Мәжіліске келіп түскен заң жобаларының ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы бар.
Аталған құжат міндетті әлеуметтік сақтандырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту қарастырылған.
Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл шартты ратификациялау қылмыспен күресте екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Аталған құжатқа 2017 жылдың маусымында Ханойда қол қойылған.
– Шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті көрсету мәселелерін реттейді, сондай-ақ жасалған қылмыс тұрғысында күдіктінің кінәсін дәлелдеуге қажетті тергеу амалдарын жүргізу ескерілген. Жалпы, бұл шарт стандартты құжат болып саналады, – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин.
Баяндамашының айтуына қарағанда, шартты ратификациялау екі елдің қылмыскерлікпен күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттыруы тиіс. Қазіргі уақытта осындай шарттар 27 елмен бекітілген. Сонымен қатар қазір Кубамен, Грекиямен және Македониямен арада осы тектес құжатқа қол қою мәселесі пысықталуда.
– Вьетнаммен ынтымақтастық айтарлықтай белсенді түрде дамып келеді. Бұл мемлекет Оңтүстік-Шығыс Азияда біз үшін тартымды елдердің бірі болып отыр, яғни экономикалық тұрғыда байланыстар нығайтылуда, – деді А.Лукин.
Жалпы, Қазақстан мен Вьетнам арасында өткен жылы сауда айналымы 500 млн АҚШ долларынан асқан. Сондай-ақ мемлекеттер арасында тікелей әуе рейстері ашылған.
Жалпы отырыста Қазақстан Президентінің Жарлығымен Парламент Мәжілісінің депутаты Сапархан Омаровтың Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалуына байланысты депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Сонымен қатар палата Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы лауазымына Берік Оспановты сайлады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»