Кезекті жұмада Шымкент қаласы бойынша өкіл имам Бақтыбай қажы Бейсенбаев Алла үйіне жиналған жамағатқа ұрпақ тәрбиесі хақында уағыз айтты.
«Діни тұрғыда да әке – өз балалары үшін ақыретте Алланың алдында есеп бермек. Сонда қазір алимент төлемей қашып жүрген әкелер бұл дүниеде заң алдында, ал ақыретте Алланың алдында жауапты болмақ. Әрбір ата-анаға балалары аманат болып саналады», деді өкіл имам.
Дін өкілі алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкер әкелерге туған баласына қамқорлық таныту қажет екендігін және балаларымызға дұрыс тәлім-тәрбие беруде осалдық танытпауды шақырды.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық прокуратурасымен бірлескен жұмыстар аясында 80 мешітте арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оған 85-тен астам жамағат қатысты.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент