Театр • 28 Ақпан, 2019

Көрерменін қуантқан комедия

703 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар жылындағы елорда халқын қуантқан айтулы жаңалық – «Астана» комедия театрының ашылуы десек, артық айтқандық емес. Иә, енді бас қаланың комедия жанрына салаланған кәсіби театры бар.

Көрерменін қуантқан комедия

2018 жылдың қазан айында ресми түрде құрылған театрдың директоры әрі көркемдік жетек­ші­сі – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Тұрсынбек Қаба­тов, бас режиссері – Сайлау Қами­ев. 

Астана қаласы әкімдігінің қолда­уымен өмірге келген өнер ордасы жаңа жылда қос бір­дей комедиясын көрермен наза­ры­на ұсынып үлгерді. Оның ал­ғаш­­қысы – жас театрдың тұ­­са­­уын кескен М.Фрейннің «Теа­тр 180◦» қойылымы болса, екін­шісі – француз драматургі М.Камолеттидің «Мерекелік меню» комедиясы.

– Комедия театры болғаннан кейін, әрине, негізгі басымдық отан­дық және шетелдік дра­ма­тург­тердің үздік қойы­лым­да­ры­на беріледі. Алдағы уақытта астарлы, айтары мол комедиялармен қатар, У.Шекспир, А.Чехов сияқты классик драма­тург­тердің де пьесаларын сах­на­ға шығару жоспарда бар. Өйткені бірыңғай күлкі жанрына ойыса берсек, актерлеріміздің шығар­машылық өсуін таптау­рын­дылыққа ұрындырып алуымыз мүмкін. Сондықтан да театр репертуарының 80 пайы­зын комедия жанрындағы қойы­лым­дарға арнасақ, қалған 20 пайызы драма мен трагедияға арналады деп күтілуде. Театр труппасының барлығы дерлік жастар болғандықтан, сахнаға жастық жалынды, тазалықты алып келгіміз келеді, – дейді театр­дың бас режиссері, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­ке­рі Сайлау Қамиев.

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетін актер, режиссер Сайлау Қамиев шеберханасы бойынша тәмамдаған жас­тар­дан құралған театр труп­па­­сында барлығы 31 актер қызмет етеді. Жақында премьерасы өткен француз драматургі М.Камо­леттидің «Мерекелік меню» комедия­сынан сол жас­тар­дың бір­қатарының өнерін тамашалау мүм­кіндігі туды. Атап айтсақ, Жак­лин рөлінде – Ақбота Мәке­жа­­нова мен Алтынай Қожах­ме­то­ва, Бернард – Әли Бидах­мет пен Нұржан Асылхан, Ро­берт – Әли Жарасұлы, Ғани Берден­бетов, Сюзетта – Айша Ағымбай, Альбина Уәлиева, Сюзанна – Еңлік Айымғазы, Әсел Нұртазина және Джордж рөлінде Бағлан Иманғазинов пен Бейбарыс Асқарбеков өз өнерлерін көр­ер­­мен назарына ұсынды. Шы­тыр­ман оқиғаға құрылған ситуа­ция­лық комедиядағы оқиға желі­сі­нің күтпеген бұрылыстары, шыр айналдырар интрига мен тартысты сюжет актерлердің мін­деттерін қиындатқанымен, іш­кі және сыртқы пластикасын, жалпы шығармашылық мүмкіндігін көрсетуіне тамаша жол ашқаны анық. Алдағы уақыт­та да театр осы ізденісін жал­­ғастыра берсе, сандық қана емес, сапалық тұрғыдан да жаңа белеске көтеріліп, өнер әле­мін­де өз қолтаңбасын қалып­тас­ты­ра­тынына сенім мол. Оған жас труппаның шығармашылық қарымы толық жетеді.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»