Қазақстан • 04 Наурыз, 2019

Отанды сүюдің үлгісі

2082 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Отанды сүюдің үлгісі

Кеңестік дәуірдің кемел қаламгері, үлкен ақын Расул Гамзатовтың  «Отан туралы жыр» дейтін шағын толғауы бар. Осыны қарасөзбен тәпсірлесек, ертеде бір аңшы кішкентай құсты ұстап алып, алтын торға қамап қойыпты. Оған жемнің асылын, судың тұнығын беріпті. Бірақ тордағы құс күндіз-түні «Отан, Отан, Отаным» деп зарлай беріпті. Аңшы: «Бұл құстың Отаны қайда екен, зарлауына қарағанда керемет мекен шығар, оны босатайында қайда ұшарын бақылап, сол бір ғажайып өлкеге баратын жолды біліп алайын» деп ойлайды. Сөйтіп, тордағы құсты ұшырып жіберіп, соңынан еріп отырады. Құс қозыкөш жерге ұшып барып, жалаңаш тастардың ортасында өсіп тұрған кәрі тобылғының бұтағына қонады да, шырылдауын доғарып, шаттыққа бөленеді. Сөйтсе, кәрі тобылғының бір бұтағында әлгі құстың ұясы, яғни «Отаны» бар екен.

Демек, Отан дегеніміз – туған жер, өскен өлке, ата-баба мекені, халқың... т.б. бүгінгі пайыммен айтсақ – тәуелсіз мемлекетің. Қазақтың дауылпаз ақыны Мұқағали Мақатаев  отан-ел туралы:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

 

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған «Отан!» деп сыбырлаған,

Жаным менің кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған.

Отан! Отан! Бәрінен биік екен,

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

Отанды сүймеуіңде күйік екен,

Отанды сүйгенің де күйік екен, - деп жырласа, тамыршыдай терең сөз зергері Қадыр Мырзалиев ағамыз:

Ел дегенде ар қандай, намыс қандай!

Тау мен тасқа соғылар қарыс маңдай,

Ел дегенде, жығылған жалым тұрып,

Айбаттанып кетемін арыстандай.

Жерім, - деймін ондайда, елім, - деймін.

Тұрған тұстан жарты елі шегінбеймін,

Өзім үшін күресте жеңілсемде,

Елім үшін күресте жеңілмеймін, – деп келетін шынайы жыр шумақтары Отан туралы  ұғымды қазіргі ұрпаққа түсіндіріп, ұғындырып, өскен ел мен туған жер үшін күресте ешқашан жеңілуге болмайтынын, оның күнін де, түнін де, ағынды өзен, асқар тауын да, тілі мен үнін де сүюдің ұлы құдіретін екенін еске салып тұрғандай.

Осы орайда айтпағымыз қазақ тарихында Отанды сүюдің  ерен үлгісі болар оқиғалар жетерлік. Мысалы, алаштың ардагері Әлихан Бөкейханов өзінің естелігінде Абайдан озық тәрбие көрген шәкірттерінің бірі Кәкітай Ысқақұлы жайлы былай дейді: «1906 жылдың январь (қаңтар) айында Керекуден Семейге қарай шыққан мені «ұстайды» деген хабар Семейге келеді. Омарбек пен Кәкітай мені қашыртпақ болып үш атпен бір адам жіберіпті. Тұзқалаға бір көш жетпей ұсталғанымды естіп кейін қайтты. Бірақ мен ана адамға жолықсамда қашпақ емеспін. Мен қашсам іздеп отряд шығып қырдағы қазақты қор қылмай ма. Абақты да бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы емес пе» деп, қайран Әлекең басына іс түскенде қара басын емес ел қамын ойлаған ғой.

Сол сияқты «Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында былай делініпті: «Газеттің 80-ші нөмір санында жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф төлеу немесе үш ай абақты қамау үкім етеді. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов газетаға мың жарым сом төлеу ауыр болатынан ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызды» дейді. Қазақтың көзі мен құлағы болған газеттін сақтап қалу үшін Ахаң өзі барып түрмеге отырған екен.

Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметов: «Біздің бала кезімізде Торғайда қылағай қызыл сиырлар болды. Жүдеубастау, тұрқы кішкене, сүті аз мал. Ел бұл малдарды баяғы аштық жылдары Семей жақтан айдалып келген сиырдың тұқымы деуші еді» деп жазады. Ұзын сөздің қысқасы 1920-21 жылдары Торғайда алапат аштық болған. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытов бас болып М.Дулатов, Қ.Сәтпаевтар Семей өңірінен мыңдаған мал жинап Торғайға жаяу жалпы айдап келген. Елге тегін таратып берген. Сөйтіп елді аштықтан аман алып қалған.

Марқұм жазушы Дидахмет Әшімханов бір жазбасында: «Қазір халық алдындағы барлық проблема түгел шешіліп бітті ме? Бітпесе, елім, жерім, тілім, дінім, салт-дәстүрім деп жаны жалаулатып жүрер азаматтар неге аз? Неге соншама енжар-бұйығымыз? Ұлттық қан, ұлттық сана, ұлттық намыс қалай салқындап қалған бойымызда? Бұдан құтылар жол біреу – ол отаншылдық сезімді ояту, бұрынғы өткен замандағы Отанды сүюдің үлгілерін насихаттау» деген екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»