Дүбірге толы дүние
Жұма, 21 желтоқсан 2012 6:53
Еуропа сыйлыққа лайықты ма?
Қазіргі заманғы ең беделді сыйлық – Нобель сыйлығының Еуроодаққа берілгеніне де бір аптадан аса уақыт өтсе де, соған қатысты әңгіме әлі созылып жатыр. Әсіресе, біраз саясатшылар бұл сыйлыққа Еуропа қауымдастығының лайықтылығына күмән келтіреді.
Жұма, 21 желтоқсан 2012 6:53
Еуропа сыйлыққа лайықты ма?
Қазіргі заманғы ең беделді сыйлық – Нобель сыйлығының Еуроодаққа берілгеніне де бір аптадан аса уақыт өтсе де, соған қатысты әңгіме әлі созылып жатыр. Әсіресе, біраз саясатшылар бұл сыйлыққа Еуропа қауымдастығының лайықтылығына күмән келтіреді.
Халықаралық жағдайды сауықтырғаны, бейбітшілікті нығайту ісіне үлес қосқаны үшін ұйымдарға Нобель сыйлығын беру бұрыннан бар үрдіс. Бірақ мемлекеттер қауымдастығына беру, сірә, алғашқы шығар. Бұрын МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйымға бергеніне түсіністікпен қарағанбыз. Егер сол агенттік болмаса, бұл күнде біраз ел, оның ішінде милитаристік саясат ұстанған елдер ядролық қаруға ие болып, бүкіл әлемге қауіп төндірер еді. Сондықтан да сол МАГАТЭ-нің Бас директоры Мұхаммед әл-Барадеиге және агенттіктің он қызметкеріне Нобель сыйлығы берілгенін жұрт жөн санаған. Ал сол он қызметкердің бірі – қазақ азаматы Достай Раманқұлов болғанына біз де қуанғанбыз.
Ал Еуроодаққа мұндай сыйлық берілуінде нендей қисын бар, ол соншалықты не тындырыпты дейді біраз жұрт. Нобель сыйлығы комитетінің төрағасы Турбьернд Ягланттың жауабы былай: «Еуропа аса қиын жағдайды бастан кешіп жатқанда, норвегиялық Нобель комитеті Еуропадағы тыныштық үшін Еуроодақтың қандай мәні барлығын еске салғысы келді», дейді. Біраз саясатшылар, сарапшылар, оларды қолдайтын ақпарат құралдары дағдарысқа ұшырап отырған Еуропаға мұндай беделді сыйлықтың берілгенін артық көреді. Әрине, мұндайда мысалға қарызға белшесінен батқан біраз елдер – Грекия, Португалия, Испания, Италия сияқты елдер келтіріледі. Сырт қарағанда, бұл сөздердің жаны бар сияқты. Бірақ соған тереңірек үңілейікші. Біраз жайға басқаша баға берілері анық.
Егер Еуроодақ, оған құрлықтың 27 елі кіреді, өз мүшесі Грекияға көмек көрсетпегенде, оның жағдайы қалай болар еді? Сондай-ақ, тығыз экономикалық интеграцияның арқасында қаншама ел дағдарыстың қыспағына шыдас берді. Егер Еуропа елдерінің экономикалық одағы болмаса, күйзеліске ұшыраған елдер Грекиямен шектелер ме еді?
Бұл – әңгіменің экономикалық жағы. Әйтпесе, бұл одақтың НАТО-дай қалқаны болмаса, соғыс дейтін кесапат бүгінге дейін құрлықтың қанша елін шарпыр еді? Кешегі Югославия одағының күйреген кезінде үлкен соғыстың отын өшірген де осы Еуроодақ, оның әскери қалқаны НАТО болған жоқ па? Нобель сыйлығы комитетінің төрағасы соған меңзеп отыр.
Сыйлықты Еуропа қауымдастығының үш басшысы – Еуропа Кеңесінің төрағасы Херман ван Ромпей, Еуропа Комиссиясының төрағасы Жозе Мануэль Баррозу және Мартин Шульц қабылдады. Ресми шара үстінде олар сөз сөйлеп, қауымдастықтың бұл сыйлыққа лайықты екенін, алдағы уақытта да бағаланған істерін одан әрі жалғастыратындарын айтты. Ромпейдің мына бір пікірі мәнді: соғысты алдын алу үшін «Еуропаның құпия қаруы бар. Ол – пікір таласы. Үстел айналасында отырып таласқан соғыс майданында таласқаннан жақсырақ».
Беделді сыйлықты алу рәсіміне Еуропадағы 21 елдің басшылары, оның ішінде Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Франсуа Олланд және Италия премьері Марио Монти келді. Осы жерде алты елдің басшысы, соның ішінде Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмеронның келмей қалғанын біреулер сол сыйлықтың орынсыз берілгеніне наразылықтай сипаттайтыны бар. Бұл енді Еуропаны жамандауға желеу іздеушілердің әрекеті екені даусыз.
Елдікті сақтап қалуға қаржы іздейді
Қырғыз Республикасының экономикасын жаңғырту үшін және мемлекеттілігін сақтап қалу үшін 7 миллиард доллар қаржы керек екен. Жақында тұсауы кесілген 5 жылға арналған жоспарда осындай есеп келтірілген.
Ендігі мақсат – сондай қаржы табу. Бұл мақсат жолында біраз әрекет жасалып та жатыр. Өзінің Батысқа, нақтырақ айтқанда, Германияға сапары кезінде ел президенті Алмазбек Атамбаев бұл мәселеге айрықша назар аударды. Немістерге, Еуроодаққа қаржы бермей отырғаны үшін қатты өкпесін айтты, біраз сынап та тастады. Тіпті қыза-қыза келіп, өздері «Орталық Азияда демократияны дамытпаса, екінші сөзбен айтқанда, Қырғызстанда парламенттік демократияны орнықтырмаса, Орталық Азияда жаңа Ауғанстан пайда болатынын» айтып, қорқытты да.
Атамбаевтың сөзін келтірейік. «Бір мысал, бізге Еуроодақ екі жыл бойы уәде берсе де, несиеге 15 миллион еуро бермей келеді. 15 миллиард емес, 15 миллион еуро! Ал биыл ғана Қырғызстанға ұқсас бір елге 670 миллион еуро грант бөлген… 100-200 миллиард еуро несие бөлініп жатады, ал Орталық Азиядағы демократия орнатуға талпынып жатқан, демократия жолымен келе жатқан, парламенттік демократияны құрып жатқан елге екі жылда 15 миллион еуро несие беру қиын болыпты», деп ашына айтты. Бұл сөздеріне түсініктеме берсек, қырғыз ағайындардың шамына тиіп кетуіміз мүмкін.
Несиені, сірә, былай сұрамаса керек, елде тыныштық болса, жұмсаған қаржысының пайдамен қайтатынына сенім болса, инвесторлардың өздері келетіні белгілі. Билік үшін қырқысып, төбелесіп жатуды демократия деу де қиын-ау. Экономикалық күйзеліске соқтыратын демократияны қырғыз ағайындардың өздері де құп көріп жатпағандай. Сол күйзелістен бұл елдің көптеген азаматтары бала-шағасын асырау үшін шетел асып, нәпақасын сырттан тауып жүр.
Содан да Ауғанстанмен қорқытып, демократиямен қызықтырып, қырғыз ағайындардың инвестор табуы қиын. Әсіресе, Батыс елдері дүниесін шаша қоймайды. Ал Ресейдің жөні бөлек. Бұл ел басқаны өз ықпалында ұстауы үшін еш нәрсесін аямайды. Қырғыз ағайындардың жаңа жоспарын жүзеге асыруына да қолұшын беретін алдымен орыс ағайындар болып отыр. Өздерінің дамуына қажет 7 миллиард доллар қаржының 4,2 миллиардын қырғыздар Ресейден алуды жоспарласа, Қытай 1 миллиард долларға уәде беріпті. Қалғанын АҚШ-тан, түріктерден сұрамақ. Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры олардың алақанына не салары белгісіз, ал қол жайғандары анық.
Сол 7 миллиард доллар неге жұмсалмақ? Алдымен энергетикаға. Бұл саладағы 15 жоба үшін 5,5 миллиард керек екен. Көлік пен коммуникацияға 900 миллионы кетпек. Ауыл шаруашылығын дамытуға 400 миллионын жұмсамақ. Осынау жобалар жүзеге асса, қырғыз ағайындар өздерінің елдігін сақтап қалып, экономикасын жандандырады екен.
Әйтпесе, жағдай қиын көрінеді. Оны Алмазбек Атамбаевтың өзі айтады. Reiter агенттігінің мәлімдеуінше, президент: «Халықаралық сарапшылар бұрынғысынша Қырғызстанды қабілетсіз мемлекет санайды», депті. Бірақ Атамбаев болашақтан үмітсіз емес, ол «2017 жылға қарай Қырғызстан үдемелі дамушы мемлекет болып қалыптасуға тиіс», дегенді де айтып отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».
Солай болғай деп тілейік.