Жиырмасыншы ғасырдың басында мажар тұраншылдығы eрекше өзекті тақырып болды. 1910 жылы Алайош Пайкерт құрған «Мажар Тұран қоғамының» (Мажар Азия қоғамы) құрамында географтар Йенө Чолноки мен Пал Телеки, түркітанушы Армин Вамбери, иврит, араб тілдерінің маманы Игнац Голдзихер және Михай Карой бар еді. Тұраншылдар Шығысқа бет бұрғанда мажар ұлттық санасын жаңғыртуға және мажар ғылымы мен экономикасына қажет маңызды деректерді іздеді: «Қоғамның мақсаты – бізбен туыс Еуропа және Азия халықтарының ғылымын, мәдениетін және экономикасын зерттеу, дамыту және мажар мүдделерімен үйлестіру. Aлтруистік бағытты ұстанады, саясатқа, дінге және наным-сенімге байланысты мәселелерге, жеке бас мүдделеріне қызмет етпейді. Жұмысы негізінен ғылыми сипатта, іскерлікпен айналыспайды. Мақсаттарына басқа тұран емес халықтармен үндестікте және олармен бірлесе отырып жеткісі келеді».
Алайда тұраншылдардың шығысқа бағытталған сауда-экономикалық жоспарлары да болды. Шығыс нарығын игергісі келді. Немістердің, бельгиялықтар және голландиялықтардың үлгісімен экономикалық мүддені де көздеді. Азияны батыс отаршылары секілді тонауды мақсат етпейтіндіктерін, мүмкіндігінше Тұран халықтарына Еуропаның білімі мен тәжірибесін алып баратындарын, сөйтіп оларға әлемдік өркениетке қол жеткізуге көмектесетіндерін айтты: «Мадьяр халқы Тұран даласынан жаңа Отанын іздеуі керек. Басқыншы емес, отаршы емес, көмекші ағайын, Тұран даласы халқының оқытушы шебері ретінде». Географтар жер асты байлығын зерттеді, Кіші Азияға, Каспийге, Кавказға, Арал теңізіне экспедициялар жөнелтілді. Осы экспедициялардың нәтижесінде көптеген этнографиялық деректер жиналды.
Мажар тұраншылдығының негіздері XIX ғасырда-ақ қаланды. Сол уақыттағы мажар ғылымының тіл білімі, этнография, тарих, археология және шығыстану секілді салаларында жазылған еңбектердің қомақты бөлігі осы тұраншылдық қозғалысының әсерінен туған. Оған себеп – мажарлардың өз ата-тегін, атажұртын Тұран халықтарының арасынан іздеуі.
Мажарстан Ғылым академиясының академигі Армин Вамбери, мажар түркітануының негізін қалаушы ғалым, тұраншылдықтың ең көрнекті өкілі және оны ғылыми негіздеуші болды. Әрине оның ғылыми тұжырымдары негізінен этнографиялық, тілдік зерттеулерге сүйенді. Мажар тұраншылдарының ішінде дилетант ғалымдардың да болуын бұл қозғалыстың халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарына кең таралғандығымен түсіндіруге болатын секілді. Яғни, олардың құрамында тек кәсіби мамандар мен ғалымдар ғана емес, білім дәрежесі, деңгейі әртүрлі азаматтар да болды.
Tұраншылдық өнерде де өз ізін қалдырды. Сол кездегі мажар елінде салынған ғимараттарда, қылқалам туындыларында шығыстық белгілер көптеп орын алды. Ақын, аудармашы Янош Арань (1812-1882) – Мажарстан Ғылым академиясының мүшесі, мажар тілінің тегіне байланысты «угор-түрік соғысы» деп аталған ғылыми талас-тартыста Армин Вамбериді қолдаған ақын. Мажар романтизмінің көрнекті өкілі Арань өзінің көркем туындыларында тарихи тақырыптарға жиі жүгінеді. Мажар романтикасының ерекшелігі – тарихилығында. Араньның шығармашылығын мажар әдебиетіндегі орнын тек тұраншылдықпен шектеп қоюға болмас. Себебі тұраншылдық мажар әдебиетінде ерекше із қалдырғанмен, мажар әдебиетінің жалғыз тірегі емес. Араньның шығармашылығын мажар әдебиеттанушылары едәуір кең мағынада қарастырады. Тұраншылдықтың әдебиеттегі бастауы ақын өмір сүрген кезеңде қалыптасқанын мойындауымыз керек. Сол кезде мажар әдебиетінде мажарлардың ескі тарихы, ғұндарға, сақтарға байланысты тарихи аңыздар көркем әдебиеттің сюжеттеріне айналды. Мажарлардың «Аттила» туралы эпостары сақталмаған. Алайда мажар әдебиетінде романтизм өкілдері батырлық жырларды қайта тірілтуге тырысқан. Солардың бірі – Янош Арань. Ол Аттиланың тағдырына қатысты «Буданың өлімі» деген поэма жазды. «Буда өлімінің» мақсаты мажардың ескі тарихын жазу, аңғал ұлттық эпосты қайта жандандыру. Әуелде тағы бір ұлы мажар ақыны Михай Вөрөшмарти және реформа уақытындағы романтиканың ізімен мажарлардың Еуропаға көшуі барысындағы шайқастарды суреттеуге талпынды.
1848-1849 жылғы Габсбургтер үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық көтерілістің жеңіліске ұшырауы, өзгерген тарихи жағдай ғұндар тарихына назар аудартты. Жалпы, тұраншылдық мажар тарихында мажар халқының шығу тегіне қатысты сұрақтармен тікелей байланыста туып, ел басына қиындық түскен сәттерде ерекше сипат алып, үдеп отырған. Араньның көтеріліс аяусыз басып жаншылған соң, іле-шала эпос жазуды қолға алуын осымен түсіндіруге болар. Арань Янош шығарманың жазылуына аса ыждағаттылықпен кіріскен. Сол кездегі тарих ғылымы ғұндар мен мажарлардың туыстығын теріске шығармаса, ақын соны өз поэмасымен бекітуге күш салды. Көне жылнамашылар Анонимус, Кезаи, Туроцилердің ескі тарихи жазбаларын, Арнольд Ипоидің «Мажар мифологиясын», Франция тарихшысы Тьерри Амаденің Аттила туралы зерттеулерімен егжей-тегжейлі танысты. Ақынды парсы шайыры Фирдоусидің «Шахнамесі» де шабыттандырды. Иран және Тұран халықтарының бірнеше ұрпақтарының бір-бірімен шайқасын ғұн-гот күресімен салыстырды.
Әуелде Янош Арань ғұн эпосын трилогия болады деп жоспарлады. Алайда ақын діттеген мақсатына жетпеді. Тек бірінші бөлім толық жазылып, «Буда өлімі» деген атқа ие болды. Янош Араньның шығармасында Буда Аттиланың ағасы деп беріледі. Буда патша Аттила інісімен (Етелемен) билігін бөліседі: «Iнім сен қылыш бол, Мен таяқ болғаймын, Тәңірім жақсылыққа жақсылық жолдайды». Алайда биліктен бас тарту тыныштыққа емес, екі ағайын елдің арасындағы араздыққа себеп болады.
Мажар тұраншылдығының нағыз «ұраншысы» деп Арпад Землениді (1865-1919) атауға әбден болады. Ақынның қайтыс болғанына жиырма жыл толғанда қаламдас достары оған арнап естелік жинақ шығарады. Бeла Викар ол туралы: «Арпад Земплени – Михай Чоконаи Витез, Шандор Петөфи, Янош Араньдардың қатарындағы ақын, яғни мажардың ұлы ақындарының бірі» – деген баға береді. Мажар тұраншылдығы туралы мейлінше сыншыл көзқараспен жазылған, осы қозғалыстың XIX ғасырдың бірінші жартысынан бастап күні бүгінге дейінгі тарихын қамтыған, ең жаңа зерттеу – Аблонцзи Балаждың «Шығысқа мадьяр! (Kéletre magyar! 2016)» кітабы. Осы зерттеудің Земпленидің өлеңімен аталуы және осы өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп алуы кездейсоқтық емес. Ғалым тұраншыл ақын туралы: «Земплени Шығысқа қатысты мазалаған ойлардың, түп-тамырымызды қайта табудың «барды» болды» – дейді.
Aқынның 1900-1910 жылдары жазылған «Тұран жырлары (Turáni dalok)» атты өлеңдері мен балладалары көркемдік-бейнелілік жағынан да мажар әдебиетінің үздік туындыларынан саналады. Негізінен аңыздық және тарихи, батырлық жырлардан тұрады. Оның «Шығысқа мадьяр!» өлеңі мажар тұраншылдарының ұранына айналған өлең болды:
Шығысқа мадьяр!
Бұрыл шығысқа!
Кез бол даңқты,
Ұлы туысқа.
Ондағы ел-жұрт
Қарамас атүсті.
Қалдыр өзіне
Күнбатысты.
Сегіз ғасыр бойы
Қаныңмен сенің
Батыстың бүтін
Діні мен жері.
Шығысқа мадьяр,
Қара шығысқа,
Мыңжылдықтарда
Еркін тыныста…».
Бұл өлең мажар халқының арасына кең тарады. «Тұран жырларында» Земплени нанымы – шамандық, жаратылған жері – аспан мен жердің арасы, намысты, текті тұран халықтарын мадақтайды.
Земплени шумерлер және аккадтардың мифтік-эпикалық батыры Гильгамешті жырға қосады, «Эдда» жырының оқиғасымен «Балға», «Кек» деген өлеңдер, ханты, вогул аңыздарының ізімен де өлеңдер жазады. Мажар аңыздарының сюжетімен Аттила туралы «Құдай қылышы» деген баллада жазады. Сент-Галлен оқиғасы, сібір татарларының балладасы, Нимродтың ұлдарына өсиеті секілді мажар, урал-алтай халықтарының аңыздарына, тарихи оқиғаларына сүйенген жырлар өреді. Осылардың бәрін оқырманына тұран халықтарының жырлары деп ұсынады.
Мажар әдебиетіндегі тұраншылдықтың тағы бір мықты өкілі – Андор Козма (1861-1933). Оның «Тұран» атты дастаны мажар әдебиетіндегі іргелі туындылардың қатарынан орын алды. Онда Тұран халықтарының атасы иран мифологиясында Тұран халықтарының атасы Тұрдың дүниеге келуі, ержетуі, жаулармен айқасуы, оның ұрпақтары, соның ішінде мажарлардың тарихы да баяндалады. 188 беттен тұратын қомақты жырда Тұр нәсілінің тектілігі, батырлығы жырға қосылады. Дастанда Тұрдан жеті ұл тарайды: Хунор, Мадьяр, Шом (суоми немесе финндер), Угор, Түрік, Татар, Күн (мажарша Нап, күншығыс халықтары). Бұл дастан қазақтың батырлар жыры секілді жеті-сегіз буынды тармақпен жазылған.
Серена Пап-Вари Елемерне Сиклаидың «Тұран аңызы (Turáni legenda, 1921)» атты кітабы, Мария Кисейдің мажар халқының тоғыз ғасырлық тарихынан сыр шертетін «Тұрандықтар (Turániak, 1944)» романы да тұран қозғалысының ықпалымен туған туындылар.
Мажар тұраншылдығы мажар халқының ұлттық сана тарихында айрықша орын алған, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан, үздіксіз талас-тартыстардың өзегіне айналған құбылыс. Бұл қозғалыстың мажарлардың ұлттық мақтаныш сезімдерін биікке көтеруде маңызды рөл атқарғанын теріске шығаруға болмас. Тұраншылдықтың ықпалымен туған көркем туындылар, ғылыми-зерттеулер мажар ұлтының рухани қазынасына қосылып жатқан еңбектер. Бұл қозғалыс мажар халқының рухани дүниесіне, тұран халықтарымен мәдени байланысы тарихына жаңа бейнелер, жаңа деректер қоса бермек. Ал Тұран халықтары, әсіресе қазақтар үшін, мұндай көркем туындылардың маңызы әрқашан жоғары.
Раушангүл МҰҚЫШЕВА,
филология ғылымдарының кандидаты, Сегед университеті