Өнер • 04 Наурыз, 2019

Ғасырлар тоғысындағы диалог

1647 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заманында Әбілхан Қастеевке сурет өнерін қалай меңгердіңіз деген сауал қойылғанда дарынды қылқалам иесі: «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деген екен. Ал, төмендегі картиналардың авторы Жанат Көшен ауыл топырағына аунап өспесе де, арманға қанат қақтырған қала өмірін кеше жүріп дегдар өнердің тереңіне бойлапты. Десе де оның ауыл мәдениетіне, тұмса табиғатқа деген іңкәрлігі балаң жасынан оянған. Сондықтан болар, туындыларынан дала жұпарының иісі аңқып тұрады. Суретші адамзат өркениетін зерттей жүріп, дала шежіресін мәңгілік тақырыпқа айналдыруды көздейді.

Ғасырлар тоғысындағы диалог

Жанат үнемі ізденіс үстінде жүретін суретші. Ол түспен, сы­зықпен, формамен және түс пен көлең­кенің өзара қайшылығымен батыл эксперимент жасайды. Пасьтелмен, гуашпен де сурет салады. Кескіндемелік және гра­фи­калық жұмыстары түрлі техникада орындалғанымен, өнер иесінің гратография мен түсті гра­фикаға деген ықыласы ерекше. Шығармашылығында шығыс аңыз­дары мен әфсаналары басым бағытқа ие. Суретші әр заман­ның келбетін адамдары арқылы көр­сетуге тырысады. Кенеп бетін көм­керген сан алуан бояулар сол уа­­қыттың өзіне тән ерекшелігін, адам­дарының мінез-құлқын анық береді.

Өнертанушы Нұржамал Нұр­­­фейізова оның қолтаңбасы ха­қындағы ойын былайша жет­кізеді: «Шығыс пен Батыстың мә­дени мұрасын зерттеп-зерделеп, ой елегінен өткізген сурет­ші уақытпен «көзбе-көз» байланыс орнатады. Асықпайтын бір­­қалыпты ырғағы бар, нұр сәу­лелі бояулар мен шынайы жә­не ертегілік образдарға толы сан кел­бетті және алуан түсті әлемді Жанат өзінің ешкімге ұқсамайтын көрнекті де көркемдік тәсілімен бейнелейді».

«Шығармашылығым – өмірім­нің өзегі. Тасқа басылған таңба­лар­дан бас­тап, ежелгі адам­дардың тұр­мыс-салтын бүгінгі өмір­мен сабақтастырып, ортақ құндылық­тарды тапқым келеді. Әсіресе, әр дәуірде өмір сүрген адамдардың сұл­басын сызып, тарихи тақы­рыптарға қалам тер­бегенді жақ­сы көремін. Әлде­кімдер қиялға ерік бергенде ай­тылатын, «көзіңді жұмсаң бәрі қиялдан төгіліп құйыла береді» дегені бос сөз. Адам таным арқылы, сезім арқылы, ізденіс ар­қылы өседі», – дейді суретші.

Туындыгердің Ә.Қастеев атын­дағы өнер мұражайында шымылдығын түрген «Ғасырлар аралығындағы диалог» атты жеке көрмесіне 50-ден астам кескіндемелік және графикалық туындылары қойылған. Шығар­малардың өне бойынан қаншама замандар алмасса да, ой мен сана өзгерсе де, адамзат баласының арман-тілегі өзара үндесіп, ортақ адами мұраттарға негізделетіні көркем көрініс тапқан.

Оның қолтаңбасы ғасырлар арасына әуезді үндестік орнатқан дала шежіресінің мәңгілік сарынындай көрінеді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ