13 Желтоқсан, 2012

Неміс байларының бірі көз жұмды

251 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Неміс байларының бірі көз жұмды

Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:16

Саяси күрес ережелерін атады

Ресей президенті Владимир Путин Федералды жиналысқа жолдауында өз саясатының негізгі қағидаттарын атап  көрсетті. Ол үнқатысу заң аясында іс-қимыл танытатын саяси күштермен ғана мүмкін екенін мәлімдеді.

 

Бейсенбі, 13 желтоқсан 2012 7:16

Саяси күрес ережелерін атады

Ресей президенті Владимир Путин Федералды жиналысқа жолдауында өз саясатының негізгі қағидаттарын атап  көрсетті. Ол үнқатысу заң аясында іс-қимыл танытатын саяси күштермен ғана мүмкін екенін мәлімдеді.

Сөйтіп, мемлекет барлық партияларға БАҚ-тарға теңдей қолжетімділікті қам­тамасыз етуге ұмтылатын болады. «Саяси бәсекелестік – ел үшін сөзсіз қажет нәрсе. Сонымен бір мезгілде, бізге ізгілікті саяси бәсекелестік ережелерінің жиынтығы секілді нәрсені қалыптастырған жөн», деп атап өткен президент. Жалпы, жолдауда Ресей президенті ел үшін қажетті көптеген басымдықтарды нақпа-нақ атап берді.

Жер серігі орбитаға шығарылды

Солтүстік Корея  кеше ертеңгісін Сохэ космодромынан жер серігі орбитаға табысты шығарылғанын хабарлады. Жапония басшылығының деректеріне қарағанда, Корея зымыранының бірінші баспалдағы Корея бұғазынан 200 шақырым жерде бөлініп түскен.

Ал екіншісі одан 250-300 шақырым жердегі Шығыс Қытай теңізіне құласа, үшіншісі Филиппиннің шығысынан 300 шақырым жерде ағытылып түскен. КХДР-дің үстіміздегі жылдың сәуіріндегі зымыран ұшыру әрекеті сәтсіз аяқталған еді. Сонда «Ынха-3» старттан соң 2 минут өтпей әуеде шашылып қалған болатын. КХДР-дің іс-әрекеті әлемдік қоғамдастықтың алаңдаушылығын туғызып отыр.

Қысқа қайырып айтқанда:

 АҚШ пен Ресей кеше КХДР ұшырған зымыраннан ешқандай қауіп-қатер көрмейді. Бұл жөнінде Ресей қорғаныс министрлігі мен Пентагондағы жоғары шенді офицерлер мәлімдеді.

  АҚШ президенті Барак Обама Сирияның оппозициядағы  ұлттық коалициясын Сирия халқының заңды өкілі ретінде тану туралы мәлімдеме жасады. Мұндай ұстанымын Обама АВС News-ке сұхбатында білдірді.

  Солтүстік Корея аумағында АҚШ азаматы ұсталды. Қамауға алынған 44 жастағы америкалық әйел туристік оператор болып жұмыс істеген екен. Жалпы, КХДР-де АҚШ азаматтары оқтын-оқтын тұтқындалып тұрады.

  Сирияның Хама провинциясындағы алавиттер қоныстанған Акраб елді мекенінде  125 адам қаза тапқан. Олар іркес-тіркес жасалған жарылыстардан көз жұмған. Алавиттер исламның шиит тармағына жатады және шамамен  ел халқының 15 пайызын құрайды.

  Ұлыбританияның парламенті бір жынысты жұптардың некелесуіне рұқсат беретін заңды мақұлдады. Ол 2015 жылдан бас­тап күшіне енетін болады. Католик шіркеуі бұл үдеріске үзілді-кесілді наразылық танытып отыр.

Сирияға араласудың жоспары

Ұлыбританияны қоса алғанда, Батыстың бірқатар елдері Сирия жанжалына әскери араласудың жоспарын түзді. Онда бүлікшілерді оқыту мен қамтамасыз ету ғана емес, жанжалға тікелей әскери қатысу қарастырылады.

Бұл жөнінде Британия басшылығындағы дерек көзіне сілтеме жасаған бірқатар әлемдік БАҚ-тар хабарлады. Бұл мәліметтерге сәйкес, Батыс елдері 22 айға созылған жанжал өзінің шарықтау шегіне жетті, сондықтан бүлікшілерге көмектесу қажет деген қорытындыға келген. Сонда Сирияның жаңа билігі  АҚШ пен Еуропаны өздерінің сенімді серіктестері ретінде қабылдайтын болады.

Чавеске Кубада ота жасалды

Венесуэла президенті Уго Чавеске Кубада жасалған ота сәтті өткен. Бұл туралы мемлекеттік телевизия эфирінде сөйлеген Венесуэланың вице-президенті Николас Мадуроның сөзіне сілтеме жасай отырып,  «Рейтер» агенттігі хабарлады.

Оның сөзіне қарағанда, ота күрделі өткен және 6 сағатқа созылған. Вице-президенттің сөзінен белгілі болғандай, Чавес өз палатасына оралған. Отадан кейінгі оңалту үдерісі бірнеше күнге созылатын көрінеді. Агенттік хабарлағанындай, Чавестің жүздеген жақтастары бір жерде бас қосып, ота уақытында оның денсаулығы үшін жалбарынған.

Бакиевке зейнетақы талап етті

Белоруссия президенті Александр Лукашенко Қырғызстан басшылығына республиканың бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевке зейнетақы аударып тұру туралы ұсыныс білдірді. Қ.Бакиев мемлекеттік төңкерістен кейін Минскіге қашқаны белгілі.

«Сіздер оған зейнетақы аударып тұрыңыздар. Ол, әрине, аштан өлмейді, бірақ зейнетақы тағайындаған екенсіздер, аудару керек», деп мәлімдеді А.Лукашенко ТМД, Балтия және Грузия елдері бас редакторларының клубы мүшелерімен кездесуі кезінде. Белоруссия президентінің сөзіне қарағанда, Бакиевтің балалары өте тәрбиелі. Екі жылдың ішінде орыс және белорус тілдерін үйреніп алған.  Кілең үздік оқиды.

Неміс байларының бірі көз жұмды

Германиядағы аса ауқатты адамдардың бірі Бертольд Альбрехт 58 жасында көз жұмды. Ол азық-түлік супермаркеттері желісінің тең иегері болып табылған. Ол супермаркеттер желісіне өзінің туған інісі Тео Альбрехтпен бірге басшылық етіпті.

Ағайындылардың ортақ байлығы 13,6 млрд. еуроға тең екен. «Форбс» журналының миллиардерлер рейтингінде ағайынды Альбрехттер 32-ші орында тұрса керек. Кейбір  деректерде Бертольдтің байлығы 7,7 млрд. еуро құрағаны айтылады. Ал ағайындылар байлықтары үшін өздерінің әкелеріне қарыздар көрінеді. Үлкен Тео өзінің бауыры Карлмен бірге екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осындай желі құрған екен.

 Интернет материалдары негізінде әзірленді.