Қазақстан • 06 Наурыз, 2019

Мәжіліс депутаттары инклюзивті білім беруге қатысты министр Б.Сапарбаевқа сауал жолдады

1646 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаттары Қ. Ержан мен А. Ералиев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаевқа инклюзивті білім беру жүйесіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаттары инклюзивті білім беруге қатысты министр Б.Сапарбаевқа сауал жолдады

Депутаттардың айтуынша, елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды инклюзивті тәсілмен оқытатын және арнаулы кәсіптік 29 техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары бар. Бұл оқу орындарының түрлі топтардағы мүгедек жандарды оқытуда шешуін талап ететін проблемалары бар. Оқушылар контингентінің медициналық нұсқауларына және мүмкіншіліктеріне қарай оқу орындарының қызметі бойынша ерекшеліктері бар екенін ескеру керек.

Олардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларды инклюзивті білім беру жүйесі бойынша оқытатын Алматы технология және флористика колледжі. 20 жыл ішінде колледж мыңдаған жұмысшы мамандарды дайындап шығарды.

«Аталған колледжді бітірген азаматтар жұмысқа тұру кезінде келесідей проблемалармен кезігеді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады. Тиісінше олардың еңбек қызметі туралы мәлімет БЖЗҚ базасында көрсетілмейді. Алайда жұмысқа тұру кезінде бұл тұлғаларға БЖЗҚ-нан анықтама ұсыну туралы жалпы талаптар қойылады», дейді билік өкілдері.  

Мәжіліс депутаттары Кентау қаласында орналасқан тіреу-қимылдау жүйесі бұзылған адамдарды оқытуға және медициналық айығуға мамандырылған «Арнаулы кәсіптік колледжі» ғимаратында лифтілердің жоқтығынан колледж жыл сайын оқуға құжат тапсыратын 200-240 талапкердің шамамен 40 пайызын құрайтын арбаға тартылған мүгедектерді оқуға қабылдаудан бастартатынын айтады.

Оқуға қабылданған тіреу-қимылдау жүйесі бұзылған студенттер колледждің жатақханасы ғимараттың екінші және үшінші қабаттарында орналасуына байланысты сабақтарға қатысу үшін күнделікті бірнеше рет баспалдақпен көтеріліп түсуі керек.

Колледжде арнайы көліктің болмауы оқушылардың жақын маңайда орналасқан түрік әлемінің кесенелеріне баруды айтпағанда, тікелей өндіріспен танысу үшін кәсіпорындарға бару мүмкіндігінен айырады.

Сонымен қатар, спортзал және спорт алаңының жоқтығы колледж оқушыларына олардың жағдайында аса маңызды толыққанды спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ.

Мәжіліс депутаттары аталған мәселелерді шешу үшін бірқатар ұсыныстарын білдірді:

  • Мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғаларға жұмысқа тұру кезінде  БЖЗҚ-нан анықтама ұсыну туралы жалпы талаптарды қоймауды.
  • Оқушылардың географиялық контингентін ескере «Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар «Арнаулы кәсіптік колледж» коммуналды мемлекеттік мекемесіне республикалық мекеме статусын бере отыра республикалық бюджеттің балансына беруді.
  • Мамандық алуға ынталы ерекше білім беруге қажеттіліктері бар тұлғалардың барынша қамту мақсатында «Арнаулы кәсіптік колледж» оқу және қосалқы бөлмелерін көбейту.
  • 2019 жылғы 1 қыркүйекке дейін аталған колледжді жүк-жолаушы лифтімен жабдықтау мүмкіндігін қарастыруды.             

Сауал соңында депутаттар «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды оқытатын мекемелерде жоғарыда аталғандай проблемаларын зерделей келе оларды шешу жолдарын қарастыруды сұраймын. Депутаттық сауалға жауапты «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес беруді сұраймын», деген.