Көп ұзамай бұл ақпарат расталды. Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитеті мен Шаңғы спорты түрлері ұлттық федерациясы осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Айтулы федерацияның баспасөз хатшысы Самал Наурызова: «Біз допинг қолдануға “нөл төзімділік” саясатын ұстанамыз. Әділетсіз әдістермен жеңіске жетуге және тыйым салынған тәсілдеді пайдалануға түбегейлі қарсымыз. Бірақ Полтораниннің допингке қарсы ережелерді бұзғаны толығымен дәлелденбегенше және федерация WADA, ХОК, FIS секілді ұйымдардың Алексейге ресми түрде айып таққанына көз жеткізбегенше спортшымызды қорғаймыз», – деп айқан еді.
Арада бір тәулік өткеннен соң Австрияның ақпарат құралдары Алексей Полторанин және сол елдің тағы екі спортшысы қан допингін қолданғанын мойындап, полицияға толық айғақ бергені жайында ақпарат таратты. Осылайша, олар қамаудан босады. Бұл жайсыз хабар барша қазақстандық жанкүйерлер үшін ауыр соққы болды. Қанша дегенмен, Полторанин қатардағы көптің бірі емес қой. Ол әлем чемпионатында екі мәрте жүлде алып, басқа да халықаралық додаларда жеңіс тұғырына сан мәрте көтерілген сақа спортшы. Үш бірдей Олимпиадада ел намысын қорғап, Азия ойындарында төрт мәрте бас жүлдені олжалаған дүлдүл. Сонымен қатар, Алексейдің бүгінгі таңдағы Қазақстанның шаңғы спортындағы басты үміті екенін де айта кеткен жөн.
Жоғарыдағы ақпарат расталған сәтте алғашқылардың бірі болып Владимир Смирнов БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Осыдан дәл 25 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанға Олимпия ойындарының тұңғыш алтынын сыйға тартып, басқа да дүбірлі додаларда сан мәрте дараланған даңқты спортшымыз: «Маған бұл жаңалықты есту оңай болған жоқ. Қазіргі кезде көпшіліктің допингке деген көзқарасын барлығы да жақсы біледі. Полтораниннің бұл әрекетін ақымақтық деу аздық етеді. Бүгінгі таңда допинг туралы ойлауға да болмайды. Бұл – кешірілмейтін қателік. Алексей елімізді масқаралады. Бұл күн – Қазақстанның шаңғы қауымдастығы мен барша спортшылар үшін қаралы күн болды» – деп ашына сөйледі.
Атағы әлемге әйгілі шаңғышының айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Иә, Владимир Смирновтың пікірімен толықтай кездесеміз. Расында да, Алексей Полторанннің жолына үлкен үмітпен қарап, одан толағай табыстар күтіп отырған жанкүйелердің қарасы мол. Еліміздің спорт басшылары да тәжірибесі әбден толысқан сақа спортшыға үлкен сенім артуда. Оның еш алаңсыз даярлану үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалды. Шығыс Қазақстан облысының тумасы оқу-жаттығу жиындарын толықтай шетелдің ең мықты, ең көрікті жерлерінде шоғырланған заманауи талабына сай жабдықталған керемет базаларда өткізеді. Қай жарысқа қатысам, қайда барам десе де, Алексейдің қолынан ешкім қақпайды. Оның әрбір сапарына мемлекет есебінен миллиондаған қаржы бөлінеді. Алып жатқан еңбекақысы да мардымды. Ал Полторанинның істеп отырғаны мынау...
Допингке қарсы күрес бұрындары да жүйелі түрде жүргізілген. Бірақ дәл кездергі кездегідей ауқымды түрде емес. Бүгінгі таңдағы заманауи технологиялар рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектердің қандай да түрін пайдалансаңыз, еш қиындықсыз анықтайды. Оның ақыры немен тынатыны баршаға мәлім. Атақ-даңқтан айырылу былай тұрсын, ар-ождан мен абыройдан жұрдай етеді. Соны біле тұра сақа спортшылардың осындай қадамға баруы, расында да, ақылға қонбайды.
Допинг қолданғаны үшін Қазақстанның да талай спортшысы абыройдан жұрдай болғаны өздеріңізге мәлім. Әсіресе, ауыр атлеттердің жағдайы барлығына сабақ болуға тиіс еді. Осы спорт түрін серік еткен сайыпқырандарымыз байрақты бәсекелерде керемет өнер көрсетіп, толағай табыстарға жол жеткізді. Айналдырған жеті-сегіз жыл аралығында әлемдегі көшбасшы командалардың бірі әрі бірегейіне айналды. Соңғы жылдары ең ірі додалардың жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасының үздік үштіктен төмендеген кезі сирек еді. Сол тұста өзге елдер бізге қызығы да, қызғана да қарады.
2012 жылы Лондон Олимпиадасында Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Илья Ильин сынды төрт бірдей зілтеміршіміз алтын тұғырға көтеріліп, әлемдік қауымдастық алдында абыройымыз асқақтап, мерейіміз өсті. Бірақ көп ұзамай ол қуанышымыз су сепкендей басылды. Арада бірер жыл өткеннен соң қазақстандық зілтеміршілердің допинг қолданғаны анықталып, жоғарыда есімдері аталған ауыр атлеттердің барлығы атағынан айырылып, бірнеше жылға үлкен спорттан шеттетілді. Ол аздай, әлем және құрлық чемпионаттарында атой салған тағы бірнеше өреніміз дәл сондай жағдаға дұшар болды. Олардың қатарында Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаевтай қазақтың мақтан тұтар ұлдары да болды. Ал күні кеше ғана 2018 жылы Ашхабадта өткен әлем чемпионатында елімізге қола медальді сыйға тартқан Надежда Лихачева ұсталды.
Жоғарыдағы тізімді ұзақ жалғастыра беруге болады. Тәуелсіздік алған кезден бері допинг дауына байланысты бірнеше отандасымыз Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделерінен айырылды. Олардың қатарында грек-рим күресі мен еркін күрес шеберлері де бар. Басқа да халықаралық долаларда табысты өнер көрсеткен танымал биатлоншылар, велошабандоздар, таэквондошылар, жеңіл атлеттер және басқа да спорт түрі өкілдерінің басы допинг дауына іліккенін көзіміз көрді.
Халықаралық ареналарда споршыларымыздың ел намысын абыройлы қорғап жүргені, әрине, біздер үшін зор мақтаныш. Жерлестеріміздің әр жеңісіне барша жанкүйерлер шаттанады, қуанады. Әлемнің әр қиырында әнұранымыз шырқалып, туымыз көкте желбірегенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, айрықша күйді басымыздан кешеміз. Алайда жерлестеріміздің сол жеңіске допинг қолдану арқылы, яғни арамза жолмен қол жеткізгенін естігенде, барша жұрттың көңілі жабырқайды. Сол саңлақтарға деген бұрынғы сый-құрметтің жұрнағы да қалмайды. Соны да қаперден шығармаған жөн.
Жоғарыдағы келеңсіз жайттарды келешекте болдырмау үшін Қазақстанда допингке қарсы күресті барынша күшейту қажет. Жазаның да тым қатал болғаны абзал. Әлем жұртшылығы алдында абыройдан жұрдай болмау үшін осы індетті алдын алу шаралары, ең бірінші кезекте, өз елімізде жүйелі әрі сапалы түрде жүргізілу қажет. Иә, қазіргі кезде республикамызда допингке қарсы күрес орталығы бар және тұрақты түрде тексеру жұмыстары жүргізіліп, осы тақырыпта түрлі семинарлар ұйымдастырылып тұратынын білесіз. Бірақ одан оң нәтиженің шыққанын көрген жоқпыз. «Баяғы жартыс – сол жартыс» күйінде. Сондықтан да дамыған мемлекеттердің ондаған жылдар бойы жиған мол тәжірибесіне сүйене отырып, біздер де осы бағытта дұрыс жұмыс жүргізуді үйренуге тиіспіз. Әйтпесе, бүгінгі баяу қарқынымызбен, өнбейтін іс-әркетімізбен допинг індетінен құтыла алмайтынымыз анық...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»