Аймақтар • 02 Наурыз, 2019

Шымкентте «Франкофония Наурызы» бір ай тойланады

1050 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте тұңғыш рет 1 наурызынан 30 сәуірге дейін Бельгия, Канада, Франция, Марокко және Швейцария елдері елшіліктерінің қатысуымен «Франкофония Наурызы» атты мәдени іс-шаралар маусымы басталды. Осыған орай, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартине, Бельгияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алекси де Кромбрюгхе, Марокконың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абдежалил Саубри бастаған шетелдік қонақтар баспасөз мәслихатын өткізді.

Шымкентте «Франкофония Наурызы» бір ай тойланады

Алқалы жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, аталған елдердің елшілерімен кездесті. Әрі жаңа мәдени маусымның ашылуымен құттықтады.

«Франкофония Наурызы мерекесінің салтанатты ашылу рәсімі биыл Шымкенттен басталып отыр. Осындай іс-шараның өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Мұның жастар үшін маңызы өте зор. Шымкентте алдағы уақытта еуропалық серіктестермен бірге университет ашу жоспарда бар. Жалпы, арадағы қарым-қатынас әрдайым дами береді. Әкімдік тарапынан біз жастарды қолдауға әрдайым дайынбыз», деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Өз кезегінде елшілер көкетм айында ұйымдастырлған мәдени шараға алғыстарын білдірді.  Француз өкілі Филипп Мартинэ Шымкент қаласының өз алдына республикалық мегаполис статусын алғандығын құттықтап, университет студенттеріне Жастар жылында табыс тіледі.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда республикамыздағы 3 жоғары оқу орнында франкофонды елдердің альянсы құрылуда.

«Оқу орнында 2013 жылдан бері француз орталығы жұмыс істейді. Енді ол орталық Альянсқа айналып отыр. Жастарымыздың француз мәденетіне, тіліне қызығушылық жоғары», дейді ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова.

Франкофония – 5 құрлықтағы 80 мемлекеттің, 300 миллионнан астам француз тілді адам-дардың басын біріктіретін гео-мәдени кеңістік. Жыл сайын әлем бойынша халықаралық франкофония күні 20 наурыз күні тойланады. Қазақстан халқы франкофония елдерінің бай мәдениетімен және француз тілімен жақынырақ танысуы үшін қызықты іс-шаралар мен сайыстар бағдарламасы ұсынылады. Түрлі сайыстар мен мәдени іс-шаралар наурызда бір ай бойы тойланады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент