Қазақстан • 01 Наурыз, 2019

Қазақ даласы қаншалықты дархан болса, пейілі де соншалықты кең

1009 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Этникалық бірлестіктердің өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қойды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ даласы қаншалықты дархан болса, пейілі де соншалықты кең

Алғыс айту күнін мерекелеу аясында Астана қаласының этникалық бірлестіктерінің өкілдері Ботаникалық бақта «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қойды. Алғыс күні 1 наурызда, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні мерекеленеді. Мейрамның басты идеясы – қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті, жалпыұлттық бірлікті нығайту.

Мереке 2016 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген. «Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың атынан Сіздерді келе жатқан мерекемен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жер аударудың қорқынышты жылдарын бастан кешкен және Қазақстанды жаңа Отан тұтқан адамдарға құрмет ретінде бұл күн барлық қазақстандықтардың жадында қалады. Сол кезде еркінен тыс бірнеше ұлт өкілі қазақ даласына жер аударылды. Қазақ даласы қаншалықты кең болса, халықтың рухы да соншалықты дархан. Жер аударылған халыққа зор ықылас, көмек және қамқорлық көрсетті. Қазақстанды өз үйі санайтын адамдардың бір ұрпағы өсті. Үлкендерге өз этносының дәстүрлерін қолдау және басқа халықтардың мәдениетін сыйлағаны үшін алғыс айтамын», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.

«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында Қарағанды облысының қолдауымен орнатылды. Ол қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға қоныстанған көптеген ұлт өкілдерін қабылдаған қазақ халқының мейірбандығын білдіреді. Композицияның ортасында өзге ұлттың 3 сәбиін қорғаштап тұрған жас қазақ әйел бейнеленген. «Бүгін біз үшін толғанысқа толы күн. Біз гүл шоқтарын қойып, сол жылдары көптеген халықтарды құшақ жая қарсы алғаны үшін қазақ жеріне тағы да алғыс айтамыз. Менің анам өткен жылы 100 жасқа толды. Бүгін ол байырғы халықтың мейірімділігі мен көмегі бізге жаңа үй, Отанды табуға қалай көмектескенін күлімсіреп, терең құрметпен еске алады. Біз өркендеу мен мүмкіндіктерге толы тату елде өмір сүріп жатқанымызға үлкен рахмет айтамыз», – деп өз әсерімен бөлісті Астана қаласы «Кәрістердің этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пак.

Салтанатты шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкерлері, ҚХА  депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының белсенділері, қоғам қайраткерлері, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты. Алғыс күнін мерекелеу аясында Қазақстанда 1,5 мыңнан астам түрлі мәдени-бұқаралық және қайырымдылық іс-шаралар өтеді. Оларға 1,4 млн астам адам қатысады деп күтілуде.