Жаңа мемлекетті әлем елдері танымайтын тұста АҚШ-қа сапары барысында Н.Назарбаев мынандай ұстанымда болған еді: «Мен өз елімнің абыройын, қадыр-қасиетін қорғауда салғырттық танытқаным жоқ».
Елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуы барысында белгілі бір деңгейде қиындыққа кезігетіні белгілі. Осындай кезеңде көшбасшының ерекше қабілеті көрінеді. Назарбаев елдің саяси бағытын, әлеуметтік жүйені және институционалдық басқаруды белгілі бір кезеңде біртіндеп өзгертті. Бұл өзгерістер әлемдегі оқиғалармен қатар өрбіді.
Сыртқы да, ішкі де дағдарыс Назарбаевтың көшбасшылығына селкеу түсірген жоқ. Себебі осындай стратегиялық маңызға ие аймақта өмір сүрсеңіз, екі мәселенің өзара әсері бар екенін ескере отырып әрекет ету керек. Егер елде саяси дағдарыс туындаса, шетелдік инвесторлар теріс айналуы мүмкін. Тіпті бір саусағын бүгіп жүргендердің ел байлығына деген тәбетін ашуы ықтимал.
Сол сияқты өңірлік немесе әлемдік дағдарыс жағдайында елдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйе жетілмесе, жаһандық оқиғалардың салдары қиын тиюі мүмкін. Егер соның бәріне әзір болсаңыз, алдағы 10 жылда дүние жүзіндегі ең дамыған 30 елдің бірі болу қиын емес.
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының құрылуына 20 жыл толған жиында жоғарыда айтылған екі лидерлік қабілеттің шынайы келбетін көрсете білді. Назарбаев іс-шарада сөйлеген сөзінде әлемнің дағдарыс кезеңінде екенін, егер ел дамудың дұрыс бағдарын таңдап алса және қоғамды мақсатты көрсеткіштерге сәйкес жұмылдырса, онда болашаққа алаңдамайтынын атап өтті. Бәлкім, оның айтқан сөзінің ең шұрайлы тұсы мынау шығар: «Халқымның ертең емес, бүгін бақытты болғанын көргім келеді». Бұл көзқарас шабыт сыйлайтын және белгіленген мақсатқа қол жеткізу жолында атқарылатын жұмыстың бастамасы іспетті.
Оған қоса, «Нұр Отан» партиясы – әлеуметтік интеграция партиясы. Басқаша айтқанда, тәуелсіз ел атанғаннан кейін азаматтықты жеделдету, ұлттық мәдениетті қалыптастыру, саяси ерік-жігердің құралы ретінде қызмет етеді. 1999 жылы құрылған партия бүгінде Парламенттің үлкен бөлігін құрайды. Яғни, осындай маңызға ие екенін ескере отырып, партияның заң шығарушы және негізгі атқарушы орган екеніне көз жеткіземіз. Қазақстанның осы бағытта дамуы Назарбаевтың конституциялық реформаларымен сәйкес келеді. Себебі Назарбаев – бұл партияның негізін қалаушы. Партияның қоғаммен өзара әрекеті және ұсынғандары – Президенттің айнасы.
2019 жылы елдің ішкі жалпы өнімінің елеулі бөлігі әлеуметтік жобаларға бағытталады. Ендеше, биылғы жыл халықтың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан жақсы сезінетін жылына айналмақ. Жағдайы төмен топтардың әл-ауқаты арта түседі.
Куршад Зорлу,
Профессор