Археология саласына ден қойған Ә.Марғұланды Н.К.Арзютовтың 1937 жылғы қыркүйек айындағы Сарайшықтағы археологиялық қазба жұмыстары қатты қызықтырады. Өйткені ол Сарайшықта жүргізілген алғашқы кешенді ғылыми-зерттеу болатын. 1949 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы хабаршысында жарияланған Н.К.Арзютовтың экспедиция есебімен мұқият танысып, ортағасырлық Сарайшық қаласы тарихын зерттеу кешегі орыс патшасы заманында басталғанын, оның бүгінге дейін негізінен 2 бағытта: бірі – қаланың пайда болуы мен қалыптасуын тарихи деректер мен ортағасырлық саяхатшылардың жазба деректері, екіншілері археологиялық қазбадан табылған жәдігерлер арқылы зерттеліп жатқанын тағы бір ой елегінен өткізеді. Бұл арада Н.К.Арзютов Саратов ғылыми музейінде археологиялық бөлім меңгерушісі болып, 1928 жылдан бастап Төменгі Еділ бойының археологиялық зерттеу жұмысымен айналысып, көшпелі түркілер мен Алтын Орда мемлекетінің Еділ, Жайық өзендері бойында орналасқан ортағасырлық қалаларына қатысты археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастырғанын жақсы білетін. Ғалым Сарайшық қаласы туралы алғашқы мәліметтер жинақтап жариялаған Орынбор өлкесінде еңбек еткен П.И.Рычков, ХVIII ғасырдың ІІ жартысында Қазақ хандығы территориясына жасалған экспедиция құрамында болған П.С.Паллас, 1861 жылғы топограф А.Е.Алексеев еңбектерімен танысады. Нәтижесінде қазба жұмыстарын жүргізген А.Е.Алексеевтің топографиялық түсірулерінің көне қаланың қазіргі жағдайымен сәйкеспейтінін анықтайды. Біздіңше Ә.Марғұлан Н.К.Арзютовтың ғылыми ұстазы П.С.Рыковпен де таныс болғандай. П.С.Рыков қазақ зиялыларына Батыс Қазақстан бөлімшесі өлкетанушылары алдында жасаған, кейін «Советская степь» газетінде жарияланған «Изучение Уральской губернии в археологическом отношении» тақырыбындағы баяндамасымен таныс болатын. Оның үстіне П.С.Рыков 1932-1933 жылдары Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясы тапсырмасымен Орталық Қазақстанды зерттейді. Атақты Нұра экспедициясы Дандыбай ауылы маңынан көне ескерткіштер орнын ашып, Ә.Марғұланның болашақ жаңалықтарына жол ашқан-ды. Сонымен 1937 жылғы 15 күндік экспедиция қорытындысы Ә.Марғұланның Сарайшықтағы ізденістеріне негіз болады. Саратов ғалымдарының еңбегін жоғары бағалаған Ә.Марғұлан «дегенмен олар барлау белгілерін салумен шектеліп, тарихи хронологиясын анықтау тәрізді үлкен міндеттерді алдына қоймады» дей келе, алдына Сарайшық қалашығының 1950 жылғы көрінісін анықтап, оны бұрынғы орнымен салыстыруды, сол арқылы қаланың қаншалықты өзгеріске ұшырағанын анықтауды мақсат етіп қояды.
Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институты тапсырмасымен Сарайшыққа 1950 жылы тамыз айында келген Ә.Марғұлан Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы құрамына институттың ғылыми қызметкері Г.И.Пацевич, аға лаборант П.В.Агапов, фотограф А.А.Поповты қосады.
Ә.Марғұлан басқарған археологиялық қазба қорытындысы 1951 жылы 24 сәуірде КСРО Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институты пленумының Орталық Азия археологиясы секциясында талқыға салынады. Секция төрағасы профессор М.М.Дьяконов Ә.Марғұланның «Сарайшықтағы қазба жұмыстары» атты баяндамасын тыңдауды ұйымдастырады. Отырыс барысында ұйымдастырылған пікірталаста тарих ғылымдарының кандидаты С.С.Черников: «Сарайшықтың жыл сайын Жайық өзені тасуымен жойылуына және қазіргі кезеңде Жайық өзенінің қала орталығына жақындауына байланысты Сарайшықты зерттеу маңызды міндет. Сарайшықтың Сталинград ГЭС-і жұмыстары аймағына жақын орналасуы Сарайшықта қазба жұмыстарын қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді деген сенім ұялатады. Профессор Толстовтың Сарайшықты – Хорезм колониясы деп есептейтіні белгілі, өйткені оның анықтауынша оның ежелгі қабаты Хорезмдікі. Ал Марғұлан қазба жұмыстары қорытындысына сүйеніп, ежелгі қабатты печенегтер мұрасы деген тоқтамға келген. Мұның өзі ғылыми шындықты анықтау үшін қазба жұмыстарын жалғастыруды қажет етеді, дейді. Тарих ғылымдарының докторы Н.Я.Бернштам: «Мен Сарайшық орнында Алтын Орда заманындағы тұрақтың алдында тұрақ болды деген Марғұланның пікірімен келісемін» десе, тарих ғылымдарының докторы М.М.Дьяконов: «Марғұлан баяндамасы өте қызықты. Сарайшықтағы 1950 жылғы зерттеу жұмыстары үлкен болмаса да кейінгі жылдары қазба жұмыстары үлкен аумақты қамтуы қажет» деп ойларын қорытады(АоТӨМ Н.ҚОР №11453).
Секция отырысынан қолдау тапқан Ә.Марғұлан қазба қорытындыларын 1951 жылғы КСРО-дағы Бүкілодақтық археологиялық кеңеске шығарады. Бір ерекшелігі, ғалым баяндамасын 21 шағын тезиске бөліп баяндайды. Жаңадан топографиялық түсірілім жасалып, ежелгі қаланың орнын қазу барысында қала дамуының үш кезеңі анықталады: Моңғолға дейінгі (ХІ-ХІІІ ғғ.), Алтын Орда заманы (ХІІІ-ХІV ғғ.) және Қазақ-Ноғай заманы (ХҮ-ХVІ ғғ.). Ғалым осы арқылы Сарайшықтың бай тарихын, оның Қытай-Орталық Азия-Шығыс Еуропа аралығындағы аса маңызды керуен орталығы болғанын дәлелдеп, өзеннің оң жағасындағы қала орнының батыс шетінен керамика күйдіретін үлкен пешті ашады. Ол: «Қазба жұмыстарын жүргіздік. Жұмыстар қаланың солтүстік-батысындағы Жайық өзені жарқабағынан басталды. Нәтижесінде мол керамика мен тұрмыстық материалдар табылып, Сарайшықтың қолөнершілер аумағы анықталды» дей келе, қаланың моңғол шапқыншылығына дейін қалыптасқанын жария етеді. Ә.Марғұлан Сарайшық қирандыларының болашақ зерттелуін сол уақыттағы орасан зор құрылыс Сталинград каналымен байланыстырып, Қазақстан ғалымдарын жаңа ізденіске шақырады.
Сарайшықтағы археологиялық қазбадан табылған бас сүйектерді Ә.Марғұлан 1952 жылы антропологтарға табыстайды. 1955 жылы В.В.Гинзбург пен Т.А.Трофимов бас сүйектерді зерттеп, олардың моңғолдық нәсілге жататынын және Алтын Орда заманындағы Орта, Төменгі Еділ бойларынан табылған бас сүйектерге ұқсастығын анықтайды(Қасенов М. Академик Ә.Х.Марғұланның Сарайшықтағы зерттеулеруі // Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекетік университеті хабаршысы 2011, №4 (23), 8-13 бб.). Ал газетке жарияланған ғалым қолындағы сфероконус немесе сынапкөзенің қазіргі тарихы белгісіз. Саз балшықтан шарықта нәзік түрде әсем жасалып, жоғары температурада күйдірілген қыш сфероконусты ыдыстар немесе сынапкөзелер заманында сынапты тасымалдау үшін немесе жұпар судың ыдысы ретінде пайдаланылған екен. Осыған ұқсас оның өзге бір данасы бүгінде Сарайшықта сақталған.
Әлкей Марғұланның Сарайшықтағы қазба жұмыстарының нәтижелері бүгінге дейін толыққанды сараланбай келеді. Ғалымның Сарайшық қазбалары туралы кейінгі жарияланған археологтар мақалаларында да айтылмайды. Ә.Марғұлан экспедициясына қатысты қызықты ақпарат Атырау облысы тарихи өлкетану музейінің этнография және археология бөлімінің ғылыми қызметкері Қ.Құдабайдың 2008 жылғы 25 шілде –14 тамыздағы Сарайшық экспедициясы барысындағы күнделігінде сақталған. Қ.Құдабай археолог Василий Викторовичпен дидарласқан соң, «Содан кейін әңгімеміз Ә.Марғұланның Сарайшықтағы қазба жұмысы туралы болды. Ол кісі хандарға қатты қызығушылық білдірген екен. Сол кезде табылған жәдігерлердің әлі күнге дейін толық нұсқасы жоқ екендігін айтты. Сол кездегі саясаттың кесірі дейді ол» – деп жазып қояды. (АОТӨМ НҚ №19851). Археолог М.Қасеновтің анықтауынша, Ә.Х.Марғұланды қатты қызықтырған қала қорымындағы Қасым хан кесенесі болды. Ол кесене орнына қазба салып, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ол турасында 1913 жылы туған, кезінде Атырау облысында басшылық қызметте болған Шоқан Қаржауов: «1950 жылы Әлкей Марғұлан Сарайшықта қазба жұмысын жүргізгенде, Қасым ханның қабірін іздеді. Бірде Әлекеңдер жұмыс істеп жатқан жерге келсем, ол: «Мешіттің жанын қазып едік, наубайхана шықты, бұл қалай?» – деп, бізден сұрады. Сонда біз: «Ертеде мешіт жанынан наубайхананы қоса салатын болған. Себебі намаз жаназаға жиналғандарға таба наннан дәм таттыру дәстүрі болған» – деп жауап беріп едік, «Ә солай екен ғой», – деп Әлекең жауабымызға қанағат білдірді» деп айғақтайды (Тоқтабаев А. Сарайшық аққу көлі // «Егемен Қазақстан». –1998. 21 наурыз). Ел ішінде экспедиция соңында Ә.Марғұлан Алматыға қайтар жолда Қызылорда қаласында тұтқынға алынып, ауруханаға түскен дегенде әңгімелер бар. Ғалымның шәкірті М.Қадырбаевтың анықтауынша тұтқынға алынған соң Марғұлан үйі бульдозермен тегістелген екен. Ұстазына адал шәкірті оның мұрасын түнделетіп жинап, кейін өзіне табыстаған. Қайткенде де Сарайшық ғалым тағдырында терең ізін қалдырды. Біздіңше «ұлы орыс халқының тарихын ұлықтаған» кеңестік жүйе Ә.Марғұланның Сарайшықта жерленген Алтын Орда және Қазақ хандығы хандары мен Ноғайлы билерінің, соның ішінде Ер Едігенің тарихына ерекше мән беруін құптамағандай.
Сарайшықта болған ғұлама ғалым атыраулықтарға ерекше әсер қалдырған. Онымен қазба жұмыстары барысында кездесіп батасын алған М.Бердімұратов: «Сүйікті ұстазымның бірі – тарих пәнінің мұғалімі Жаролла Бисенғалиев ағайымның сабақ түсіндіруі, әсіресе, қазақ тарихына байланысты түсінік беруі тым бөлек-тұғын. Кейде ортағасырлық қалаларды атап, оның ішінде, Сарайшық Қасым ханның кезінде астана болған қала деп түсіндіргенде біз таңғалатынбыз. Бірде ол, «Көне Сарайшықтың тарихын зерттеу мақсатында, Жайықтың жағасында қазба жұмысы жүріп жатыр, оның басшысы атақты ғалым Әлкей Марғұлан деген ағаларың. Барып көрулеріңе болады, бірақ, бір заттарын шашып, бүлдіріп жүрмеңдер», – деп ескертті. Сол күннен бастап мен Жайық жағасында қазба жүргізіп жатқандардың қасына жиі барып, қолымнан келгенінше көмектесіп жүретінмін. Ауыл іргесінде қазба жұмыстарын жүргізуге келген ғалым Әлкей Марғұлан бірде маған келіп: – «Әй, бұйрабас, күндердің күнінде Сарайшықтың тарихына сен жауап беретін боласың» – деп, басымнан сыйпағаны есімде» деп еске алған болатын. Расында да ғұлама ғалым көреген екен. 1999 жылы 3 қыркүйекте «Хан Ордалы Сарайшық» музей қорығы ашылған кезеңде Молдаш ағамыз оның директорлығына бекітіліп, 2018 жылға дейін басқарады. Оның кабинетінің төрінде Әлкей Марғұланның суреті әлі де ілулі тұр.
Олай болса ғалым Әлкей Хақанұлының ізденіс іздері Сарайшықта сайрап жатыр. Ол әлі де зерттеушілерді, ел зиялыларын Сарайшыққа айрықша маңыз беруге шақырып тұрғандай.
Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры