Қысқы, күзгі және жазғы маусымға арналған бірыңғай киім жиынтығы арнайы тапсырыспен тіктірілген. Жылы және ыңғайлы қызметтік форманың бәріне аталған автопарктің логотип белгілері таңбаланған.
Жаңа киім үлгілерімен Қарағандыдан Абай, Шахтинск қалалары және Топар, Шахан елді мекендеріне қатынайтын автобус жүргізушілері де қамтамасыз етіледі.
Облыс басшылығының талап етуі бойынша №3 автопарк жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға ден қоя бастады. Автобус жүргізушілерін бірыңғай қызметтік киіммен қамтамасыз ету – бұл бағыттағы шаруалардың бірі ғана.
Таяу арадағы жоспарда электронды билеттеу мен жолаушыларды автоматты есептеу тәрізді цифрлық технологияларды қолдану, диспетчерлік жүйені енгізу бар. Сонымен қатар, облыс орталығында қажетті ақпарат көрсетілетін цифрлық таблосы бар «ақылды» аялдамалар орнатыла бастайды.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды