09 Ақпан, 2012

Мемлекеттік қызметшілер ереуілге шықты

352 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметшілер ереуілге шықты

Бейсенбі, 9 ақпан 2012 8:16

Кеше Израильдің мемлекеттік секторында жұмыс іс­тейтін қызметкерлер ереуіл бастады. Рейтер агентті­гі­­нің ақпараттарына қарағанда, олар бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жағдайын жақсартуды талап етеді.
Ереуіл салдарынан елдегі банктер, темір жолдар, қор рыногы мен бірқатар үкіметтік мекемелер жұмыс істемей тұр. Сондай-ақ Тель-Авивке жақын «Бен-Гурион» халықаралық әуежайы да уақытша жабылған. Сарапшылардың бағалауын­ша, бұл акцияның әрбір күні ел экономикасына 500 миллион доллар шығын келтіретін көрінеді. Алғашында сауда палатасы одағы акцияға тыйым салудың мүмкіндігін қарастырып көрген екен. Израильдің жоғарғы соты сауда палатасының өтінішін қабылдамай тастаған.

 

Бейсенбі, 9 ақпан 2012 8:16

Кеше Израильдің мемлекеттік секторында жұмыс іс­тейтін қызметкерлер ереуіл бастады. Рейтер агентті­гі­­нің ақпараттарына қарағанда, олар бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің жағдайын жақсартуды талап етеді.
Ереуіл салдарынан елдегі банктер, темір жолдар, қор рыногы мен бірқатар үкіметтік мекемелер жұмыс істемей тұр. Сондай-ақ Тель-Авивке жақын «Бен-Гурион» халықаралық әуежайы да уақытша жабылған. Сарапшылардың бағалауын­ша, бұл акцияның әрбір күні ел экономикасына 500 миллион доллар шығын келтіретін көрінеді. Алғашында сауда палатасы одағы акцияға тыйым салудың мүмкіндігін қарастырып көрген екен. Израильдің жоғарғы соты сауда палатасының өтінішін қабылдамай тастаған.

Соғыстың соңғы ардагері өмірден озды
Бірінші дүниежүзілік соғыста оған қатысушы соңғы адам Флоранс Грин Ұлыбританияның Кингз-Линн қала­сын­­да өмірден озды. Кейуана 4 ақпан күні 111 жасқа толуына екі апта қал­ғанда қайтыс болған.
Флоранс Грин бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде британдық Мархем әскери әуе күштері базасында даяшы болып жұмыс істепті. Соғыс аяқталғаннан кейін ол 1918 жылы құрылған Корольдіктің әйелдер әскери әуе күштерінде қызмет еткен. 2008 жылы берген бір сұхбатында Флоранс Грин соғыс кезінде өзінің көптеген ұшқыштармен танысқанын, олармен жиі қыдырғанын, жұмыстан кейінгі бос уақытын өте көңілді өткізгенін айтып, ағынан жарылыпты. Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңғы ардагері Клод Чулз 2011 жылы 110 жасында қайтыс болған еді. Ол өмірден озған соң, Ф.Грин соғыстың соңғы ардагері ретінде ресми түрде танылған екен.

Араб елдері де сырт айнала бастады
Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ын­ты­мақтастығы кеңесі оған мүше барлық елдер өз­де­рі­нің Сириядағы елшілерін кері шақырып алатындарын мәлімдеді. Осыған байланысты енді сириялық елшілер де бұл мемлекеттердің аумағынан шұғыл шығары­ла­тын болады.
Мұндай шешімді кеңеске мүше алты ел – Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн, Кувейт, Оман және Катар мемлекеттері Сирия­ның президенті Башар Асадтың режіміне қарсылық таныту ретінде қабылдап отыр. Бірқатар мәліметтер қазіргі билікті құлатуды жақтаушылар мен үкіметтік күштер арасындағы жанжалдар салдарынан 7 мыңнан астам адам құрбан болғанын көр­сетеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Башар Асадты отставкаға кеті­ріп, елде саяси реформа жүргізуге қатысты қарар қабыл­дау­­ға әрекеттенген еді. Бұған Қытай мен Ресей келісім бермей отыр.

Екінші мерзімге қайта сайланбауы үшін…
Америкалық бірқатар кәсіпкерлер Барак Оба­маның президенттікке ек­інші мерзімге қайта сайланбауы үшін 100 миллион доллар бөлуге уәде беріп отыр. Мұндай шешім өткен жек­сен­біде Калифорнияның оңтүстігіндегі ку­рортта өткен консервативтік ауан­да­ғы саясаткерлер мен кәсіпкерлердің кездесуінде қа­был­данған сияқты.
Кейбір ақпараттарға қарағанда, бұл кездесуге 250-300-дей адам қатысқан. Осы шараны ұйымдастырған ағайынды Чарльз және Дэвид Коуктардың әрқайсысы тиісінше 40 және 20 миллион доллар бөлуге міндеттенген көрінеді. Бір қызығы, осындай шараны ағайынды Коуктар осымен тоғызыншы жыл ұйымдастырып келеді екен. 2011 жылы олардың жиынына қарсылық акциясы да болып өтіпті. Ал бұл жолы ондай қарсылық байқалмаған.

Армяндар мәселесіне байланысты көмек сұрады
Түркияның Еуропа Одағымен өз­ара қатынастар жөніндегі министрі Эге­мен Багис Германияны Франция мен Түркия арасындағы армяндарға қарсы зұлмат (геноцид) туралы тарихи дауды шешіп беруге шақырды. Париж қабылдаған заң қазіргі кезде Фран­цияның конституциялық сотында тексеріліп жатыр.
Түркиялық министрдің сұхбатында аталғандай, бүгінде дау-дамайды өршітіп отырған 1915 жылғы жағдай туралы мәліметтер Германияның мұрағаттарында сақталған болуы керек. Сондықтан да ол Берлинді тарихшылар үшін өз мұрағаттарын ашуға шақырды. Э.Багистің хабардар етуінше, азаматтық соғыс кезінде түріктер тарапынан да, армяндар тарапынан да құрбан болғандар жетерлік. Бұлар жөнінде құжаттар бар.

«Соғыс емес, бейбітшілік қажет»
Аргентина БҰҰ-ға Ұлыбританияның Фолкленд аралдарындағы әскерилерін күшейтіп жатқанына байланысты ресми шағым жолдады. Бұл Аргентина президенті Фернандес де Киршнердің мәлімдемесінде атап көрсетілген.
Президенттің мәлімдемесі бойынша, Ұлыбританияның бұл әрекеті халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға кері ықпал етеді, қауіп-қатерді күшейтеді. Оның пікірінше, Ұлыбритания соғыс өртін тұтандыру арқылы Аргентинаның табиғи ресурстарына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. «Британдық премьер-министрге әлемге соғыс емес, бейбітшілік қажет екенін айтқым келеді», – деп түйіндеген ол сөзін.

Қысқа қайырып айтқанда:
* Әзербайжан Шах-Дениз кен орны ауданындағы платформаның техникалық ақаулығына байланысты Түркия мен Грузияға газ экспорттауды уақытша тоқтатты.
* Нидерландыда қыстың аязды болуы салдарынан су каналдары қатып жатыр. Сондай-ақ Венеция мен Париж қалалары да осындай қиындыққа тап болуда. Еуропаның бірқатар елдерінде ауа температурасы 39 градусқа төмендеген.
* Ресей мен Үндістан биылғы жылы да бірлескен «Индра» атты құрлықтағы әскери жаттығуды жалғастырады. Жаттығу Қытай мен Моңғолия шекарасындағы Гепард полигонында өтеді.
* Швецияның премьер-министрі Фредрик Рейнфельдт елде зейнеткерлікке шығу жасын 75-ке дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
* Ташкент облысы Шыршық қаласының милициясы қазақ және өзбек жастары арасындағы болуы мүмкін ұлтаралық қақтығыстың алдын алды. Бұл интернетке орналастырылған әннен шыққан.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.