Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде осы саясатты берік ұстанатынын және оны одан әрі жүзеге асыруға бағытталған жаңа бастамаларды атап өтті. 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» жаңа партиялық бағдарламаның басымдықтарын талқылау, азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын нығайту жөніндегі мәселелер съездің негізгі өзегі болды.
Атқарушы органдардың еңбекақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы өсетіні, көп балалы отбасыларға, қамқоршыларға және мүгедек бала тәрбиелейтін отбасыларға төленетін жәрдемақылардың артатыны құптарлық әрі қуанышты жайт. Соның ішінде нақты қолдаулардың бірі – табысы төмен азаматтарымызға жеңілдетілген 2-3% жылдық мөлшерлемемен тұрғын үй заемдарының берілетіндігі. Елбасы денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үйкоммуналдық саласын дамыту маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.
Аталған шараларды тиімді іске асыру қоғамдық бақылауды, халықпен тығыз байланыста болуды талап етеді. Мықты саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясына аталған бағытта ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Елбасы мемлекеттік органдар адамдардың мұқтаждықтарына ерекше көңіл бөлудің қажеттілігін айтып, халықтың түйткілді мәселелерін қараусыз қалдырмауға шақырды. «Партияның, сондай-ақ оның өңірлік, аумақтық филиалдарының, бастапқы партия ұйымдарының қызметі азамат пен мемлекеттің арасындағы көпірі болуы тиіс», деді партия Төрағасы.
Мемлекет басшысы партия мүшелерін мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды нығайтуға үндеді. Ол үшін партияның ҮЕҰ-мен өзара қарым-қатынасы күшейтіледі, «Мемлекеттік бағдарламалар және реформаларды іске асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығы» құрылады.
Осы жылы әлеуметтік салаға бюджеттен шамамен 45% қаражат бөлінетіні қойылған міндеттердің денін шешуге мүмкіндік береді.
Халықты әлеуметтік қолдау шараларының орындалуын қамтамасыз ету үшін «Нұр Отан» партиясының қызметін жандандыру жөніндегі Елбасының тапсырмасын іске асыру арқылы басты мақсаттарға қол жеткізіледі деп сенемін!
Қанат ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры