Шарайна
Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:55
Қарулы күш қолданбақ ниетте
Сирия революциясы күштерінің ұлттық коалициясы ел президенті БашарАсадпен келіссөзге барудан бас тартып, оны қарулы күш қолдануарқылы орнынан тайдырмақ ниетте.
Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:55
Қарулы күш қолданбақ ниетте
Сирия революциясы күштерінің ұлттық коалициясы ел президенті БашарАсадпен келіссөзге барудан бас тартып, оны қарулы күш қолдануарқылы орнынан тайдырмақ ниетте.
Жаңа коалиция туралы қабылданған декларацияда Асад режімін құлату және онымен қандай да бір үнқатысуға барудан бас тарту бірінші мәселе ретінде көрсетілген, деп мәлімдеген Сирия ұлттық кеңесінің өкілі Махмуд әл-Хамза. Сирия ұлттық коалициясы Башар Асадқа қарсы әскери іс-қимылдарды үйлестіріп, ереуілшілер қол астындағы өңірлерге басшылық жасамақ ниетте. Айта кету керек, ұлттық коалиция құрамына саяси эмиграцияда жүрген және Сирияда күрес жүргізіп жатқан 60 адам енген.
Би-би-си басшылығы отставкаға кетті
Би-би-си жаңалықтар қызметінің директоры Хелен Боуден мен оның орынбасары Стив Митчелл отставкаға кетті.
Би-би-си басшылығы бұл отставкалар туралы түсінік берген жоқ, бірақ таяу уақыттарда ол туралы мәлімдеме жасалады деп күтілуде. Жаңалықтар қызметі дирекциясындағы отставка корпорация бас директорының жұмыстан кететіндігі туралы мәлімдемесінен кейін орын алып отыр. Ал Би-би-сидің бас директоры Джордж Энтуисл эфирге Newsnight бағдарламасының кезекті шығарылымынан соң туындаған жанжалға байланысты отставкаға кеткен болатын.
Мереке соңы қақтығыстарға ұласты
Орын алған қақтығыстар салдарынан бірнеше офицер жараланып, көптеген ереуілшілер қамауға алынды, деп хабарлады ВВС польшалық БАҚ-тарға сілтеме жасай отырып.
Қақтығыстардың алдын алу үшін Варшавада ұлтшылдар марш өткізген ауданға мыңдаған полицейлер әкелінген. Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезіндегі көшеде жиналған ұлтшылдар саны өсу үстінде және оларға солшыл күштер қарсы тұруда. Маршқа қатысушылардың арасында польшалық патриоттар, футбол фанаттары және түрлі ұлтшыл топтар болған. Польшада өткен жылы да осындай жағдай орын алып, онда тәртіп бұзған 200-ден астам адам қамауға алынған болатын.
АҚШ коалицияны қолдайды
АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жексенбі күні Катарда құрылған оппозицияшыл Сирия ұлттық коалициясын қолдайтынын мәлімдеді.
Аталған ведомство өкілі Марк Тонер өз сөзінде осылай деп атап көрсеткен. Оның айтуынша, АҚШ оппозиционерлерді құттықтайды, сонымен бірге коалицияға қолдау білдіреді, өйткені олардың мақсаты Башар Асад режімін құлатып, бейбіт, әділ, демократиялық болашақ орнату болып табылады. Жаңадан құрылған орган Сирияның үкіметтің әскерлеріне қарсы әскери іс-қимылдарды үйлестіріп отыратын болады.
Лондон ірі қаржы орталығы атағынан айырылмақ
Еңбек рыногындағы жағдайдың нашарлауына байланысты Лондонның 2012 жылы әлемнің ең ірі қаржы орталығы атағынан айырылуы мүмкін.
Сарапшылардың бағалауынша, 2012 жылы Лондон бірінші орынды Нью-Йоркке беріп, 2015 жылға қарай Гонконгты алдына шығару арқылы Британ астанасы үшінші орынға дейін төмендейтін болады. Үстіміздегі жылы Лондонның қаржы секторындағы жұмыс орындары 249,5 мыңға дейін азаймақ, ал Нью-Йоркте осы жылдың аяғында қаржыгерлер саны 254,2 мыңды құрайтын болады. Бұл көрсеткіштің қысқаруынан ең алдымен салық төлеушілер зардап шегеді екен. Мәселен, 2008 жылы Лондонның қаржы секторына құйылған қаржылық түсімдер 70 млрд. фунттан асса, биыл ол шамамен 40 млрд. фунттай ғана болмақ.
Депутаттық мандаттардан бас тартпақ
Украинада «Батькивщина», «УДАР» және «Свобода» партиялары депутаттық мандаттардан бас тартамыз деп шу көтеруде.
Мұндай жағдайда ел конституциясына сәйкес парламент заңсыз болып табылады. Оппозициядағылар өздерінің іс-қимыл жоспарын орталық сайлау комиссиясы ғимараты алдында өтетін ереуілде хабарламақ. Ортсайлаукомның ресми мәліметтері бойынша, Радаға 5 саяси партия өткен болатын. Күтпеген жерден жаңа Раданың құрамында өздерін оппозицияның арнайы мақсаттағы күштері деп атайтын ұлтшылдар да пайда болған. Сөз ретінде алғашқы отырыстың желтоқсанның ортасына белгіленгенін де айта кету қажет.
Кейбір алымдардың күшін жоймақ
Дания майлы өнімдерге салық салудан бас тартып отыр, деп хабарлады Франс-Пресс агенттігі. Ел билігі таяу уақыттарда мұндай алымдардың күшін жоймақ ниетте.
Майлы өнімдерге салық салу туралы шешім 2009 жылы қабылданған болатын. Бірақ салық жөніндегі министрліктің айтуына қарағанда, мұндай алымдар өзін-өзі ақтамаған. Дания майлы тағамдарға салық енгізген әлемдегі бірінші мемлекет болып табылады. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтерінше, даниялықтардың 47 пайызының артық салмағы болса, тағы 13 пайызы семіздіктен зардап шегуде.
Құлақпен «көру» құрылғысын ойлап тапты
Соқырлар нысандарды есту қабілеті арқылы «көру» техникасын үйрене алады. Израиль мен Францияның халықаралық ғалымдар тобы осындай қорытындыға келіп отыр.
Туғаннан көру қабілетінен айырылған адамдармен 70 сағат жаттығулар жасауға тура келген. Осыдан кейін олар нысандарды, соның ішінде үйлер мен көшелерді көруге үйренген. Сонымен бірге, экспериментке қатысқан еріктілер адамдардың бет қимылдарын байқап, сол сияқты жекелеген әріптер мен сөздерді оқи алатын болған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.