Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Шекарашылар Ресейге өтпек болған өзбекстандықтарды ұстады

1249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Бүгін түнде, сағат 2-лер шамасында Орал шекара отрядының «Сырым-авто» тексеріп-өткізу бөлімшесінде Шекарашылар Ресейге қарай жасырын өтпекші болған үш Өзбекстан азаматын ұстады деп хабарлайды ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Шекарашылар Ресейге өтпек болған өзбекстандықтарды ұстады

Ташкент - Самара бағытымен жүріп бара жатқан «Газель» автокөлігін (жүргізушісі 65 жастағы ресей азаматы) тексеру барысында шекарашылар көлік кузовының ішкі және сыртқы өлшемдерінің бір-біріне сай келмейтіндігіне назар аударған. Көлік ішінің жаңадан тысталуы да күдікті болып көрінді. Шекара нарядының басшысы аталған автокөлікті тереңірек тексеру туралы шешім қабылдады. Арнайы техникалық құралдар кузовта жасырын бөлік бар екендігін анықтады. Көліктің ішкі тысын ашқан шекарашылар жасырын бөлікте тығылып отырған 49, 40, 31 жастағы үш өзбекстандықты тауып алды. Оларға Ресей аумағына кіруге шектеу қойылған екен.

Әріптес, құқық қорғау органдары хабарланды. Автокөлік жүргізушісінің үстінен Бәйтерек аудандық ішкі істер бөлімінде ҚК 394 бабы бойынша іс қозғалатын болады.

Өткен аптада Сарыағаштық шекарашылар Қазақстаннан өз елдеріне қарай Мемлекеттік шекараны бұзып, «төтелей өтпек» болған 1987 және 1983 жылғы екі өзбекстандықты ұстаған болатын. Олар шекарадағы тікенек сымды қоршаудан секіріп өтпек болыпты.

Тағы екі шекара бұзушы, өз сөздері бойынша – 1979 және 1995 жылы туған Қырғыз республикасының азаматтары (екеуінің де ешқандай құжаттары жоқ) Тараз шекара отрядының «Сыпатай батыр» шекара заставасының маңынан қызметтік иттің және жылу сезгіш құралдың көмегімен ұсталған.