Сырт пішіні кәдімгі Lamborghini көлігіне ұқсас техника бүгінгі таңда көптің қызығушылығын тудыруда. Өнертапқыш бұл көлікті құрастыруға тоғыз жыл уақыт жұмсаған екен. Қазіргі кезде жүруге жарап тұрған көлік тек құжаттары болмағандықтан ғана аулада тұр. Жас күнінен радиотехника мен электрониканы меңгерген Мея Тафиков аталған көліктің барлық бөлшегі қолдан жасалғанын айтады. Сонымен қатар зейнет жасына жақындағанда түрлі көліктерді құрастыруға құмартқан өнертапқыш өзі атау берген «Фидана» көлігінің сызбасынан бастап сырлауына дейін өзі жасап шыққан. Енді спорт көлігінің салонын сәндеу жұмыстары қалыпты.
Шулық өнертапқыш бұл көлікті әуелі ұшатын етіп жасағысы келген. «Оны жасауға да болатын еді. Бірақ оған көп қаражат кетеді. Әрі құжат жинауға қиналамын», дейді өзі. Барлық бөлшегі қолдан жасалған көліктің электроникасы мен моторына дейін жаңартылған. Сонымен қатар онға тарта көліктің бөлшектері бар екен.
Жалпы, Мея Тафиков көлік құрастырудың техникасын меңгеріп, құпиясын зерттеген адам. Бұлай дейтініміз, автокөлік шебері өткен ғасырдың жетпісінші жылдары алғаш рет өз көлігіне алыстан басқаратын пульт ойлап шығарған. Тіпті ол ауыл тұрғындарына баламалы энергия алатын генератор орнатумен де айналысқан. Алайда, өнертапқыш құжат жинауға құлықсыз екенін айтады. Енді тоғыз жыл бойы маңдай терін төгіп құрастырған көлігінің игілігін көруге тек осы құжат қана кедергі болып тұрған көрінеді. Әлі де қайраты қайтпаған Мея Тафиков үнемі ауылдастарын таңғалдырумен келеді. Өнертапқыштың әрбір жаңалығын ауылдастары да аңызға бергісіз әңгіме қылып айтады. Тек қана алға ұмтылып, жаңашылдықты көздейтін өнертапқыш болашақта спортқа арналған жүк көлігін жасауға ниетті екен.
Хамит Есаман,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы