Құрметті отандастар!
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзі дамудың қазіргі кезеңінде ел алдында тұрған түйінді мақсаттар мен әлеуметтік саясаттың міндеттерін айқындайтын стратегиялық маңызды бағдарламалық құжат болды.
Азаматтардың мемлекет тарапынан қолдау күткен сауалдары Елбасының өзекті, әлеуметтік бағдарланған тапсырмаларында атаулы және барынша дәл жауаптарын тапты.
Негізгі басымдық – азаматтардың өмір сүру деңгейін және Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету.
Бүгіннің негізгі міндеттері – халықтың аз қамтылған топтарының табыстарын арттыру және қолдау, кірісі төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту.
Қазақстандық отбасылардың әл-ауқат деңгейін арттыру бойынша нақты қадамдар ұсынылды. Негізінен кірісі төмен көп балалы отбасыларға арнап 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтерлер салынып, несиелеудің жеңілдікті жаңа тетігі әзірленетін болады.
Әр балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері 21 мың теңге шамасында.
2019 жылғы 1 шілдеден бастап бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға, ал жергілікті атқарушы органдардың төмен деңгейдегі қызметкерлерінің жалақысы орташа есеппен 25%-ға ұлғаяды.
Білім беру және денсаулық сақтау салаларын бұдан әрі қарай: оқу орындарының тиімділігін арттырудан бастап қоғамдық денсаулық сақтау және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерінің жұмысына шығатын шығындарды 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайтуды жақсартудың жолдары белгіленді.
Президент Үкімет пен өңірлер әкімдері жұмысының маңызды тұстарын атап көрсетті. Елдегі өмір сүрудің жаңартылған өңірлік стандарттарына негізделген Жаңа картасын қалыптастыруға тапсырма берілді. Болашағы бар селолық елді мекендер өсу және орнықты даму жолындағы мекендерге айналуға тиіс.
Барлық жобаларды іске асыру үшін бюджеттен жиынтығында 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мұның шамамен 2 миллион адамға және 340 мың көп балалы отбасына әсері болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуына тұрақты негізде қоғамдық бақылау жасап келеді. Бұл жұмыс Елбасының жаңа әлеуметтік бағдарламаларына қатысты да жалғасатын болады.
Өйткені нақ осы халықтың әлеуметтік әл-ауқаты мәселелері ұлттық бірлікпен тікелей байланысты. Олардың негізінде – халықтың бірлесуі, бәсекеге қабілетті экономика, зияткер қоғам, әлем құрмет тұтатын ел деген ортақ мән жатыр.
Әлеуметтік мемлекеттің іргетасын солар қалыптастырады. Ал бұл мемлекеттің ең негізгі мұраты – әр қазақстандықтың бақуатты болуы.
Құрметті қазақстандықтар!
Президент ұсынған шаралар – елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік жаңғыртудың, Бес әлеуметтік бастаманы және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың қисынды жалғасы.
Біз олар әркімнің жүрегін жылытып, оң баға алатынына сенімдіміз. Бұл міндеттерді іске асыру бүгін, нақ осы жерде, тап қазір басталады. Елдегі бірлігіміз бен келісімімізді сақтап, ісімізге барынша көңіл бөліп, жауапкершілікпен қараған кезде ғана оларға қол жеткізе аламыз.
Біз барлық қазақстандықтарды әлеуметтік әділеттілік пен бақуатты мемлекет құру мақсатына қол жеткізу жолында бірлігімізді бекемдей түсуге шақырамыз!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі
2019 жылғы 27 ақпан