«Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көп балалы отбасылар тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынды. Олар халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді ықпал етеді. Біріншіден, күнкөрісі төмен, оның ішінде көп балалы отбасыларды қолдау шараларын қамту мен күшейтуді кеңейту қолға алынбақ. 1 шілдеге дейін күнкөріс деңгейі 14 830 теңге болады, ал 1 шілдеден бастап 20 789 теңгеге көбейеді. Бұл - 18 жасқа дейін төленеді. Егер балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Бұған қоса, ата-анасының табыстары күнкөріс деңгейінен кем болса, қосымша жәрдемақы төленеді. Егер бұл көмекті осы уақытқа дейін 570 мың адам алып келсе, енді 260 мыңға көбейіп, яғни 830 мың қазақстандықтың әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігі болады. Бір отбасын мысалға келтірсек, 4 балалы жалғызбасты отбасы делік. Егер 1 шілдеге дейін табысы жоқ болған соң отбасы 63 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, 1 шілдеден бастап бұл 40 мың теңгеге көбейеді. Яғни, 103 945 теңге болады. Ал қосымша төлемдерді есептегенде отбасының жалпы бір айлық табысы 114 448 теңгені құрайды.
Балаларға берілетін 21 мың теңгеден бөлек, ата-анасына да қосымша ақы төленеді. Осы уақытқа дейін атаулы көмекті бір адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алса, енді Президент тапсырмасы бойынша аталған көрсеткіш 70 пайызға, яғни 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр. Демек, көп балалы отбасының жалпы табысын әрбір адамға бөлгенде ақшаның сомасы күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әр балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі. Егер отбасының әр мүшесіне шаққанда табыс күнкөріс деңгейінен (70 пайыздан) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, ата-анасына қосымша төленеді. Одан кейінгі ең үлкен жеңілдік, бұрын табысты есептегенде «Алтын алқа», «Күміс алқа», көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясы саналатын. Енді оның бәрі есепке алынбайды. Барлық заңдар мен қаулыларға өзгеріс енгізуіміз керек. Сөйтіп, оның барлығын Парламентке өткіземіз. Жәрдемақы 1 шілдеден бастап төлене бастайды.
Бердібек САПАРБАЕВ,
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі