Шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев Президент Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта: «Құрметті отандастар, бүгін біз ерекше мереке – Алғыс айту күнін атап өтудеміз. Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық», делінген. Сонымен қатар Елбасы жастардың тарихымызды біліп, жадында ұстауы керектігін, тарихтың тағылымы шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсететінін айтқан. Елбасы сөзінің соңын: «Әрқайсымыздың жүрегімізде ортақ жетістігімізге – өркендеп келе жатқан Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін! Әр отбасына бақ-береке, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін!», деп түйіндеген.
Елбасының бастамасымен бұл мереке елімізде биыл төртінші рет тойланып отыр. Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың басында қазақ даласына Беларусь, Ресей мен Украинадан бір миллионнан астам адам қоныс аударған. Ұжымдастыру кезеңінде 250 мың шаруа жер аударылды және 1,2 миллионға тарта жан өнеркәсіп нысандарын тұрғызу үшін қазақ жеріне табан тіреді. Осынау атаулы күнде дархан даладағы кеңпейіл халықтың шаңырағын паналағандар мен рақымына бөленгендердің ұрпақтары құшағы кең қазаққа алғыс айтты.
Алдымен мейрамды атап өтуге келген қонақтар ҚХА ұйымдастырған «Қымыздан қуат алған біртұтас ел» атты көрме-экспозициясын тамашалады. Көрмеде отандық кәсіпорындар, шағын компаниялар мен музейлер қазақ ұлттық тағамдарын, ат әбзелдерін, жылқы сүтінен жасалған өнімдерді ұсынды. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев: «Мұндай маңызды мерекені Елбасы өзі ұсынды, Президенттің бастамасымен бүгін мерекені кезекті рет тойлауға жиналдық. Атаулы күнді белгілеген Мемлекет басшысына және қонақжай қазақ халқына Ассамблея атынан алғыс айтамыз. Барша халықты, түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген қазақ елі бүгінде ТМД елдеріне ғана емес, әлемге үлгі болып отыр» дей келе, мейрамның аясын кеңейтіп, осы күні қазақ жұртшылығы да ет-жақындарына, құдайы көршілеріне, өмірде аяққа тұруына көмектескен қамқор да жомарт жүректі жандарға алғыс айтатынын жеткізді.
Көрмеге сонымен бірге ежелгі Ботай қонысынан табылған жылқы малының сүйектері де қойылған. «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының қызметкері Өмірсерік Рамазанұлы: «Ботай қонысы 1980 жылдары археолог Виктор Зайберттің анықтауы бойынша жылқы малын ең алғаш рет қолға үйреткен Солтүстік және Орталық Қазақстан болып келеді. Ботай қонысынан 10 мыңдай жылқы малының сүйектері табылған. Жылқы малының тістеріндегі ауыздық іздерін табу арқылы ғалымдар ботайлықтардың б.з.д 3-4 мыңжылдықта жылқыны қолға үйреткені анықталған», деді.
Жылқыны алғаш қолға үйретіп, оның өлшеусіз пайдасын өзгелерден ерте көрген халқымыздың және ұлттық тағамдарымыздың шарапатын қиын-қыстау кезеңде елімізге келген басқа этностар да көрген. Соның бір айғағы ретінде Кавказдан жер аударылғандардың ұрпағы Зелімхан Зубариев көрмеден кейін жалғасқан концертте сонау сындарлы сәттерде әбден әлсіреп, өкпесіне суық тиген жас босанған ананы қымыздың құдіреті аман алып қалғанын, содан соң 13 құрсақ көтергенін, Қазақстан – өзі үшін аса қымбат екенін айтты.
Шара аясында «Qazaq radiolary» ұйымдастырған қайырымдылық концертінде кейіпкерлер көрермендердің жанарына жас үйірді. 50 жылдан кейін жүздескен ана мен бала; орда бұзар жасқа жеткенде қос аяғынан айырылып, 18 отаны өткеріп, өмірдегі жалғыз арманы орындалып, өз аяғымен сахнаға көтерілген үш баланың әкесі; жөргектегі нәрестесін көтеріп келген 10 балалы ананың пәтер кілтін иеленуі; арбаға таңылса да, осы күніне ризашылықпен өнер көрсеткен биші мен көзі көрмей, қолы жоқ бола тұрып, жүрегімен ән салған өнерпаздар көптің көңілін босатты. Айта кетейік, «Қарекет» қайырымдылық қорының атынан Мадияр Серікбаев «Мың теңгеге – баспана» жобасымен жиналған қаржыға үш бірдей көп балалы отбасына үш пәтердің кілтін табыс етті.
Аталған концерттен түскен қаражат тоқішек трансплантациясын күтіп жүрген Әділет Арыстан деген бүлдіршіннің отасына жұмсалады.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»