Қазақстан • 04 Наурыз, 2019

Жаңа министрліктің жаңаша отырысы

1049 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің қоғамдық даму және ақпарат салаларын бір шаңырақтың астына біріктіріп, жаңа министрлік құру – Мемлекет басшысының стратегиялық дұрыс шешімі. Бұл – құрылымның басшысы, яғни еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың пікірі. Парламент депутаттары, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, сондай-ақ сарапшылардың қатысуымен өткен жаңа министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өткір пікірталастар, ашық-жарқын сұрақ-жауаптарымен ерекшеленді.

Жаңа министрліктің жаңаша отырысы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда «Нұр Отан» партия­сының кезекті съезінде өңір әкімдеріне әдеттегідей жылына бір рет есеп үшін есеп бермей, нақты салалар бойынша тұрғындармен кездесу өткізуді жиілетуге нұсқау бергендігі белгілі. Міне, құрылғанына бір аптадай уақыт өткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл үдерісті елден бұ­рын бастады. Оған министрліктің кеңей­тілген алқа мәжілісінің барынша ашық және шынайы өткендігі дәлел. Сәл алға озып айтар болсақ, министрге тікелей сауал беремін деушілерге еш­қан­дай тосқауыл болған жоқ, микрофон ал­ған­дардың уақытына да шектеу қойылмады.

Сонымен, бұл алқа отырысы әдеттегіше бірінші басшының бір­сарынды баяндамасымен басталған жоқ. Мінберге алдымен «El Tiregi» Қазақстанның шағын және орта бизнес қауымдастығы кеңесінің төрайымы Жазира Дүйсенбекова көтерілді. Бұл спикерді көзіміз үйренген дәстүрлі баян­дамашылармен салыстыруға кел­мейтін еді. Құлаққа ілінген микрофон, сахнадағы мультимедиялық құрыл­ғылардағы тұшымды көріністер мен мәліметтер және ең бастысы – еркіндік. 

Өз сөзін Елбасының «Нұр Отан» пар­тия­сының съезіндегі «Елбасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан рефор­маның нәтижесін әрбір отбасы алыс болашақта емес, дәл бүгіннен бастап сезінуі тиіс» деген пікірінен бастаған Ж.Дүйсенбекованың айтуынша, бүгінде әлемнің көптеген елдері азаматтардың бақытты және бақуатты болуына тек экономикалық өсімнің жеткіліксіздігіне көз жеткізе бастаған. Сондықтан да бұл ұғымдар Үкімет жұмысын бағалаудың басты көрсеткішіне айналған.  

Спикер одан әрі тек экономикалық өсім, ішкі жалпы өнімге негізделген есебі бар Еуропа елдерін мысалға келтірді – еңбек өнімділігі артса да, демократия қанат жайса да халық өзін бақытсыз сезінеді. Осы орайда, бірқатар мемлекеттер «Бақыт министрлігін» құруды бастап кеткен. Мұндай үдеріс бізді де қамтуы мүмкін. 

Алқа отырысында «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы Асылбек Қожахметов, Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы Қазақ­стандағы өкілдігінің аға кеңес­шісі Гүлмира Кужекеева, «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті универ­ситеті, Экстремизмнің алдын алу саласын­дағы мамандарды қайта даярлау инс­ти­тутының басшысы, исламтанушы Асқар Сабдин, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтер де ортаға шығып, өз салалары бойынша баяндама жасады. 

Мәселен, А.Сабдин соңғы кездері дін саласы субъектілеріне сенімсіз­дік белең алғандығын және оған осы жүйе­дегі мамандардың біліксіздігі, жұрт­шылықпен байланыс жасаудағы тәжірибесінің жоқтығы, пікірталас жүргізуге епсіздігі мен қауымдастықтар ара­сындағы түсіністік көпірін салуға құлықсыздығы себеп болып отырған­дығын айтты. Бұл сенімсіздік радикал ағымдардың соңынан ерушілердің азаймай отырғандығымен де дәлелін таба түскен.  

Дінтанушы маман осыған орай, теріс ағымдардың халықаралық күйіне байланысты біздің елдегі жағдай да сая­быр тапқандай көрінгенімен, қырағы­лықты бір сәтке естен шығармау керек­тігін ескертті. 

Ал З.Тұрысбеков тарихи отандарына оралған және оралуға ниетті қандас­тарымызға жасалып жатқан жағдайлар туралы баяндады.

– Шетте жүрген қазақтардың саны 4-5 млн деп жүрміз. Біз барлығын ара­лап шықтық. 1 млн адам елге келе­міз деп отыр. Біз еріктілерді дайындап, шет­те өмір сүріп жатқан қазақ бала­лары­­ның ана тілін 2 жасынан бойына с­іңі­руді көздеп отырмыз, – деді З.Тұрысбеков.

Бұл баяндаулардан соң мінберге шыққан Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасарлары Берік Арын, Сергей Коновалов, Жұлдыз Омар­бековалар өздерінің жауапты салалары бойынша атқарылған жұмыс­тарының қорытындыларын хабарлап, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. 

Ал алқа мәжілісін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев түйіндеді.

–  Біздің министрлік жаңа сапада жұмыс істей бастағанына апта да толған жоқ. Дегенмен, қазір­дің өзінде қоғам­дық даму мен ақпарат­ты бір министрлік­ке біріктіру Мем­лекет басшысы­ның дер кезінде әрі стратегиялық дұрыс шешімі болған­дығын айту керек, – деп сөз бастаған Д.Абаев министрлік 2018 жылға жоспарлаған міндеттерді толық орындап шыққанына тоқталды. 

– Толықтай алғанда, алдымызда өте маңызды міндеттер тұр. 2019 жыл­ды Президент Жастар жылы деп жариялады. Бұл – күнтізбелік жыл жай ғана тақырыптық рәсімдеу немесе есеп­тік шаралардың жиынтығы емес. Ол жас азаматтардың өмірін сапа­лы түрлендіруге және олардың өз­дерін таныту үшін қажетті барлық жағ­дай­ды жасауға бағытталған. Біз жас­тар­дың біртекті жиынтық емес екен­дігін түсінеміз, үйрену, қалау және қа­жет­тілік ауқымы өте кең. Дегенмен, жас­тар­мен мемлекеттік жұмыстардың негізгі құра­мы сапалы білім, жұмыспен қамту және отбасы институты болмақ, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Д.Абаев, сонымен қатар министрлік жұмысының тағы бір маңызды бағыты азаматтық қоғаммен жұмыс екендігін және мемлекет кешенді әлеуметтік проблемаларды өздері ғана шеше ал­май­тындығын ашық айтты. 

Бұл процестерге үкіметтік емес сек­торды тартпаса мемлекеттік қол­дау­дың көптеген шараларының «науқан­шылыққа» айналып кету қаупі бар. Осы тұрғыда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз ету мен саланы толықтай алғанда құ­қық­тық реттеу мәселесі айрықша ма­ңызға ие, – деді Дәурен Абаев. 

Ал кеңейтілген алқа отырысы тікелей сұрақ-жауаптармен қорытындыланды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»