22 Желтоқсан, 2012

Шарайна

198 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:11

Дау қайта өршуі мүмкін

Жапонияның теңіз жағалауы күзеті даулы аралдар Сенкаку маңынан Қытайдың үш барлау кемесін байқаған. «Франс-пресс» ақпарат агенттігінің жазуынша, даулы аумақтан қытай кемелерінің көрінуі Жапонияда өткен парла­мент­тік сайлаудан кейін болған алғашқы жағдай.

 

Сенбі, 22 желтоқсан 2012 7:11

Дау қайта өршуі мүмкін

Жапонияның теңіз жағалауы күзеті даулы аралдар Сенкаку маңынан Қытайдың үш барлау кемесін байқаған. «Франс-пресс» ақпарат агенттігінің жазуынша, даулы аумақтан қытай кемелерінің көрінуі Жапонияда өткен парла­мент­тік сайлаудан кейін болған алғашқы жағдай.

Кемелер Сенкаку архипелагына кіретін Кубадзима аралының солтүстік-батысында жергілікті уақыт бойынша сағат 10.20-да байқалған. Бұл әрекеттерге жауап ретінде Токио осы аймаққа сегіз истребитель мен тағы бір әскери ұшақ жіберіпті. Айта кетейік, 1970 жылдан бері жалғасып келе жатқан Сенкаку аралдарына қатысты екі мемлекет арасындағы дау, онда көмірсутегі табылғаннан кейін қайта өршіген еді.

Ел тарихында тұңғыш рет

Оңтүстік Кореяда өткен президенттік сайлауда «Сэнури» консервативтік билеуші партиясының өкілі Пак Кын Хе жеңіске жетті.

Осы елдің сайлау комиссиясы таратқан мәліметтер бойынша, аса тартысты өткен президенттік сайлауда Пак Кын Хе өзінің негізгі бәсекелесі Мун Чже Инді артта қалдырып, сайлаушылардың 51 пайыздан астам дауысына ие болды. Ел тарихында тұңғыш рет президенттікке әйел адамның сайлануы оның еншісіне тиіп отыр. Енді ол 2013 жылдың ақпанында өкілеттігі аяқталатын Ли Мен Бакты ауыстырады. Пак Кын Хе генерал Пак Чон Хидің қызы. Әкесі кезінде Оңтүстік Кореядағы ең көрнекті тұлғалардың бірі болған. 1963-1979 жылдар аралығында президент тағына да отырған.

Әскерилер жіберуді мақұлдады

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Мали елінің қауіпсіздігін қорғау мақсатында осы мемлекетке халықаралық әскери контингент жіберу мәселесін мақұлдады. Ұйым сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Қауіпсіздік Кеңесіне мүше 15 елдің барлығы жақтап дауыс берген.

Халықаралық әскери миссияға ел үкіметінің солтүстік аймақтардағы терроршылармен, экстремистермен және қарулы топтармен күресіне көмек көрсету үшін «қажетті барлық шараларды» қолдануға да рұқсат етіпті. Осыған байланысты қарарда жүзеге асырылатын операциялар халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын және адам құқықтарын бұзбау жағы атап көрсетілген. Миссияға бастапқы мандат бір жыл мерзімге беріл­ген. «Франс-пресс» агенттігінің ақпараты бойынша, контингент­тің міндеті – елдің қарулы күштерін дайындау, әскери опера­ция­ларға қолдау көрсету, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігін қорғау және босқындарды өз еліне қайтару.

Сердюковтың да аты аталды

Ресей Қорғаныс министрлігіне қарайтын «Оборонсервис» ісі бойынша қамауда отырған Дмитрий Митяев тергеушілерге берген жауаптарында бұрынғы министр Анатолий Сердюковтың ведомствоның мүліктеріне қатысты жасаған айла-шарғысы туралы айтып берді. Бұл жөнінде кеше «Известия» газеті жазды.

Журналистерге белгілі болғанындай, Д.Митяевтің айтуынша, Сердюковтың жеке өзі «Оборонсервис» директорлар кеңесінің мүшелеріне, әсіресе, Е.Сметановаға министрліктің мүліктерін сату мәселелері бойынша қалай дауыс беру қажет екендігі жөнінде тапсырма берген көрінеді. Бірақ бұл тергеушілерді қызықтыра қоймаған. Ал Митяевтің адвокаты тарап кеткен ақпарат туралы айтып беруден бас тартқан. Ол тек Митяевтің ісі «Оборон­сер­вистің» негізгі істерінен бөлек қаралып жатқанынан, Митяевтің ісін Тергеу комитетінің әскер басқармасы емес, ІІМ-нің тергеу департаменті тергегенінен хабардар еткен.

«Магнитский заңына» қарсы жауап

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Ресейдің «Магнитский заңына» жауап ретінде қабылдаған алдағы уақытта америкалықтардың ресейлік балаларды асырап алуға тыйым салу туралы құжатына алаңдаушылық білдірді.

Мемлекеттік департамент өкілінің мәлімдемесінде: «Біз заңның соңғы нұсқасын күтіп отырмыз, өзіміздің көзқарасы­мызды жеткізу мақсатында ресейлік ресми тұлғалармен байланысатын боламыз», делінген. Сонымен бірге, өкіл халықаралық асырап алудың арқасында жыл сайын «мыңдаған бала ата-аналы болатынын», ал америкалық отбасылардың өмірі жақсы екенін де атап өтіпті. Бұл құжатта АҚШ азаматтарының ресейлік балаларды асырап алуға тыйым салу ғана емес, АҚШ тарапынан қаржыландырылып, саясатпен айналысатын құрылымдардың қызметін тоқтату шаралары да қарастырылған.

Құжат материалдары жария етіледі

Ливия үкіметі 270 адамды ажал құштырған Шотландияның Локерби қаласындағы террорлық әрекетке қатысты құжатты жария етпек. Құжат енді бір жылдан соң дайын болатын сияқты. Бұл кеше, яғни террорлық әрекеттің 24 жылдығына байланысты хабарланды.

Аталған құжаттың жария етілуінің бір жылға жуық кешіктірілуін Ливияның Ұлыбританиядағы елшісі Махмұд Накуа билікке келген Ливия үкіметінің ең алдымен елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қол жеткізу қажеттігімен байланыстырды. Оның үстіне екі ел арасында құжатты жария етуге қатысты қазірше ешқандай келісім жасалған жоқ. Террорлық әрекет 1988 жылы 21 желтоқсанда жасалған еді. Терроршылар «Боинг-747» ұшағын Лондоннан Нью-Йоркке ұшып шыққанда жарып жіберген болатын. 

Интернет материалдары негізінде әзірленді.