Шоу бағдарламаның сюжеті бойынша Индира есімді қыз түсінде жабайы табиғат пен экзотикалық жануарлардың әлеміне кездейсоқ тап болып, ертегі кейіпкерлерімен бірге таңғажайып саяхатқа аттанады.
Осылай басталатын шытырман оқиғаға толы көрсетілімде көрермен «Индира» цирк шоуының жонглерлер мен аң үйретушілер, эквилибристер мен әуе гимнастшылары, акробаттар мен сайқымазақтар, сондай-ақ 85-тен аса жануарлар өнерін тамашалай алады. Оның ішінде түйе, пума, арыстан, ит, лама, питон, қолтырауын, маймыл, жайра және аттар мен үнді пілдері бар. Әрқайсысы өзінің ерекше өнерімен көрушісін қайталанбас қызыққа кенелтті. Әсіресе, Ранго, Претти және Марго атты үш пілдің әрекеті тіпті керемет. Көпшілік алдында өнер көрсетуге барынша машықтанған алып жануарлар пирамида құрып, еңбектейді, билейді, шарға тұрады, тіпті түрлі музыкалық аспаптарда ойнап, шеңбер айналдыруда да алдына жан салмайды. Айтулы шоу бағдарламаның ерекшелігі де сол: бұл – цирк манежіне бірден үш үнді пілі шығатын әлемдегі жалғыз қойылым.
Сондай-ақ таңғажайып көрсетілім аясында цирк өнерінің жанкүйерлері аңызға айналған «Пілдермен жер жүзін айналып шығу саяхаты» аттракционының кейіпкерлері Корниловтар әулетімен танысып, әртістердің авторлық музыканың сүйемелдеуіндегі ерекше әсем хореографиялық жұмыстарының да куәсі бола алады.
Айта кетейік, аң үйретуші Андрей мен Анастасия Дементьев-Корниловтар Мәскеуде өткен Цирк өнерінің бүкіләлемдік фестивалінің «Алтын сыйлығы» мен Халықаралық цирк өнері фестивалінде бірінші орын және «Алтын піл» сыйлығын, сонымен қатар Ижевскіде (Удмуртия) өткен Халықаралық цирк фестивалінің, бас жүлдесін қанжығасына байлады. Бұдан бөлек, Ресей мемлекеттік цирк компаниясының «Шари-вари», Ресей цирк қайраткерлері одағының «Үздік әртіс-2012» (Андрей Дементьев-Корнилов) және «Үздік жыл аттракционы-2015» аталымында «Шебер» сыйлығы мен Цветной бульвардағы Никулин циркі Халықаралық цирк өнері фестивалінің «Алтын піл» Гран-приін иеленген.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»