Шараға білім және ғылыми министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева, балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсайынов, министрліктегі қосымша білім беру республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен білім беру және тәрбие мекемелерінің басшылары қатысты.
Отырысқа қатысушылар балалар үйі түлектерін интернаттан кейінгі бейімдеу жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсынымдарды қабылдап, балалар үйін өзгертудің жаңа тәсілдерін талқылады.
Балалар үйінің түлектерін қолдау, мекемеаралық іс-қимылды күшейту негізінде оларды қоғамға лайықтап бейімдеу мен қосу, жетім балалар мен ата-ананың қарауынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастыру жөніндегі мемлекеттік емес агенттіктерді құру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
1 наурыз күні С.Айтпаева әлеуметтік «Жастар үйі» мекемесінің түлектерін бейімдеу және қолдау орталығында болды. Мұнда балалар үйі түлектерін өмір мен заманауи қоғамға бейімдеу үшін қолайлы жағдай жасалған.
С.Айтпаева кездесуге қатысушыларға Президент Н.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзі туралы айтып берді. Атап айтқанда, Елбасы айқындаған әлеуметтік саланы іске асырудың негізгі үш бағытына тоқталды. Бұл тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған топтарының табысын арттыру және оларды қолдау, табысы төмен тұрғындардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту және еліміздің аймақтарын кешенді дамыту. С.Айтпаева өз сөзінде, Мемлекет басшысы табысы төмен көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасау және ерекше көңіл бөлуді тапсырғанын атап өтті. Ол үшін 29698 теңгені құрайтын ең төменгі күнкөріс деңгейін 70 пайызға дейін арттыру арқылы атаулы көмек көрсету көлемін ұлғайту мәселесі Үкіметке тапсырылды. Осы орайда, атаулы көмек алуға құқылы көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында әрбір балаға 20789 теңге болатын атаулы әлеуметтік көмек белгіленді.
Нәтижесінде 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек 830 мыңнан астам адамға көрсетілетін болады, соның ішінде 550 мыңға жуығы балалар болып отыр. Мүгедек балалары бар отбасылардың жәрдемақысы 30 пайызға артады. Бұл шара аясында 100 мыңнан астам адам қамтылады. Жоғарыда аталған шараларды 2019-2021 жылдары іске асыру үшін қосымша 300 миллиард теңге бөлінетін болады.