Дүбірге толы дүние
Жұма, 10 ақпан 2012 7:53
Ресей: Биылғы сайлау бұрынғылардан өзгерек
Бұл елдің өмірінде аса үлкен дәуірлік оқиға болғалы тұр – 4 наурызда президенттік сайлау өтеді. Сол оқиғаға байланысты науқанның шешуші кезеңі басталды. Үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына кірісті.
Биылғы сайлаудың шын мәнінде ерекшелігі көп. Елдің ең жоғары қызметінен кеткен адам сол лауазымды қайта иемденуі мүмкін. Солай болған жағдайда Ресей тарихында Путин дәуірі мықтап орнығады. Сонан соң халықтың саяси белсенділігі де қазір айрықша күшті.
Жұма, 10 ақпан 2012 7:53
Ресей: Биылғы сайлау бұрынғылардан өзгерек
Бұл елдің өмірінде аса үлкен дәуірлік оқиға болғалы тұр – 4 наурызда президенттік сайлау өтеді. Сол оқиғаға байланысты науқанның шешуші кезеңі басталды. Үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына кірісті.
Биылғы сайлаудың шын мәнінде ерекшелігі көп. Елдің ең жоғары қызметінен кеткен адам сол лауазымды қайта иемденуі мүмкін. Солай болған жағдайда Ресей тарихында Путин дәуірі мықтап орнығады. Сонан соң халықтың саяси белсенділігі де қазір айрықша күшті.
Мәскеудің түкірік жерге мұз болып түсетін қақаған аязында жүз мыңнан асатын халықтың митингілерге шығуы көп жайды аңғартады. Бұрынғыдай таңдалған бір адамның соңынан ере беретін ресейліктер жоқ қазір. Әр кәлләда бір қиял дегендей, әркімнің де өз пікірі, өз таңдауы бар.
Үгіт науқаны енді басталды дегенмен, президенттік сайлаудың күресі өткен жылғы күздегі парламенттік сайлаумен қатар жүрді десе де болады. Билік партиясы «Единая Россияға» қарсы күресті оның рухани басшысы саналатын премьер-министр Владимир Путиннен бөліп қарауға болмайтындай еді. Сол парламенттік сайлау қорытындысына наразылық бүгінге дейін созылып келеді. Сол қарсылық акцияларының уыты да президенттікке басты үміткерге бағытталған. «Путин, кет!» деген бұрын тосын көрінетін плакаттар шерулердің, митингтердің «сәніне» айналды.
Оппозицияның белсенділігі де қай кездегіден жоғары. Бақылаушы, қадағалаушы орындардың талаптарына қарамай, бүгінгідей қақаған аяздарда 120 мың адамды митингіге алып шығу сол белсенділіктің бір көрінісі. Және оппозицияның көсемдері мен белсенділері билікті сынауда сөз таңдап жатпайтын да болған. Көшелік демократия бұл елде асқынып тұр.
Үміткерлер – белгілі тұлғалар. Әрине, жұрттың көңілінде жүретіні алдымен Владимир Путин. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі де осы адамға қатысты екенін жоғарыда айттық. Оның осы сайлауға қатысатыны және ондағы жеңіске жететініне сенімі осыдан төрт жыл бұрын-ақ белгілі болған. Туралап айтпағанмен, қазіргі президент Дмитрий Медведевті өз орнына сайлағандай болып, келесі сайлауда қайтып аламын дегендей ишаратын жұрттың бәрі ұққан. Осынау екі қайраткердің елдегі жоғары екі қызметті өзара келісіп иеленгендей болғандары да талайларға ұнамады, сынға ұшырады. Бүгінгі қарсылықтың бір ұшы да сонда жатыр.
Путиннің сайлану мүмкіндігі барынша жоғары. Бұл жерде оның қайраткерлігінен бұрын, дәл қазір Ресей кеңістігінде одан беделді, сайлаушылардың көбінің көңілінен шығатын басқа қайраткердің жоқтығына назар аударған жөн болар. Жақында Мәскеуде өткен Путинді жақтаушы 138 мың адам қатысқан митингте сөйлеген шешендердің сөздерінен Ресей империясының беделін көтеру тек соның қолында екенін аңғарасың. Белгілі саясатшы Александр Дугиннің: «Қымбатты орыс адамдары! Америкалық империя әлемнің барлық елдеріне үстемдік құрғысы келеді», деп қорқытып алып, одан кейін: «Тек Ресей, басқасы түк те емес!» деген ұранына құлақ асатындар Путинге дауыс береді және олар аз да емес.
Дәл қазір Путинге керегі – сайлаушылардың дауысы. Әлемнің көптеген елдері, белгілі қайраткерлер Ресейдің қазіргі сыртқы саясатына айтарлықтай сын айтады. Оған қарап жатқан ел басшылығы жоқ. Бәрінен де қазір қалың халықтың патриоттық сезімін қоздыратын, сол арқылы олардың ықыласын аударатын әрекеттер, ұрандар бағалы.
Басқа үміткерлер туралы айтқанда, оларды сипаттап жату артық, бәрі белгілі тұлғалар. Сарапшылардың көпшілігі Владимир Путиннің бірінші турда-ақ жеңетініне сенімді. Жағдай екінші турға апарса, ондағы жеңісті күмәнсіз санайды.
Палестина: Бұл келісім баянды болса игі
Палестина автономиясындағы үнемі қарсылас жүретін ФАТХ және ХАМАС ұйымдары өтпелі кезеңдегі үкіметті кім басқаруы жөнінде келісімге келді – оны ел басшысы Махмуд Аббасқа жүктеді. Бұл жаңалықты әлем жұртшылығы әртүрлі көңіл-күймен қабылдады.
Біраз жұрттың оған селқостау, тіпті сенімсіздеу қарауы да мүмкін. Бұған дейін де автономиядағы бұл жетекші ұйымдардың арасында талай рет келіссөз жүріп, түрлі келісімдер жасалып жатса да, соңында ажырасып кететін. Тіпті олардың арасында қарулы қақтығыс та болып, автономияның екі аймаққа бөлінгені де белгілі. 2007 жылдан бері Газа секторында ХАМАС ұйымына біріккен радикалдық исламистер билік жүргізсе, Батыс жағалау ФАТХ ұйымына кіретін байсалды исламистердің ықпалында.
Сөйтсе де келісім деген жақсы сөз, жақсы қадам. Үмітке жетелейді. Бөлінгеннің жамандығын олар өздерінің жанымен сезінді десе де болады. Газа секторы соғыстан көз ашпады, саяси да, экономикалық та қоршауда қалды. Осынау алауыздық салдарынан елдің тәуелсіз мемлекет болуына жол кесілді.
Екі топтың арасындағы келіссөз өз елдерінде емес, Катар астанасы Дохада өтті. Оған Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббас пен ХАМАС ұйымы саяси бюросының жетекшісі Халед Машаль қатысты. Екі жақтың да бір-бірінің ыңғайына жығылғанын атап айтқан жөн болар. Бұрын ХАМАС ұйымына үкіметті батыстық пиғылдағы Салям Файядтың басқарғаны жақпаса, ФАТХ ұйымы ХАМАС-тың Сириямен байланыста болғанын ұнатпайтын. Енді екеуі де бір-бірінің пікіріне түсіністікпен қарап, Файядтың орнына Аббастың өзі үкіметті басқаратын болса, ХАМАС Сириямен байланысын тоқтатпақ. Сірә бұған соңғы кездегі Сириядағы жағдай да ықпал етсе керек.
Екі қайраткер қол қойған декларацияда үкіметтің құрамы партиялық қағидатпен емес, тәуелсіз технократтардан жасақталатыны белгіленген. Өтпелі үкімет экономиканы қалпына келтіруге жауап береді, сондай-ақ елде болатын президенттік және парламенттік сайлауларды өткізуге басшылық жасайды.
Келісімді жүзеге асыру оңай бола қоймайтындай. Әлі де олар біраз нәрсені шешіп алу үшін сырт жақта кездесетін болады. Сондай кездесудің бірі 18 ақпанда Каирде өтпек. Өз елдерінде қашан бас қосатындары белгісіз.
Былтырғы жылы Палестина автономиясына тәуелсіз мемлекет мәртебесін беру жөнінде халықаралық ауқымда біраз әңгіме болды. Махмуд Аббас БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеп, бұл елдің тәуелсіздігін тануды біраз мемлекет басшылары қолдаған. Бірақ оның толық қолдау таппауында автономияның өз ішіндегі алауыздықтың әсері болғаны да анық. Енді, міне, ел ішіндегі бірлікке негіз қаланғандай болып отыр.
Бірақ мұндай ұстанымға Израиль наразы. Енді Палестина басшылығымен бір үстелдің басында кездеспейміз. Тек кетісетін боламыз. Өйткені, ХАМАС – қанқұйлы ұйым, деп мәлімдеді Аббас үкіметті басқаруға келісімін бергеннен кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Мамадияр ЖАҚЫП.