Ашылу салтанатында сөз алған Білім жəне ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев: «Республикалық деңгейде өтіп жатқан роботтехника сайысы – біздің болашағымыз саналатын жастарға керемет мүмкіндік. Осындай іс-шараларда жаңа әрі креативті идеялар пайда болады. Алда осындай жобаларды дамыта берсек, бізден де Стив Джобс, Илон Маск сынды тұлғалар шығады», деді.
Ал «Google» компаниясы Лондондағы кеңсесінің инженері, Қызылорда «Білім-инновация» лицейінің және Назарбаев Университеттің түлегі Абзал Серековтың айтуынша, алғашқы жылдары бұл байқауға бір ғана санат бойынша 30-ға жуық топ қатысатын, қазір ол 7 санатқа, 100-ден астам топқа өскен. «Бүгінде бүкіл әлем әйелдер арасындағы роботтехникасын жақсы дамытуды қалайды. Қазақстанда мен мұндай санатты алғаш көріп тұрмын», дей келе балаларға болашақта үлкен компанияда жұмыс істеу үшін жарыстарға жиі қатысып, уақытты әлеуметтік желіге емес, білімге жұмсау керектігін айтты.
Биыл балалар 5 минут ішінде берілген 6 тапсырманы орындау, 1-2 килоға дейінгі роботты аренадан ығыстырып шығару, лабиринттің соңына дейін жылдам жету, роботтармен басқарылатын радиомашина құрастыру, қыздар арасында бағдарламалау және роботтар футболы санаттары бойынша сайысты. Ұйымдастырушы Бақтияр Тұрсынбайұлы аталған санаттардың бәрі халықаралық тәжірибеде жаңалыққа жатпайтындықтан, болашақта жаңа, өзгеше санаттар қосу ойда бар екенін жеткізді.
Аталған сайыстан үздік шыққан оқушылар «Infomatrix» халықаралық жарысына жолдама алса, 11-сынып жүлдегерлеріне Астана Халықаралық университетінің оқу гранты берілді. Аталған ЖОО вице-президенті Рақымбек Жолаев: «Елбасының бастамасымен құрылған халықаралық деңгейдегі университетімізге Астана қаласының әкімдігі 100 грант бөлді. Соның 30-ға жуығын осы сайысқа қатысушы 11-сынып оқушыларына тағайындаймыз», деді. Бес бағытта білім беретін ІТ мамандықтары бар университет республикадан іріктеліп келген оқушылардың бәрі осы салаға қабілетті екенін ескеріп, грантты барлығына бөліп-жармай беріп отырғанын жеткізді.
Ақтау қаласынан келіп, бақ сынаған «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Азамат Дүйсембаев өзі жеңімпаз бола алмаса да, сайыстың әділ өткенін айтады. Азаматтың өзі де өнертапқыш, роботтехникамен айналысу оған түрлі жаңа жүйелерді жасауға жәрдемдеседі. Мәселен, өнертапқыш қоқыс контейнеріне орнатылатын ақылды жүйені ойлап тапқан. Ол толған кезде автоматты түрде тазалық орталығына белгі береді, қақпағы жабық болады. Бұл ит пен мысықтың, табиғат апаттарының әсерінен қоқыстың шашылмауына септеседі. Ал 11-сынып оқушысы Мағжан Абдолла грант иеленгеніне, жаңа әрі интеллектуал достар тапқанына қуанады. Ол болашақта киберқауіпсіздік бағытында білім алуды жоспарлап отыр.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»