Кіл мықтылар жиналған жарыста күш сынасу құрметіне ие болу үшін әйелдер арасындағы еліміздің екінші ракеткасы Зарина Диасқа іріктеу сынына қатысуға тура келді. Екі ретінде де оның жолы АҚШ теннисшілерімен қиысты. Алғашында жерлесіміз Варвара Лепченконы 6:4, 7:5 есебімен ұтты. Одан кейін 2 сағат 03 минутқа созылған аса шиеленісті бәсекеде Николь Гиббстен айласын асырды – 7:6, 7:5.
Жарыстың негізгі бөлігіндегі алғашқы кезеңде Зарина Диас тағы бір америкалық теннисшімен кездеспек. Ол – Джессика Пеугла. 25 жастағы АҚШ ойыншысы қазіргі кезде әлемдік рейтингте 93 орында тұрса, қазақ қызы одан бір саты жоғары орналасқан.
Индиан-Уэльстегі турнирде Юлия Путинцева да бақ сынайды. Еліміздің бірінші ракеткасы өзінің тұсаукесер кездесуін ертең WTA тізімінде 102 орында тұрған венгриялық Тимя Бабошқа қарсы өткізеді.
Естеріңізге сала кетейік, айтулы жарыста Наоми Осака, Симона Халеп, Петра Квитова, Слоан Стивенс, Каролина Плишкова, Элина Свитолина, Кики Бертенс, Анжелика Кербер, Серена Уильямс сынды әлемдік рейтингтің көш басында келе жатқан теннисшілер де өнер көрсетеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»