Қазақстан • 28 Ақпан, 2019

Оралда су тазартқыш сүзгі сынақтан өтуде

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Мөңкеұлы көшесіндегі көп қабатты үйлердің біріне канадалық су тазартқыш «Black powder» магнитті сүзгісі орнатылды. Жаңа қондырғының тиімділігі мен нәтижесі екі айлық сынақтан кейін тексерілетін болады.

Оралда су тазартқыш сүзгі сынақтан өтуде

Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

- Қондырғының құрылымы өте қарапайым, құбырдағы су өте қуатты қос магнит таяқшаның арасынан өтеді. Сол кезде су құрамындағы тат, темір оксиді т.б. тұтылып қалады. Бұған электр қуаты, қосымша шығын кетпейді. Тұрғындардың тұтыну тариф бағасы да өзгермейді. Пилоттық жоба бойынша бұл сүзгі әзірге тегін орнатылып отыр, - дейді «Жайықжылуқуат» мекемесінің өндірістік-техникалық бөлім бастығы Болат Батаев.

Бұл қондырғыны елімізге әкеліп, қазақстандықтардың игілігіне ұсынып жүрген - «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ екен. Бұл ұйым канадалық Black Powder Solutions Inc. компаниясымен арада меморандум жасап, Қазақстан Республикасының коммуналдық шаруашылығын дамыту үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға кіріскен.

Акционерлік қоғамның Батыс Қазақстан облысындағы филиалы төрағасы Нұрлан Мырзағалиевтің айтуынша, Black Powder Solutions магнитті сепараторларының көмегімен тазартылған су адам денсаулығына пайдалы болуымен қатар, құбырлардың қызмет ету мерзімін 1,5-2 есе ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл технология 18 жыл бұрын ойлап табылған, бүгінде әлемнің 40 елінде қолданылады. Ал Қазақстан бойынша әзірге екі-ақ қалада: Ақтау мен Орал шаһарында орнатылған. Пилоттық жоба оң нәтиже берген жағдайда, жобаны басқа өңірлерде іске асыру мәселесі қаралатын болады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан