Аймақтар • 02 Наурыз, 2019

Әрбір алматылықтың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоты бар

827 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Қазіргі уақытта Алматы қаласының 186 214 тұрғыны болашақта үйлі болу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қаражат жинақтауда. Бүгінде олардың шотындағы қаражат мөлшері 108,8 млрд теңгені құрайды. Жыл басынан бері 1 000 қала тұрғыны қоныс тойларын атап өтті. Олардың арасында Алматы қаласының тұрғыны Күнім Әлжанова да бар. Зейнеткер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен қаражат жинап, өз немересіне Астана қаласында пәтер сатып алды.

Әрбір алматылықтың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоты бар

Осыған орай, бүгін Алматы қаласында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа мекенжай бойынша орналасқан бөлімшесінің (Шевченко к-сі, 155/6) ашылу салтанаты барысында банк қызметкерлері мен салымшылары жаңа пәтер иесінің қуанышына ортақтасып, өз құттықтауларын жеткізді.

–  Менің немерем қазір 12 жаста, енді оның Астанада өз баспанасы бар. Алты жылдан кейін ол мектеп бітіріп, Астанаға оқуға баратыны анық.  Дәл сол кезде немеремнің жеке басында өз пәтері болатынына қуаныштымын. Оның депозитіне қаражатты ол дүниеге келген сәттен бастап сала бастадық. Осылайша, тұрғын үй бағасының жартысын жинағаннан кейін, депозитті мамасына қайта табыстап, жетпеген сомасы бойынша жылдық 5 пайызбен тұрғын үй заемын алдық. Несиені біз 6 жыл төлейтін боламыз, –  деп қуанышымен бөліседі Күнім Әлжанова.

Әсіресе, қала тұрғындары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы екі бөлмелік пәтерлерді көбірек таңдайды. Қазіргі сәтте салымшылар  үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Саялы» ықшам ауданында тікелей пәтер сатып алуға мүмкіндік туған.

–  Қазақстандықтардың ішінде әсіресе алматылықтар өз баспаналары үшін белсенді түрде қаражат жинауда және сол арқылы қолжетімді шарттар бойынша заемдар алып отыр. Сол үшін біз арнайы Алматы қаласының орталығы саналатын Алмалы ауданында банктің жаңа бөлімшесін ашуды жөн көрдік. Жаңа бөлімшеге келген қала тұрғындары үшін енді толықтай қызмет түрлері ұсынылады. Олар депозит ашумен қатар, заемды ресімдеп, несие алуларына болады. Сондай-ақ, бөлімшеде банк менеджерлерінен басқанотариус та қызмет көрсетеді. Бұл клиенттердің уақыттарын үнемдеуге және барлық қызмет түрлерін бір жерден алуға мүмкіндік береді, –  дейді Алматы қалалық филиалының директоры Гүлзат Симтикова.

Симтикованың айтуынша, заемның басым бөлігі – 94,1 пайызы банк клиенттеріне пәтерлер мен жеке үйлер сатып алуға, 4 пайызы – жөндеу жұмыстарын жүргізуге, 1,2 пайызы үй салуға, тағы 0,7 пайызы жер телімін сатып алуға беріледі.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ