Әлем • 04 Наурыз, 2019

Кавказдық балуандар неге мықты?

2702 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Спорт тақырыбына қалам тартып жүрген журналшы ретінде біз пақырды көп ойландыратын бір сауал бар. Ол мынау: «Кавказдық балуандар неге мықты?». Айталық қазіргі таңда жекпе-жек спорт түрлері бойынша Ресейдің құрамасының 80 пайызы кавказдықтар, яғни, тау халықтары. Дзюда, еркін және грек рим күресі бойынша әлемдегі ең мықтылар тек осы өңірден, тіпті дені дағыстандық. Сонда дейміз-ау, бар-жоғы  үш миллионға жетеқабыл қаптаулық жігіттер өздерінен 30 есе көп орыс жұртынан қалайша мықты?!

Кавказдық балуандар неге мықты?

Мына бір дерекке назар аударыңыз, таулықтар арасынан соңғы 50 жылда самбо, дзюдо, еркін және грек-рим күрес түрлерінен олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы және жүлдегері атанған 315-ге жуық балуан шығыпты. Ал, біздің 14 миллион қазақтан шыққан соңғы 50 жылда  олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы атанған азаматтарды санап көріңіз. Бір, екі, үш... болды.

Арықарай тереңдей түссек, ғаламда жан саны 964 мың (850 мыңы Дағыстанда тұрады) құрайтын авар дейтін халық бар. Осылардан 42 олимпиада мен әлем чемпиондары шыққан екен. Бержағын суыртпақтап айтсақ, Хаджымурад Могомедов, Сагид Муртазалиев,  Мәулет және Адам Батыровтар т.б. Бұған әлемнің бес дүркін чемпионы Әли Әлиевті қосып қойыңыз.

Сол сияқты бар-жоғы 431 мың құмықтан, еркін күрес түрі бойынша олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері – Сайпулла Абсайтов, Магомед-Гасан Абушев, Расул Батталов, Ильяс Бекбулатов, Бахтияр Ахметов, әлем және Еуропа чемпионадары мен жүлдегерлері – Насрулла Насруллаев, Нариман Исрапилов, Мурад Рамазановтар шықса, жалпы күрес түрлері бойынша 17 балуан олимпиада және әлем чемпионы атаныпты.

Жан саны бізден 26 есе аз легзиндерден дзюдо күресінен әлем чемпионы Садир Айвазов, Тельман Курбанов және тәуелсіз Әзірбайжан тарихында тұңғыш олимпиада жеңімпазы Назим Курбанов, самбодан әлем чемпиондары –  Эльдар Алиев, Назир Мамедалиев, Ислам Мамедов,  еркін күрестен әлемнің екі дүркін жеңімпазы Руслан Ашуралиевтер шыққан екен.  

Сол сияқты адамы жарты миллионнан аспайтын даргинцтердің  14 жігіті күрестің әр түрінен олимпиада және әлем, Еуропа чемпионы атанып үлгеріпті. Олар еркін күрестен әлемнің екі дүркін, Еуропаның төрт дүркін чемпионы Магомед Азизов, Еуропа чемпионы Али Исаев, әлем кубогының екі мәрте иегері Руслан Караев, Еуропаның екі мәрте жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бузай Ибрагимов т.б.

Дағыстан автономиялы республикасының құрамына кіретін жоғарыдағы төрт халықтан басқа: ноғай (40,4 мың), лак (161 мың), табасаран (118 мың), агул (28 мың), цахур (9,8 мың), тат (0.2 мың)... т.б.  жұрттардың ұландары да қашаннан бері ту ұстап, тұлпар мініп үйренген. Атап айтқанда, еркін күрестен олимпиада чемпионы Ширвани Мурадов (лак), олимпиаданың күміс жүлдегері Наси Булгаев (агул), дзюдодан әлем кубогының иегері Камал Хан-Магомедов (табасаран) және футболдан 2002 жылы өткен әлем біріншілігінде Түркия құрамасының сапында «алтын гол» соққан Ильхан Мансыз (ногай).

Жоғарыдағы ұлт-ұлыстар сияқты Дағыстан республикасының құрамында болмаса, жалпы таулықтар дейтін атқа ие, кабардин-балқар (545 мың), адыгейлер (128,5 мың), осетиндердің (516 мың) спортта жеткен жетістіктері бізді он орайды. Жүз жиырма сегіз мың адыгейлердің 48 ұланы, самбо, еркін күрес, грек рим, дзюдодан олимпиада, әлем, Еуропа чемпионы немесе жүлдегері атанып үлгерген. Бұлардың жеңісінің басы 1948 жылы олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілген Гуше Яшардан басталса, ары қарай Аталай Махмұд, Арамбай Емиж, Асланбек Хуштов т.б. кете береді.

Ал, әлемде жарты-ақ миллион осетиндердің жетістігі де ешкімнен кем түспейді. Еркін күрестен әлемнің төрт дүркін чемпионы Бесік Кудухов, Хаджымұрад Гацалов, екі дүркін чемпионы Таймураз Дзгоев, олимпиаданың екі дүркін жеңімпазы Сослан Андиев, үш дүркін чемпионы Артур Таймазов (Өзбекстан атынан күресіп жүр), әлем және Еуропа чемпиондары – Ибрагим Алдатов, Ю. Гусов, Алан Дудаев, Арават Сабеев, Ирбек Фарниев т.б.

Кабардин-балқар бауырларымыздың да оншақты жігіті күресте әлемдік деңгейде көтерілген. Атап айтқанда: Билял Махов, Мулид Лампежев, Анзор Уришев, Алексей Казиев, Арсен Маиров, Расул Машезов т.б.

Осы жерден тізгін тартып, тақырыптағы сұраққа қайта оралайық. «Кавказдық балуандар неге мықты?». Дәл осы сұрақты бірнеше жылдың алдында орыс журналистері еркін күрестен екі дүркін олимпиада чемпионы дағыстандық балуан Мәулет Батыровқа қойылған екен, ол:  «Біздің жігіттердің  рухы басым» деп жауап берсе, еркін  күрестен  олимпиаданың үш,  әлемнің алты дүркін чемпионы  Бувайсар Сайтиев «біздің жігіттердің бойынша хаққа деген зор құштарлық және қайтпас намыс бар» деп қысқа қайырыпты.

Демек, біздің балуандардың бойында таулық жігіттер айтқан: хаққа құштарлық, рух азаттығы, қайсар намыс жетпей жатыр деген сөз. Бұны қалай қалыптастырамыз ол басқа әңгіме.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар