27 Ақпан, 2019

Қарағанды облысында «Көктем-2019» оқу-жаттығулары өтті

435 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Қарағанды облысының Абай ауданындағы «Жартас» су қоймасында «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Ауқымды шараға 600-ге жуық адам қатысып, 200-ге таяу техника түрлері жұмылдырылды.

Қарағанды облысында «Көктем-2019» оқу-жаттығулары өтті

Оқу-жаттығулары өткен жер кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі Абай ауданы облыстағы көктемгі тасқын қаупі жоғары аудандардың бірі.

Шара барысында жергілікті әкімдіктердің, аудандық апаттық-құтқару қызметтерінің дайындығы тексерілді. Сонымен қатар су қоймасындағы гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылауға алынды.

– Оқу-жаттығуларда құтқарушылардың барлық азаматтық қорғаныс қызметтерімен өзара әрекет етуі кезіндегі ауызбірлігі сыналды, – дейді Қарағанды облысы бойынша ТЖД бастығы Ыбраһым Күлшімбаев.

Тасқынға қарсы оқу-жаттығулар барысында өзен арналарын, су өткізу құбырларын тазарту, жағалауды бекіту және жарылыс жасау жұмыстарына баса көңіл бөлінді.

– Соңғы мәліметтерге сай, Шерубай-Нұра бойында қазіргі таңда қар қоры орташа нормадан төмен. Егер жағдай туралы жалпы айтар болсақ, өзеннің бастауында қар көбірек, ол аймаққа шамамен 11 елді мекен жатады. Алайда ол аймақтардың барлығында сәйкесінше тиісті жұмыстар жүргізілді. Келесі аптадан бастап біз су тасқыны қаупі жоғары аудандарды аралай бастаймыз. Барлық қажетті әрекеттерді жергілікті жерлерде көрсетіп, дайындайтын боламыз, – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекбаев.

Қазгидрометтің алдын ала болжамы бойынша наурыздың ортасынан бастап күн жыли бастайды. 

– Алдағы көктемгі су тасқыны мерзімі төтенше жайттарсыз өтеді деп үміттенеміз. Дайындық жақсы, техника бар, – дейді Ермағанбет Бөлекбаев.

Бүгінде Қарағанды облысында тасқынға қарсы дайындық өткізу үшін арнайы топ құрылған. Оның сапында жеке құрамның 6 мыңнан  астам адамы және 2500-ге жуық арнайы техника бар. 2018 жылы жол талғамайтын көлік, өрт сөндіру бөлімшелері үшін арнайы көліктер, қайықтар сияқты қосымша техникалар, сондай-ақ су тасқынының салдарын жою үшін 106 саз сорғыштар алынған болатын.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды