Қатысушылар олимпиадада өз білім деңгейін дәлелдей отырып, 300 грант пен жеңілдіктің бірін ұтып алу үшін сынға түсті. Айта кеткен жөн, бұл олимпиада - жастар жылы аясында білім іздеген жас талапкерлерге университет тарапынан ұсынылып отырған таптырмас мүмкіндік.
Биылғы олимпиада бесінші жыл өткізіліп отырғандықтан ауқымын да біраз кеңейтіп, республика аумағындағы ірі қалалар мен шалғай аудандарды да қамтыды. SPT олимпиадасына қатысуға жалпы саны 11160 оқушы өтініш білдірген. Оның 10535-і емтиxанға қатысуға рұқсат алып, 619-ы онлайн тіркелу барысында олимпиада шарттарына құжаттары сай келмегені үшін емтиханға жіберілмеген болатын. Ұйымдастырушылар келтіріп отырған статистикаға сәйкес, олимпиадаға қатысуға құлшынысы жоғары қалалардың ішінде Алматы (2170 оқушы) көш бастап тұр. Сондай-ақ, Шымкенттен 1243, Қызылордадан 847, Астанадан 791 және Ақтау қаласынан 752 талапкер қатысқан екен. Арнайы белгіленген 22 тест орталығына жиналған талапкерлер Физика, География, Химия-Биология, Ағылшын тілі, Әдебиет, Тарих пәндерінен тест тапсырды.
СДУ университетінің кампусы Алматы қаласы үшін Қазақстан бойынша ең үлкен SPT тест орталығы ретінде белгіленіп, мұнда тест тапсыруға келген 2170 талапкер және 300-ден астам ата-ана балаларын қолдауға жиналды. СДУ тарапынан ректор, декандар мен СДУ профессорларының қатысуымен ата-аналар мен олимпиада қатысушыларына мамандық таңдау, факульттермен танысу, бас сарапшылардан кәсіби кеңес алу, университет кампусы бойынша экскурсия, шеберлік сағаттары мен шет тілдерін үйрену бойынша іс-шаралар мен мәдени ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.
Қатысушылардың нәтижесі 10 наурыздан кейін университеттің ресми сайтында жарияланатын болады. Жеңімпаздар 4 оқу жылына жарамды гранттармен және жеңілдік сертификаттарымен марапатталады. SPT олимпиадасының сертификатын пайдалану үшін талапкер ҰБТ-дан небәрі 50 ұпай жинауы жеткілікті болып табылады.