24 Қаңтар, 2012

Шарайна

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шарайна

Сейсенбі, 24 қаңтар 2012 7:30

ЛАҢКЕСТІККЕ ЖАУАПТЫЛАР ТҰТҚЫНДАЛДЫ
Нигерияның Кано қаласында 200 мың адамның өмірін жалмаған аса ірі бірнеше лаңкестікке күдік­ті­лер қамауға алынды. Ел президенті Гудлак Джона­тан­ның айтуынша, қазіргі кезде Нигерияның күш құ­ры­лымдары жарылыстарды ұйымдастыруға басқа да қатысы барларды іздестірумен шұғылданып жатыр.
Лаңкестіктерді исламистік «Боко Харам» тобы ұйым­дас­тыруы ықтимал деген ақпарат тараған болатын. Ал Кано қа­ласында мұсылмандар басым тұрады. Нигерияның солтүс­тігінде ислам дінін ұстанатындар халықтың негізін құраса, оңтүстігінде христиандар көп. Лаңкестік әрекеттердің не үшін жасалғаны тергеу барысында анықталатын болады.

 

Сейсенбі, 24 қаңтар 2012 7:30

ЛАҢКЕСТІККЕ ЖАУАПТЫЛАР ТҰТҚЫНДАЛДЫ
Нигерияның Кано қаласында 200 мың адамның өмірін жалмаған аса ірі бірнеше лаңкестікке күдік­ті­лер қамауға алынды. Ел президенті Гудлак Джона­тан­ның айтуынша, қазіргі кезде Нигерияның күш құ­ры­лымдары жарылыстарды ұйымдастыруға басқа да қатысы барларды іздестірумен шұғылданып жатыр.
Лаңкестіктерді исламистік «Боко Харам» тобы ұйым­дас­тыруы ықтимал деген ақпарат тараған болатын. Ал Кано қа­ласында мұсылмандар басым тұрады. Нигерияның солтүс­тігінде ислам дінін ұстанатындар халықтың негізін құраса, оңтүстігінде христиандар көп. Лаңкестік әрекеттердің не үшін жасалғаны тергеу барысында анықталатын болады.

БИЛІКТІ БЕРУ ЖОСПАРЫНАН БАС ТАРТТЫ
Сирия басшылығы кеше Араб мем­лекеттерінің лигасы (АМЛ) ұсын­ған билікті беру жоспарын қабылдамай тас­тады. Бұл жөнінде елдің мемле­кет­тік телевизиясына сілтеме жасай отырып, «France-Presse» агенттігі хабарлады.
АМЛ жоспарына сәйкес Сирия прези­денті Башар Асад би­ліктен кетіп, елді басқару тізгінін өзінің орынбасары – бірінші вице-премьер Фарук әл-Шарааға тапсыруы тиіс болатын. Сонымен қоса, Б.Асадқа жаңа ұлттық бірлік үкіметін жасақтау ұсынылған еді. Осыдан кейін жарты жыл ішінде елде демо­кратиялық сайлау өткізіледі деп болжанған болатын. Ұсы­ныл­ған шара елдің ұлттық егемендігіне қол сұғу деген уәж көл­денең тартылып, билікті беру жоспары қабылданбай тасталды.

АПАТТЫҢ 13-ші ҚҰРБАНДЫҒЫ ТАБЫЛДЫ
Үстіміздегі жылдың 14 қаңтарына қараған түні Жерорта теңізінің Италияға бағынысты Джильо аралында круиздік «Коста Конкордиа» лайнері апатқа ұшырағаны белгілі. Бүгінде кінәлі деп табылған кеме капитанының мәлімдеуінше, лайнер картада көрсе­тіл­меген жарқабаққа соқтығысқан еді.
Кеме бортында 4200 адам болса, олардың негізі құтқа­рылған-тын. Соңғы деректерге сүйенсек, апат салдарынан 13 адам көз жұмса, 20 адам жоғалғандар санатында. Жексенбі күні құтқарушылар 13-ші адамның мәйітін тапқан болатын. Жоғалған адамдардың бәрі табылғанша оның багындағы 2,5 мың тонна сұйық отынын сорып алу үдерісі кейінге шегеріліп отыр. Жақын арада кеме 70 метр тұңғиыққа батып кетуі де ықтимал. Егер бактағы отын сорып алынып үлгеріл­месе, экологиялық апат орын алатыны да сөзсіз.

МҰНАЙ ҮШІН ҚЫРҚЫС ҚЫЗА ТҮСТІ
Оңтүстік Судан солтүстіктегі көр­шілерін мұнай ұрлағандары үшін ха­лықаралық сотқа берді. Сөйтіп, мұ­найды Солтүстік Судан аумағы ар­қы­лы экспорттаудан бас тартуға мәжбүр болып отыр. Енді Оңтүстік Судан мұ­най құбырын Кения аумағында салып, экспортты Шығыс Африка арқылы жүзеге асырмақшы.
Оңтүстік Судан үкіметінің мүшесі Денг Алордың айтуынша, құбыр құрылысына шамамен бір жылдай уақыт кетеді екен. Сондай-ақ ол Хартумның күн сайын шамамен 120 мың баррель мұнай ұрлап отырғанын атап көрсетті. Солтүс­тік­тегілер мұны өз аумағы арқылы өтетін мұнай транзитінің өтемі дейді. Осыдан жарты жылдай ғана бұрын тұтас ел болып келген Судан мұнайға бай оңтүстіктегілердің қоярда-қоймаған «бастамашылығымен» екіге бөлінгені белгілі. Ал бүгінде екі дербес ел өзара тарифке уағдаласа алар емес.

САЙЛАУАЛДЫ НАУҚАНЫН БАСТАП КЕТТІ
Франция Социалистік партия­сы­ның бұрынғы бірінші хатшысы Фран­суа Олланд сайлауалды науқа­нын бастағанын ресми түрде жария етті. Алғашқы сайлауалды баяндамасын ол 22 қаңтар күні жасады. Өзінің сө­зінде президенттіктен үміткер қазір­гі кезде Францияның нағыз басшысы Николя Саркози емес, «қаржы дүниесі» болып отырғанын мәлімдеді.
Франсуа Олланд өз міндетін былайша айқындайтынын айтты. Біздің мақсат, деді ол, солшыл күштерді жеңіске жет­кізіп, өзгерістердің көш басында тұру. Оның сөзін тыңдауға 25 мыңдай адам жиналған. Кандидаттың сайлауалды науқа­ны­ның басты ұраны – «Бүгінгі күн – өзгерістер кезеңі». Атап айтқанда, Франсуа Олланд білім беру, денсаулық сақтау және салық салу салаларына реформалар жүргізуге уәде беріп отыр. Соңғы сұрау салулар оның рейтингі қазіргі кезде Николя Саркозидің рейтингінен 5-6 пайызға жоғары екенін көрсеткен.

ХУСЕЙН БЕЙІТІНЕ ЕСІК ТАРС ЖАБЫЛДЫ
Ирак үкіметі 22 қаңтардан бастап елдің бұрынғы басшысы Саддам Хусейннің Салах-эд-Дин провинция­сындағы бейітіне есікті тарс жапты. Осы ақпаратты таратқан «Синьхуа» агенттігінің хабарлауынша, жер­гілікті билік полицияға бейітке ешкімді жібермеуді тапсырған.
Жалпы, Ирак басшылығы 2009 жылы-ақ Хусейннің қа­біріне кез келген экскурсияны, тіпті мектеп оқушыларының экскурсиясын да жасатуға тыйым салған болатын. Елдің жаңа билігі бұрынғы басшының қабіріне баруға тыйым салмаса, Хусейн жетекшілік еткен «Баас» партиясының жақтастары саны өсіп кетеді деп қауіптенген еді. Тыйым салудың басқа да себеп-салдары болуы әбден ықтимал.

300 МИЛЛИОН РУБЛЬ АЙЫП САЛДЫ
Татарстанның Верхнеуслон ауданының бұрынғы басшысы Александр Тимофеевке пара алғаны үшін 300 миллион рубль көлемінде айып салу туралы үкім шығарылды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жер телім­де­рін заңсыз бөлгені үшін 5 миллион рубль пара алған.
Республиканың жоғарғы сотында А.Тимофеев кінәсін мойнына алып, тек бас бостандығынан айырмауды сұраған. Прокурор болса, оны 9 жылға соттап, жарты миллиард рубль айып салуды талап еткен. Жемқордың адвокаты оның ісін ең жаман дегенде алаяқтық қана, жемқорлыққа ешқандай қатысы жоқ деп, ақыр аяғында ақтап шығаруды өтінген. Сот үкім шығарарда А.Тимофеевтің қарауында кішкентай балалары мен қарт ата-анасы барын ескерген секілді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.