Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарында осы салаға ерекше көңіл бөлінген. Ал онда айтылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жауапты органдардың жұмысы қалай жүргізілуде? Президенттің 2015 жылы жарияланған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының туризм секторына қатысты 57, 69, 86, 87 қадамдарына қандай да бір стратегиялық бағдарлама жасалды ма?
Ел Үкіметінің 2013 жылғы 28 ақпандағы қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы» мен 2017 жылдың 30 маусымындағы қаулысымен қабылданған «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі концепциясына» шолу жасап көрген едік. Зерттеу барысында, бұл құжатты әзірлеушілер Ресей Федерациясының 2014 жылы қабылданған туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі, 2018 жылы қабылданған 2019-2025 жылға дейінгі даму стратегияларын үлгі еткені байқалады. Ресейлік үлгіден ерекшелігі, қазақстандық Тұжырымдамада көрсетілген мақсаттар абстрактілі, оны жүзеге асыру стратегиялары мүлде жоқ.
Біздегі Тұжырымдаманың ең бірінші кемшілігі – құжаттың атауы мен мазмұнының өзара сәйкес келмеуі. Мәселен, авторлар ел туризмін алты кластерге бөліп қарастырады. Бірақ бұл кластерлер Қазақстанның барлық аумағын толық қамти алмаған, тіпті кейбір кластерлердің орталықтары белгіленбеген, олардың нақты шекараларын анықтау мен есте сақтау қиындық тудырады.
Сонымен бірге бұл құжат М.Порттердің кластер теориясы мен (Туристік аймақтарды басқару ұйымы, әрі қарай – ТАБҰ; Destination Management Organization, DMO;) құрылымының негіздерін пайдалана отырып жасалғанын айта кетейік. Алайда, шарттары мен ережелері мүлде бөлек осы ғылыми теория мен құрылым ешқашан қатар қолданбайтындықтан, ешбір мемлекеттің туризм тәжірибесінде ұшыраспайды. Концепция авторларының қарама-қарсы екі ғылыми ережелерді қатар басшылыққа алуы – ғылыми талаптарды өрескел бұзу.
Кластер теориясы еліміздің туризм саласында бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Тиісті құжатта оған: «Туристік кластер – бұл туристік өнімді жасау, өндіру, ілгерілету және сатумен, сондай-ақ туризм индустриясымен және рекреациялық қызметтермен сабақтас қызметпен айналысатын өзара байланысқан кәсіпорындар мен ұйымдардың бір шектелген аумақ аясында шоғырлануы», «Туристік кластерді құрудың мақсаты – синергетикалық әсер ету есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» деген анықтама беріліпті. Қазіргі таңда туризмнің тиімсіздігіне байланысты дамыған елдер бұл ғылыми ережеден бас тартып, оның орнына ТАБҰ құрылымын басшылыққа алуда. ТАБҰ құрылымының мақсаты – туризмді экономикалық қызмет түріне айналдыруға шешім қабылдаған аймақта оған барлық күш-жігерді бағыттай отырып кәсіби түрде айналысу тәсілі.
Ел туризмінің дамуына мұндай жалаң, жүйесіз Тұжырымдама ықпал ете алмайтыны анық. Осы орайда Абай атындағы Қазақ ҰПУ мен АҚШ-тағы Халықаралық туризм зерттеу институты Джордж Вашингтон университетінің туризм саласының ғалымдарымен бірлесіп ТАБҰ құрылымы бойынша мақсаты нақты бір мерзімде орындалатын, міндеттері анық, жүзеге асыру стратегиялары бар «Балама тұжырымдама» дайындағанын айтқым келеді. «Балама тұжырымдамада» елдің әкімшілік құрылымына байланысты он төрт ТАБҰ құру, туризмнің төрт бағытын жеті стратегия бойынша іске асыру жоспарланған.
«Балама тұжырымдаманың» негізгі мақсаты – 2025 жылға қарай Орталық Азиядағы басты туризм орталығы болу. Осы мақсатқа жету үшін елімізде төрт туристік бағытты: Іскерлік туризмді (MICE туризм), Табиғи туризмді, Мәдени мұралар туризмі мен Рухани туризмді ұлттық деңгейде қарастыруды ұсынамыз. Аталған туризм түрлерін дамыту жеті стратегия бойынша іске асырылады.
Ең бірінші стратегия – Ұлттық туристік ұйымдардың қызметін жақсарту, яғни елдегі мемлекеттен қаржыландырылатын туристік ұйымдардың бәрін бір Ұлттық туристік ұйымның аясына шоғырландыру. Осы арқылы олардың атқаратын міндеттерін айқындаумен қатар жұмыстың ашықтығын да (transparency) қамтамасыз етуге болады. Ұйымның веб сайтында олардың жыл сайын аймақтық және ұлттық деңгейде атқарған жұмыстарының есебі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады. Оған қоса осы стратегия аясында аймақтағы бес мемлекет кіретін Орталық Азия туристік ұйымын құру мәселесі қарастырылады.
Екінші стратегия бойынша «жұмсақ инфрақұрылымға» арналған стандарттарды әзірлеу керек. Яғни, Туризм индустриясы комитетінің инфрақұрылымның барлық түрін дамыту құзыреті жоқ болғандықтан, туризмге байланысты орындар мен бизнес салаларында санитарлық-гигиеналық жағдайды ретке келтіру керек. Мәселен, туристік нысандарға апаратын жолдардың бойындағы қызмет көрсету орындарын (әжетханалар), қонақүй мен тамақтану орындарының сапасын халықаралық деңгейге көтеру қажет.
Үшінші стратегия – үйлестіру комитетін құру. Елдегі туризмге қатысты барлық инфрақұрылымдық жағдайды дамыту мәселесіне Туризм индустриясы комитетінің құзыреті жүрмейтіндіктен, басқа мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеу қажет.
Төртінші стратегияда Аймақтық туризмді басқару ұйымдарын құру қарастырылған. Қазақстанның он төрт облысына байланысты он төрт аймақтық туризмді басқару ұйымы әр өңірге тән туризм түрлерін айқындап, қолайлы түрлерін дамытуға мүмкіндік жасаумен айналысады.
Бесінші стратегия – туристік білімді жетілдіру мен пайдалану, тиісті мамандық беру мекемелерінің жұмысын әлемдік стандартқа сәйкестендіру. Бұл мақсатта арнайы туризмді зерттеу институтын құру, маман дайындайтын ұлттық университеттерге «TedQual» сертификатын, ал басқа оқу орындарында туризмді зерттеу институтының «Tourism Education Quality Kazakhstan» сертификатын алуды ұсынамыз.
Алтыншы стратегия Үкіметтің туризмге мұқият көңіл бөлуін қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, туризм саласының жұмыс орындарын құрушы индустрия екендігі ескеріліп, бұл саланың мемлекет тарапынан жеткілікті қаржыландырылуын қамтамасыз етуді бақылау ұсынылады. Әртүрлі конкурстар ұйымдастыру, туристер санының артуын және осының әсерінен жаңа жұмыс орындарының ашылып жатқанын үнемі Үкіметтің есіне салып отыру керек деген ойдамыз.
Жетінші стратегия – шетелдерде туристік кеңселер құру, шетелдік ұйымдармен байланыс жасау арқылы ел туризмінің мүмкіндіктерін насихаттау. Осы арқылы шетелдік инвесторларға елге инвестиция салудың тиімділігін жеткізуге мүмкіндік артады. Аустралия мен Еуропаның, Американың және Азияның дамыған елдерінің туристерін елге тарту жұмыстарымен тұрақты айналысу қажет.
Кененбай Мәмбеталиев,
география ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ҰПУ қауымдастырылған профессоры