— Ершат Ағыбайұлы, осы біздің қоғамда зайырлылықты дінсіздікпен, атеизммен шатастыратындар жоқ емес. Осы зайырлылыққа қысқа әрі нақты анықтама беруге бола ма?
— Рас айтасыз. Бізде кейбіреулер зайырлылықты дінсіздікпен немесе атеизммен шатастырып жатады. Әйтпесе, зайырлылық атеизм де, дінсіздік те емес.
Зайырлылыққа “азаматтық ұстаным” деген қысқа әрі нақты анықтама беруге болатын шығар. Себебі, ол әр мемлекеттің саяси бағытына, қоғамының сұранысына қарай өзгеріп отырады.
Ал жалпылама айтқанда, мемлекеттің қандай да бір дінге басымдық бермей, барлық дінге тең дәрежеде бірдей қарауды білдіреді. Сондай-ақ азаматтардың діни сенім бостандығының болуы мен мемлекеттің ресми ұстанатын дінінің болмауы. Сонда зайырлылық дегенді үш сөзбен түйіп айтуға болады екен. Ол - біріншіден, мемлекеттің бейтараптығы, екіншіден, дін мен мемлекеттің бөлінуі, үшіншіден, діни сенім бостандығының болуы.
— Анықтамасында «Исламофобия (немесе анти-исламдық көңіл-күй) — ислам дініне немесе мұсылмандарға қатысты қалыптасқан біржақты қате түсінік, оларға қарсы өшпенділік немесе төзімсіздік» делінеді. Осы исламофобия қайдан шықты?
— Исламофобияның себептері мен белгілері әлі күнге дейін талас тудыруда. Кейбір ғалымдар оны нәсілшілдіктің бір түрі деп сипаттаса, енді бір пікір білдірушілер Исламофобияның өсуіне 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестік актілер себеп болды деп пайымдайды. Сондай-ақ бұны мұсылмандар санының АҚШ-та, Еуропа одағы және басқа да зайырлы мемлекеттерде өсуімен байланыстыратындар да бар.
Қалай дегенмен де, исламофобия ұғымы кеше-бүгін аяқастынан пайда болмағаны белгілі. Егер тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, батыстың ислам дінінің өркендеуіне қарсылығы сонау крест жорықтарынан бастау алатынын аңғаруға болады.
Бүгінгі таңда да ислам дінін қанқұмар, баскесер, озбыр, ымырасыз дін қылып көрсеткісі келіп батыс елдері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы болсын, басқалай болсын барын салып бағуда. Тіпті батыстың ықпалды елдері ДАИШ секілді арнайы топ құрып, исламды күйелейтін саяси ойын да жасап отырғаны жасырын емес. Сол содырлардың жан түршігерлік әрекеттері арқылы «ислам деген осы» деп көрсетіп отыр. Ең өкініштісі, осы ойынның арасынан біздің қаракөз бауырларымыздың да бой көрсетуі жанға батады.
— Жалпы, Ислам қандай дін?
— Шын мәнісінде сол ДАИШ сапында жүргендер шынайы мұсылмандар ма? Ислам батыс елдері айтқандай қанқұмар дін бе? Әрине, жоқ! Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Шынайы мұсылман - қолымен де, сөзімен де ешкімге зиянын тигізбеген адам» деген. Демек, Алланың атын ұлықтап тұрып жазықсыз жанның басын кесу, қанын төгу - мұсылмандықтың маңайына да жуықтамайды.
Ислам – араб тілінен аударылғанда бейбітшілік, тыныштық деген мағынаны білдіреді. Мәселен, Християн атауы Иисус Христостан, ал Буддизм Буддадан алынған болса, ислам - Алланың қойған атауы. Осынша уақытқа дейін қасиетті Құранның да бір әрпінің өзгермеуі исламның ең соңғы және шынай дін екендігін айғақтайды.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, Оның қаһары тегінде тым қатал» дейді (Мәйда сүресі 2-аят). Сондай-ақ өзге дін өкілдерімен де жақсы қарым-қатынаста болуға шақырып, «Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер» дейді (Ғанкабут сүресі 46 аят). Бүкіл адамзат баласын ұлтына, дініне, нәсіліне қарамай Адам Ата мен Хауа Ананың ұрпағы деп сүйе алатын, әлемдегі ең озық, ең асыл және ең соңғы дін, ол – ислам.
Міне, ислам осындай дін. Осыны түсінген әлемнің қаншама ғұлама ғалымдары мен ойшылдары, танымал тұлғалары исламды қабылдады. Солардың бірі - орыстың ойшылы Лев Толстой өмірден өтер шағында «Кез келген саналы адамның соңғы табан тірер жері – ислам» деген екен.
— Ал, шынайы мұсылман қандай болу керек?
— Шынайы мұсылман – Аллаға иман келтірген және Алланың әміріне амал еткен адам. Алланың бар екеніне, Оның бір екеніне, Оның барша жаратылыстың иесі екеніне иман келтірген адам Иесінен шынайы қорқа біледі. Ал Иесінен қорыққан адам Оның әрбір әмірін бұлжытпай орындайды. Алланың әмірін бұлжытпай орындаған кісі ешқашан жамандыққа, залымдыққа, біреудің ала жібін аттамақ түгілі, көңіліне келетін сөз айтуға жүрегі дауаламайды.
Шариғат бойынша бес парызы түгел кісі мұсылман деп саналады. Яғни, иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беріп, қажылыққа бару. Бірақ мұның барлығы мұсылманның сыртқы сипаттары ғана. Бұлай дейтініміз, қазір намаз оқып, өздерін (сәләфи) шынайы мұсылман санап жүргендер өзгені еш ойланбастан кәпірге шығаратын болды. Олар өзін өмірге әкелген, ақ сүтін беріп өсірген, түн ұйқысын төрт бөліп, ел қатарына қосқан анасының кеудесінен итеріп, ақ некелі, адал жарына Алланың ең сүймейтін ісі - талақ айтып, бауырынан безіп, ағайынынан алыстап жүріп өздерін шынайы мұсылман санайды. Өзінің намаз оқығанын айналасындағыларға бұлдап, өзін өзгелерден жоғары қояды. Діндегі әлдеқашан шешімін тауып қойған дүниелерді қайта қозғап, жамағат арасына жік салып, жоқ жерден дау туғызып жүреді. Ал осы әрекеттер шынайы мұсылмандыққа жата ма? Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деді. «Жәннат ананың аяғының астында», «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, ал қаһары ата-ананың ашуында» деді. «Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай тәкаппарлық болса, ол кісі жұмаққа кірмейді» деді. Демек, бес парыз жаңғақтың сыртқы қабығы секілді дүние екен. Кей жаңғақтың сырты қатты болғанмен, іші бос болады емес пе?! Бұлар да сыртқы формаға аса мән бергенімен, ішкі дүниесінің бос екендігін аңғартады. Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай, мұсылмандық тұрмақ адамдыққа жат әрекеттерге барып жатады.
Мұсылмандықтың алғашқы шарты – иман келтіру. Ал оған Алланың бір және бар екендігін білу ғана деп тар шеңберде түсіну қателік. Иманды адам шынайы адал болады, иманды, адал адам еңбекқор, жомарт болады, ал ондай адамдар бауырмал, мейрімді және өте қайырымды болып келеді. Бойында осындай қасиеті бар кісі көркем мінезді болады. Ісінен де, сөзінен де ел үлгі алады. Қазақ көркем мінезді жан көрсе, «өзі иманды жан» екен дейтіні бар. Ал иманды адамның құлшылықсыз жүрмейтіні ақиқат.
Негізі, шынайы мұсылманның бейнесі пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге қалай үйретті, солай болуы керек. Себебі, ислам діні – бейбітшіліктің, татулықтың діні. Байқасаңыздар, мешіттердің күмбезінде айдың бейнесі тұрады. Бұған көпшілік аса мəн бере бермеуі мүмкін. Бірақ ол айдың үлкен мəні бар. Ай қараңғыда түскен жарықтың белгісі. Ислам діні де пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген кезде сол кездегі қоғам қараңғылықта болатын. Ислам – адамдарды сол қараңғылықтан шығару үшін келген дін. Сол себептен, мешіттердің төбесінде айдың белгісі тұрады. Расында да, бұл - нағыз шынайы мұсылманға тән қасиеттер.
— Арнайы уақыт бөліп, салихалы сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз!
Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК