Білген басшы бар халықтың қамын жер
Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:04
Әлем жұртшылығының Мысыр еліне көз тіккеніне біраз болды. Астанасында аласапыран. Біріне бірі қарсы тұрған халық. Ертең қалай болары белгісіз. Жұрт 15 желтоқсанды күтіп отыр. Осы күні біраз нәрсе айқындалмақ.
Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:04
Әлем жұртшылығының Мысыр еліне көз тіккеніне біраз болды. Астанасында аласапыран. Біріне бірі қарсы тұрған халық. Ертең қалай болары белгісіз. Жұрт 15 желтоқсанды күтіп отыр. Осы күні біраз нәрсе айқындалмақ.
Айқындалғанда, осы күні өтеді деп отырған Египеттің жаңа конституциясының жобасына байланысты референдумнан кейін жағдай тіпті шиеленісіп кетуі әбден ықтимал. Қазірдің өзінде ол шарықтау шегіне жеткендей. Көше қарсыластарға толы. Сарапшылар, саясатшылар оны бұрынғы президент Хусни Мүбәракты тағынан тайдырған «араб көктемі» революциясымен салыстырады.
Бұл елде қалыптасқан жағдай туралы бұған дейін де біраз жаздық. Президент сайлауында «Мұсылман бауырлар» қозғалысының өкілі Мұхаммед Мурси азғандай ғана басымдықпен (51 пайыз) жеңіске жеткен болатын. Содан кейін ол өзін қолдаған қауымның ғана мүддесін ойлап, қалған 49 пайыз халықтың мүддесін ескермей әрекет етті. Ол ел басшысы барша халықтың қамын жеуі парызды іс екенін ұмытты деген айыппен жұртшылықтың наразылығын тудырды.
Бұл қарсылық, әсіресе, президенттің 22 қарашадағы өзінің өкілеттігін кеңейтіп, сот билігін шектеген жарлығынан кейін тіпті күшейген. Соны ескеріп, Мурси бұл уақытша ғана шара деп ақталғанымен, оның асығыс түрде референдум өткізу жөніндегі шешіміне оппозиция мүлде қарсы.
Жалпы, референдумға ұсынылып отырған конституция жобасы, парламентте (онда исламистер басым) қабылданғанмен, оппозиция пікірінше, ол асығыс жасалған, жалпы халықтық мүддеге қайшы. Онда саяси және діни еркіндікке, сондай-ақ әйелдер бостандығына кепілдік берілмеген. Сынаушылар конституцияны Мурсиді қолдайтын исламистер әзірлегеніне назар аударып отыр.
Наразылықтың күшейгенін ескеріп, президент Мурси халыққа телеканал арқылы үндеу арнады. Ол оппозицияны қалыптасқан жағдайды реттеу үшін үн қатысуға шақырды. Оппозиция оны қабылдамады. Қарсылардың басты талабы референдумды кейінге шегеріп, 22 қарашада қабылданған конституциялық декларацияны тоқтату болып отыр.
Билік пен оппозицияның бірін-бірі ұғатын, келісімге келетін түрі жоқ. Әскерилердің оларды мәмілеге шақырғаны жауапсыз қалды. Ал әскерилер қарсыластың бірін жақтап, сөзден әрекетке көшер болса, оның аяғы насырға шабары анық.
Референдум қарсаңында Мұхаммед Мурсиге қарсылар саны айтарлықтай өскені жайында пікірлер айтылуда. Соған қарағанда, референдум нәтижесінен кейін, тіпті онда президент жақтастары көпшілік дауыс алғанымен, жағдай оңға қарай өзгере қоймайтындай. Тіпті ол қарсыластар арасындағы қайшылықты бұрынғыдан да күшейтіп жіберуі мүмкін.
Кейбір ақпарат құралдары Египет билігі оппозицияға қарсы қуғындауды күшейтпек, оның басшыларын қамауға алмақ деген сөз де таратып отыр. Ал бұл шындыққа айналар болса, ол билікке қарсылықты күшейте түсіп, жағдайды ушықтыратын жол.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».