«Жастар жылының» аясында ұйымдастырылып отырған концертте әулиеаталық әлеумет жас өнерпаздардың өнерін тамашалады. Қазақ ұлттық хореография академиясы Орталық Азиядағы толық циклді, көп деңгейлі кәсіптік хореографиялық білім беретін бірінші жоғары оқу орны болғандықтан, бұл кеште әрбір өнерпаздың би әлеміндегі өзіндік өрнегі сезіліп тұрды.
Сонымен қатар, концерт барысында Қазақ ұлттық хореография академиясының үздік қойылымдары да тараздық көрерменге ұсынылды. Классикалық, ұлттық үлгідегі шетелдік және отандық хореографтардың жұмысын аталған Академияның бастауыш және жоғары сынып оқушылары орындап, көпшілік көрерменнің көзайымына айналды. Қойылымдар арасында «100 жаңа есім – 2018» жобасының жеңімпазы атанған, Академияның аға оқытушысы Анвара Садықованың авторлық биі де болды. Енді Әулиеатадан басталған би сапары еліміздің оңтүстік аймақтарында жалғасады.
Хамит Есаман,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы