Қазақстан • 05 Наурыз, 2019

Әйелдер – үшінші жаңғырудың сарқылмас қайнар көзі

1185 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазір Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы кең көлемде іске асырылып жа­тыр. Ондағы басты мұрат – әлем­нің озық 30 елінің біріне ай­налу. Сол үшін саяси, эконо­ми­калық және рухани жаңғырулар жүргізілуде.

Әйелдер – үшінші жаңғырудың сарқылмас қайнар көзі

Жалпы, әлем де цифрлы тех­­но­логияның дамуына байланысты құрылымдық терең өзгерістерді бастан өткеруде. Олар мынадай жаһандық қатер­лер­ден туындауда: экономи­калық осалдық; гео­саяси ши­рығыс; қоғамдық, сая­си және технологиялық тұрақсыздық; қоршаған орта проб­ле­малары.

Жаһандық даму барысында әйелдердің рөлі де жыл өт­кен сайын артып келеді. Қаң­тар­да Дүниежүзілік Давос эконо­микалық форумында Дүние­жүзілік банк президентінің мін­­детін атқарушы Кристалина Геор­гиева: «Іске әйелдер ара­ласқанда, біз бәрімізге пайдалы дұрыс шешімдер қабылдаймыз, әлем де жақсара түседі», деген еді. Осы тұжырымды заманауи, табысты және қарқынды даму үстіндегі ел – Қазақстанымызға тікелей қатыстырып айтуға болады.

Біз бүгінде экономикалық өсімнің жаңа моделін қалып­тас­тыруға және Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған Үшінші жаңғыруды жүзеге асырып жатырмыз. Елдегі әйелдер, сөз жоқ, осынау үдерістің қоз­ғаушы күшінің бірі екені анық.

Президент әйелдер рө­лі­не қатысты: «Өз сенім­деріңіз, үміттеріңіз бен махаб­бат­тарыңыз арқылы сіздер еліміз­дің баянды болашағының берік негізін қалап жатырсыздар», деп бекер айтқан жоқ. Ал ол жүйелі мемлекеттік отбасылық саясатқа нық табан тірейді. Со­ның арқасында қазір берік отбасы құруды, табысты ман­сап­қа қол жеткізуді, рухани да­му­ды көздейтін заманауи қыз-келін­шектер шоғыры қалып­тасты.

Қазақстан әйелдерінің қо­ғам­дық-саяси өмірде атқаратын рөлі зор. Олар заң шығару жұ­мысына белсене атсалысады. Парламенттің 34 депутаты – әйел, оның ішінде 5-еуі – Се­натта, 29-ы – Мәжілісте. Әсі­ресе 5 әйелдің комитеттерді бас­қа­ратынын айрықша айта кету керек. Мәселен, Сенаттағы комитеттер – Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіпсіздік; Қаржы және бюджет; Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым; ал Мәжілісте – Қар­жы және бюджет пен Әлеу­меттік-мәдени даму комитеттері. Сондай-ақ қыз-келіншектер барлық жергілікті сайланбалы органдарда бар. 747 әйел барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары болып саналады. Қостанай облысында олардың саны 31,6%-дан асты, Павлодар облысында – 29,6%, Солтүстік Қазақстанда – 28,1%.

Қазір ел тұрғындарының 51%-дан астамы – әйел заты. Олар жұмыспен қамтыл­ған ха­лықтың жалпы саны­ның 48,7%-ын құрайды. Қазақ­стан­дағы әйелдердің еңбек ресурсы алған білімдер деңгейінің жо­ғарылығымен ерекшеленеді. Мысалы, қыз-келіншектердің 56%-ының жоғары білімі бар. Олар экономиканың барлық саласында – дәрігер және мұғалім болып еңбек етеді, зауыттар мен фабрикаларда жұмыс істейді, ауыл шаруашылығымен айналысады, мемлекеттік қыз­метші болып тер төгуде. Эко­но­миканың нақты секторларында елді цифрландыру үдерістеріне атсалысатын отандас ханымдар жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Олар­дың үлесі өнеркәсіпте – 32,6%, құрылыста – 24,5%, ақпарат және байланыс саласында – 45,4%.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыра отырып, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толықтай пайдалану міндетін қойғаны белгілі. Ол үшін елге озық тех­ноло­гияларды молынан тарту ба­ғытындағы шаралар жиынтығы қабылдануда. Қазақстан әйел­дері бұл үдеріске белсене кі­рісті. Мәселен, Қостанай облы­сында «Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасы аясында «КАС Кон­­салтинг» компаниясының ди­ректоры Ирина Сулименко бағдарламалық-аппараттық әдіс­­терді енгізуге негізделген аус­­триялық «Smaхtec» техноло­гиясы бойынша «Ақылды сүт фермасы» қанатқақты жобасын жүзеге асыруда. Ол тех­но­логияның жаңалығы мен біре­гейлігі сонда, малдың дене­сіне арнаулы құрылғыны – болюсты енгізген кезде жал­пы ахуалын, негізгі физио­ло­гиялық өлшемдерін, қозға­лыс белсенділігін толық бақы­лауға болады. Бұл мониторинг жүйесі азықтандыруды оңтайландырады, ветеринарлық күтімді азайтады, сүттің сауы­лымын көбейтуге мүмкіндік береді, т.б. Сынақ кезеңі нә­ти­жесінде «Садчиковское» ЖШС-ның репродукция жөніндегі көрсеткіштері 2 есе өсті, әр бас малдан сауылатын сүт 5 литрге көбейді (6-дан 12 мың литрге дейін), ауру азайды.

Біздің әйелдер сондай-ақ экономиканың басқа да са­ла­ларының дамуына маңызды үлес қосуда. Ал мемлекет әйел­дер кәсіпкерлігінің өсімі үшін қажетті жағдайды жасап отыр. Бүгінде олар көтерме және бөл­шек сауданы қамтып, осы салада жұмыс істейтіндердің жал­пы санының 59,64%-ын, ден­саулық сақтау және әлеуметтік қызметтерде –70,8%-ды, қаржы сек­торында – 61,5%-ды, өңдеу өнер­кәсібінде 37,9%-ды құрап отыр.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арнал­ған бағдарламасы, Бизнес­тің жол картасы-2020 аясында мемлекеттік қолдаудың түр­лі тетіктерін пайдаланатын әйелдер жыл өткен сайын кө­бейіп келе жатқаны қуантады. Олар бизнес негіздерін үйрететін ақысыз оқу курстарынан өтіп, шағын несие алуда, жұмыс орын­дарын ашуда.

Мысалы, Жаңагүл Төре­ха­нова «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 195 миллион теңге мөлшерінде несие алып, Ақтөбеде дәрі-дәрмектің 52 аталымын шығаратын «Фар­мация» зауытын салған. Олар, мы­салы, баршаға белгілі грип­по­вир, флуконазол, мия тамы­ры­ның шәрбаты және т.б. За­уыт­та 50-ден аса адам жұмыс істейді.

Біз өзіміз жасай алатын жай тауар­ларды шекара сырты­нан тасы­мауымыз үшін «қара­пайым заттар» экономикасын қалып­тастыру бүгінгі күннің ел Пре­зиденті анықтап берген ба­сым­дықтарының қатарына жатады.

Сондай саланың бірі – дәс­түр­лі түрде әйелдер кәсібі болып саналатын жеңіл өнеркәсіп. Оның дамуына қазірдің өзінде қазақстандық брендке айналып үлгерген, балалар киімін шығаратын «Mimioriki» компаниясы елеулі үлес қосуда. Кәсіпорынның арт-директоры, бас дизайнері және барлық жиын­­тықтың авторы Мая Жұман­­бекова 2018 жылы «Қазақ­­стан­дағы 100 жаңа есім» жо­ба­сы жеңімпазының бірі болды. Бұл бренд әр маусымда 30-50 модельді қамтитын 5-7 жиын­тық шығарады. Осылайша, мау­сымда шамамен 200-250 заманауи әрі сапалы модель айналымда болады. Олардың өнімдері тек Қазақстан нарығын ғана жаулап қоймай, көршілес Ресейде де сатылуда.

Бизнесті табысты жүр­гі­зу­дің елеулі факторы жаңа­шыл­дықтың, бастамашылдықтың және сындарлылықтың ойға қонымды үйлесімі екені кү­мәнсіз. Біздің әйелдер бүгінде соны меңгеріп алып, сыртқы нарықты батыл бағындыра бас­тады. Бұл үшін олар Еуразиялық экономикалық одақ желісі бо­йынша жолы ашылып жатқан мүмкіндіктерді пайдалануда. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі компанияның бірі – Роза Сүлейменова бас­қаратын сүт нарығындағы көш­басшы «Молпродукт» ЖШС қай­мақ-сүт өнімдерінің 60-тан ас­там аталымын шығарады. Олар – танымал «Мумуня» сүті, «Ке­фирный баланс» айраны, «Одари» йогурты және т.б. Бұл өнімдер еліміздің барлық облысында бар, сондай-ақ Ресей Фе­дерациясының шекаралас өңір­леріне табысты экспортталуда.

Жыл сайын Қазақстан мен Ресей шекаралас аумақ­та­рында әйел­дер форумын өткізу бизнес үшін жақсы көмекке айнал­ды. Ондай форумдар қазір­ге дейін Шығыс Қазақ­стан, Батыс Қазақстан, Қоста­най және Солтүстік Қазақстан облыста­р­ын­да өтіп үлгерді. Ынтымақ­тас­тықтың мұндай форматы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға септігін тигізеді, инвестициялық өзара әрекеттестікке, технология және озық тәжірибе алмасуға тың серпін береді.

Қазақстандық әйелдер кәсіпкерлігі халықаралық форматта жоспарлы түрде жүйелі ілгерілеп келеді. Мәселен, 2018 жылы Түркия мен Өзбекстанда, ал биылғы ақпанда Біріккен Араб Әмірліктерінде іскер әйел­­дердің бизнес-форумдары өтті. Аталған елдердің Іскер әйелдер кеңестерімен арада­ғы ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Мы­салы, тек Қазақстан мен Өз­бекстан әйел­дерінің бизнес-форумы ая­сында ғана Қазақстан­ның Ақ­төбе, Жамбыл, Қос­танай жә­не өзге өңірлерінің кәсіп­кер әйелдері мен Өзбекстан әйел­дері арасындағы ынтымақ­тастық ниеті туралы 15 келі­сімге қол қойылды. Жалпы, олар­дың қорытындысы бойын­ша шағын және орта бизнесті цифр­ландыруға баса мән бере отырып, перспективалы ин­но­вациялық жобалар анықталды, әйелдер арасында іскерлік бай­ла­­ныстар дамуда, ең басты­сы уағ­даластықтарға қол жеткі­зілуде.

4.0. индустриясына көшуге байланысты туындаған қазіргі нақты жағдайлар өмірдің бар­лық саласын цифрландыруға негізделген. Бұл үдерістердің алдыңғы шебінде әрине ғылым тұр. Қазақстанда 17 мыңнан аса ғалым жұмыс істесе, солардың 9 мыңдайы әйел, олар роботтех­ника, биотехнология, жасанды интеллект жүйесі, нано­технология және гендік инже­не­рияның дамуымен сипатталатын VI технологиялық құры­лым элементтерін енгізуге бел­сене атсалысады. Ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерт­теулердің көш бастаушысы Назарбаев Университет болып табылады. Бүгінде оның қолдауымен «National Labo­ratory Astana» жұмыс істейді, оның құрамында Өмір туралы ғылымдар орталығы мен Энергетика және жаңа материалдар ғылымы орталығы бар. Олар, өз кезегінде, 7 ғы­лыми-зерттеу институтынан және 24 зертханадан тұрады. Мы­са­лы, Биоинженерия және ре­ге­неративті медицина зерт­ханасының жетекшісі Шолпан Асқарова ұлпа регенерациясы үшін дәрі-дәрмек агенттері мен жасушалы өнімдер био­ин­женерлік жеткізілімін; ми­дың ишемиялық зақымын ем­деудің стволдық жасушаларды құрамалы күйде қолдануға негізделген жаңа стратегияларын әзірлеп жатыр. Ал Геномдық және дербестендірілген медицина зертханасының басшысы Айнұр Әкілжанова асқазан қатерлі ісігінің, сүт безі қатерлі ісігінің геномдық және транскриптомды профиліне зерттеу, туберкулезге генетикалық зерттеу; Қазақстан халқының генетикалық архитектурасына зерттеу жүргізуде.

Халықтың болашағы өс­ке­лең ұрпақпен байланысты еке­ні белгілі. Биылғы жылды Мем­­лекет басшысы даналықпен Жас­тар жылы деп жариялады. Оның басымдығының бі­рі ретінде экономикалық іл­ге­рі­леу белгіленді. Бойжеткен қыз­дардың бизнеспен белсене шұғыл­данып, жаңашыл стартаптар жасап жатқаны қуантады. Мә­селен, Шығыс Қазақстан облы­сында Мәлика Маханова мен Алина Терешкина өздерінің командаларымен бірге «Fire Shield» мобильді қосымшасын және түтін, газ, температура, тұр­мыстық газ датчиктері жұмыс істейтін құрылғы жасап шығар­ған. Олар 2018 жылдың «Digital East – Болашаққа қа­дам» атты халықаралық IT-фо­ру­мының жеңімпаздары атан­ды. Ал М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан универ­си­тетінің студенті Айнұр Әбіл­таева фармкомпаниялар мен дәріханаларға дәрілік шикізат жинау (Солтүстік Қазақстан об­лысы аумағында өсетін өсімдік­терден дәрі жасау үшін отандық шикізат базасын құру) жөніндегі стартап-жобасы үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жас­тар синергиясы» форумы аясында «Green-startup» аталымы бойынша үздік деп танылды.

Бүгінде елімізде табыс пен өмір сапасын арттыру арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартудан асқан маңызды міндет жоқ. Мұны Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айқындап берді.

Біздің мемлекеттік саясатымыз бір орнында тұрмайды, ел ішінде жүріп жатқан жаһандық трендтер мен үрдістерге орай үнемі жетілдіріліп отыра­ды. Елбасы «Nur Otan» партия­сы­ның таяуда өткен ХVІІІ съезін­де Қазақстанның өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Алдағы 10 жыл – елі­міздің әлемдегі озық отыз мем­лекеттің қатарына ұмтылуын­дағы шешуші кезең.

Президент әлеуметтік жаңа ша­ралар жөнінде бастама көтер­ді, олар мына бағыттарды қам­тиды:

табысты арттыру және ха­лық­тың аз қамтылған бөліктерін қолдау;

табысы төмен азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру, денсаулық сақтау са­лаларын жақсарту;

өңірлерді кешенді дамыту.

Бұл мақсаттарға қосымша
2 триллион теңгеден астам қа­ра­жат бөлінетін болады. Аталған шаралар қашанда, ең алдымен, отбасылық саясатқа қатысты, өйт­кені отбасы – қоғамымыздың негізі. Басты басымдықтың бірі – ана мен баланы, ең алды­мен, көп балалы аналарды жан-жақты қолдау. Көп балалы болу біздің халықтың тамырын көне заманнан тартып жатқан мыз­ғымас құндылықтарының бірі ғой.

Президент жүргізіп келе жат­қан мемлекеттік саясаттың арқа­сында елімізде балалы әйел­дер мен отбасыларды әлеу­меттік қолдаудың тұтас бір жүйесі қалыптасты. Бұл, әлбетте, демографиялық ахуал­дың жақсаруына септігін тигіз­ді. Тәуелсіздік жылдарында 3,5 млн-нан астам неке қиы­лып, 9 млн-дай бала өмірге келді, жыл сайын 400 мыңдай адам дү­ниеге келеді. Қазір Қазақ­стан халқының саны 18,4 млн-ға жуық­тады. Елдегі 340 мыңдай көп балалы отбасының әрқайсы­сында 4 және одан көп бала бар.

Көп балалы аналар қазіргі кезде жай ғана үйде отырып, бала тәрбиесімен ғана айналысып жатқан жоқ, олар экономиканы дамытуға белсене атсалысуда. Мысалы, Алматы облысындағы 6 бала тәрбиелеген 72 жастағы көп балалы ана Жамал Байжомартова өмір бойы жұбайымен бірге трактор­шы болып жұмыс істеген. Ал бү­гінде ол өзінің ба­лалары мен неме­релері ғана емес, ауылдаста­ры да білек сыбана еңбек ете­тін өздері­нің отбасылық «Аман­дос», «Әді­лет», «Жомарт» атты шаруа қо­жалықтарына тиімді басшылық етіп отыр.

Замандас әйелдер қауымына үлгі боларлық тағы бір жарқын мысал – Атырау облысындағы 7 бала тәрбиелеп отырған 42 жас­тағы Фарида Ғұмарова. Ол күйеуімен бірге өз кәсібін табысты жүргізуде. Бұлардың ісі «Бизнестің жол картасы-2020» мем­лекеттік бағдарламасының ар­қасында аяғына тұрып, өр­кендеуде. Олар 12 млн теңге не­сие алып, мал өсірумен айналыса бастаған. Қазір олардың фермерлік шаруашылығында 116 бас ірі қара, 150 қой-ешкі, 76 жылқы бар.

Бұл – тек ауыл шаруа­шы­лы­ғына ғана қатысты мысалдар. Көптеген отандас қыз-келін­шек бизнесін ашу арқылы тек ауылда ғана емес, қалаларда да белсенді түрде өз қолдарымен өз өмірін көркейтуде, өз әл-ауқа­тын арттыруда. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктегі 530 мың­нан астам компанияны әйел­дер басқарып отыр.

Елде Мемлекет басшысы бас­тамашылық еткен, қоғам­дық сананы жаңғыртуға бағыт­талған «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасының, «Ұлы даланың жеті қырының» басымдықтары табыс­ты жүзеге асырылуда. Бұл үде­­рістердегі маңызды рөлдің бірі табиғаттан берілген қасиет­тері арқылы әу бастан өз бойларындағы руханилық, парасаттылық және тазалықты дарытушы әйелдерге тиесілі.

Қазақстан әйелдерінің рухани жаңарудағы рөлі мен орны, біріншіден, тек солар және солар ғана жаңа өмір сыйлай алатындығымен; екіншіден, қазақстандықтардың білімді, мә­дениетті және табысты жаңа буынын тәрбиелеу ісі негізінен соларға жүктелетіндігімен; үшін­­шіден, олардың біздің қоғам­ның бөлшегі ретінде өз өмір­лерін жақсартуға, өз өңі­рі­нің дамуы­на, бүкіл елдің өр­кендеуіне белсене атса­лы­са­тындығымен анықталады.

Осылайша, қазіргі қазақ­стандық әйел Үшінші жаң­ғы­рудың қозғаушы күші ғана емес, ең алдымен оның сарқылмас қайнар көзі болып саналады.

Кезінде көне сақтардың даныш­паны Анақарыс: «Бақыт­ты шаңырақ дегеніміз – жал­тылдаған сәнді сарай емес, жан жарыңның, жақын-жораларың мен сүйкімді балаларыңның сыңғырлаған күлкісі, ырысы мен ынтымағы», деген екен.

Санаулы күндерден соң еліміз баршаның сүйікті де қалаулы мерекесін, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін қарсы алады. Қазақстанның аяулы айымдарын сол керемет күнмен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақ-береке және бастаған барлық істе табыс тілеймін!

 

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары