификациялау қылмыспен күресте екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы отырыста Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мәжіліс депутаты Сапархан Омаровтың Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалуына байланысты өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Сонымен қатар, бүгін Палата Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағалығына Берік Оспановты сайлады.