Аймақтар • 06 Наурыз, 2019

Шымкенттік ана жастарды көпбалалы болудан қорықпауға шақырды

839 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында мереке қарсаңында Аналар кеңесінің басқосуы  өтті.  Мерекелік жиында он баланың анасы Гүлзада Әбуталипқызы жастарды көпбалалы болудан қорықпауға шақырды. Сондай-ақ 10-шы сәбиін өмірге әкелгеннен кейін мемлекеттік бағдарлама аясында 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізгендігін қуанышпен жеткізді.

Шымкенттік ана жастарды көпбалалы болудан қорықпауға шақырды

«Қара шаңырақта 26 жылдан астам уақыт ата-енеммен бірге тату-тәтті өмір сүріп келемін. Келін қайын ененің топырағынан жаралады деген қазақтың қасиетті сөзі бар. Енем де Алтын алқа иегері. Кезінде апамның жолын қуу мен үшін арман болатын. Міне, бүгінде сол арманым іске асқанына өте қуаныштымын! Дана халқымызда «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Жасым 43-те. Алланың қалауымен 10 сәбиімді өмірге әкелдім, Әр баламның өмірге келуімен қатар, біздің үйде үлкен қуаныштар орын алады. Балаларымның күлкісінен өмірге деген құштарлық аламын. Қазіргі таңда балаларымның алды студенттер, ал кішкентайларым Елбасының бастамасымен салынған Назарбаев зияткерлік мектебінде үздік оқып білім алуда. Әр бала өз несібесімен келеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама аясында 3 бөлмелі пәтерге қол жеткіздім», деп ағынан ақтарылды алтын құрсақ ана.

Мерекелік жиынға қалалық ассамблея хатшылығының қызметкерлері, Аналар кеңесінің мүшелері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен ардақты аналар қатысты. Басқосуда сөз алған қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Балхия Көмекбаева еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға қосқан үлесі үшін аналар қауымына алғыс айтты.

Жиын соңында қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов бір топ көпбалалы аналарға мерекелік сый-құрмет көрсетті.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент